«Концепт» – лингвомәдени ерекшелікпен таңбаланған нақты бір этномәдениетінің тасымалдаушысын қалайда бір сипаттайтын семантикалық құрылым. Концепт этникалық дүниетанымды көрсете отырып, ғаламның тілдік бейнесін белгілейді де «тіршілік шаңырағын» (М.Хайдегтер бойынша) көтеруге арналған кірпіші болады. Сондай-ақ ол бүкіл адам көрсететін білім шоғыры іспеттес. Концепт сөздің мағынасынан тікелей туындамай, ол сөздің сөздік мәні мен адамның және жеке халықтың тәжірибесінің тоғысуының нәтижесі»[1;18].
Концепт – ұжымдық санадағы кодталған мәдени ен таңба. Әр социум өкілі, әр ұлт, әр тілдік тұлға дүние бейнесін өзінің ұлттық ерекшелігіне, жеке психикасына, мәдени деңгейіне, дүниетаным өрісіне қарай әрқалай қабылдайды. Дүние бейнесін, әлем «кейпін» танымдық аспектіде түсінгенде (сосын барып бейнелегенде) концеп қуаты барынша ашыла түседі. Концепт осы кезде «көмекке» келеді.
Концепт өзегіндегі актуалды мазмұн мен қосымша мәндердің объективтенуіне мүмкіндік беру – тіл тұтынушыдан үлкен білімді талап етері сөзсіз. Сондықтан концепт – сананың менталдық немесе психикалық қырын, адамның білімі мен тәжірибесін жеткізетін ақпарат мазмұнын түсіндіруге қызмет ететін категори деген тұжырымға келеміз[2;14-15].
Адам баласының сан ғасырлық іс-тәжірибиесінің барысында бір нәрсені, затты санауға қатысты туындаған қандай-да бір ұғым-түсініктер тілдік ұжымның өмірлік ұстанымына айналып, концептуалдық дүниеге көтерілді. Этностың ой-санасы, зерде-жадысында орныққан, салт-дәстүр жүйесінде бекіген мұндай түсініктерді тілдік этномәдени жүйе белгілі бір сан аясына жинақтайды. Тілдің ауқымды ойды жүйелеп, ықшамдап жеткізетін конструктивтік қызметімен тығыз байланысты жүзеге асатын бұл процесс барысында нақты сан атауына символдық мән дарытылып, сол сан негізінде жинақталған концептуалдық ұғымдар мен түсініктер кодқа түсіріледі. Қазақ этносының дәстүрлі-тұрмыстық мәдениетіне, дүниетанымына, өмірлік көзқарастарға қатысты сан арқылы кодқа түсірілген ұғым-түсініктер тұрақты теңеулер, фразеологизмдер, мақал – мәтелдер, жұмбақтар, нақыл сөздер, поэтикалық сөз-бейнелер т.б. этнолингвистикалық арналардың барлығынан табылады [3;16 б].
Бес саны қазақ үшін ең маңызды сан, ол қазағымыздың дәстүрінде жақсы дәріптелген. Оған дәлел бес жақсы, бес қанатты қазағымыздың киіз үйі, қазақ батырының бес қаруы және бес тас тағы басқалар. Атын атап – түсін түстейтін болсақ, бес жақсы – қазақ дәстүрі бойынша мал есебімен төленетін қалың малдың алғашқы тобы; 1. Тоғыз түйе, төрт құлынды бие, төрт құнан, төрт байтал, жеті тай не бір ту бие; 2. Нар, кілем, ат, қылыш, ең тәуір кілімдер. Қазақтың бес қанат үйі - бес керегеден құралған қазақ үйі. Бесқару (Ер қаруы – бес қару) – садақ, найза, қылыш, айбалта, сауыттардың жиынтығы. Бес тас – қазақтың ұлттық ойыны [4; 127]. Соған қоса қазақта жалпы мұсылман халқында бес жасқа келген баланы сүндетке отырғызар әлі күнге жалғасқан ата дәстүріміз де бар. Бұл жерде бес жасқа келген баланы сүндеттелуі де бекер емес. Бес жас ер баланың ес тыйып, ер жетер шағы. Қазақта: «Бесік баласы бесінде түлейді» деген мәлел соның дәлелі болса керек. Бұл мақалдың мән-мағынасын Ә.Қайдардың «Халық даналығы» кітабы бойынша ашар болсақ мағынасын айқын көруге болады. Бесіктегі бала бес рет түлейді – жас нәресте бесіктен шыққанға дейін талай өзгеріп, өсіп, толығып, түр-сипаты айқындалып отырады; әдетте, оның осылайша өзгеру кезінде: «мұрны әкесіне тартқан», «көзі әжесіне тартып кетіпті», «мінезі атасына ұқсас» деген ұқсату сөздерді ел көп айтады. Бұл нәрестенің туғаннан кейінгі күн санап түлеп өсуіне байланысты болатын заңды құбылыс; 2 ауыс. адамның бет-бейнесі, тұлға-тұрпаты, барша болмысы бірден, туысынан емес, туа келе, өсе келе, бесіктегі кезінің өзінде бес рет түлеу арқылы, одан кейінгі кезеңдерінде жетілу арқылы (ұл бала – 25-не дейін, қыз бала – 18-не дейін) қалыптасады дегенді аңғартып тұр[5;247 б].
Қазақ дәстүрінен сыр шерткен мақал–мәтел мен қазақ тілінің байлығын көрсеткен тұрақты сөз тіркесінен бес саны көрініс табады. Мысалы мақал–мәтелге байланысты: «Бес бала таппай белгілі әйел болмайды», «Бесік баласы бес түлейді», «Айдағаны бес ешкі, ысқырғаның жер жарар», «Біреуге бес күн алдын келсе, біреуге бес күн кейін келеді», «Бес бармақ жиналса, жұдырық болады», «Бес саусақ бірдей емес» және т.б.
Бес күндігін ойламаған әйелден без, бес жылдығын ойламаған еркектен без – әрбір адам өзінің ертеңгі жағдайын алдын ала ойлауға міндетті; сондықтан да болар, қазақтар арасында: алдағы күннің тіршілігін бес күн бұрын ойламаған әйелден, бес жыл бұрын ойламаған еркектен аулақ жүр, өйткені олар-бейғам, берекесіз адамдар деген ұғым қалыптасқан.
Бес қажет: жақсы әйел, жүйрік ат, ұшқыр тазы, түзу мылтық, адал дос – Жақайым Жетес би: кезінде «тентек» аталған Серделы Жаңабай ақын «тентек» деген аттан құтылудың жолын сұрай келгенде ол: «...Сен сияқты әлденеден қапалы болған ерлерді сабасына түсіріп, сабырын сақтайтын бес нәрсе бар...» деп (жоғарыдағыларды санамалап), «сен де солардың екеуі кем болып жүр, ол жақсы дос пен жақсы ат болатын, қолыңа соларды түсір» деп ақыл-кеңесін айтады. «Жігіт адамға қажет осы бес нәрсе туралы сөздің ел арасына тарауына себеп болса керек.
Бес саусақ бірдей емес – бір қолдың басындағы бес саусақ табиғатынан-ақ бірдей болмай, бірі ұзын, бірі қысқа, бірі жуан, бірі жіңішке болып жаратылуын ескертіп тұр. Оны жаратылысынан солай болған, өзгертуге болмайтын құбылыс деп түсіндіреді; 2 ауыс. дүниеде, болмыста қатар тұрған, қатар жүрген, қатар өскен адамдардың бәрі бірдей, бір текті, бір-біріне ұқсас бола бермейді; бұлар да, қолдың бес саусағындай, жаратылысынан әр түрлі, мінез-құлқы, ой-санасы, адалдығы, әділдігі т.б. қасиеттері сан алуан дегенді аңғартады[5, 247 б].
Тұрақты сөз тіркесіне байланысты: Бес батпан – а) әбден баттасқан, кір, салтақ; ә) өте ауыр, зілдей. Бес бересі, алты аласы жоқ - қарым - қатынасы, араласы жоқ. Бесенеден белгілі - ертеден, баяғыдан анық, айқын. Бес биенің сабасындай – толық, етжеңді әйел. Бес саусағындай біледі – әбден қанық, өте жетік. Бес тал – сирек, селдір[4, 127]. Бесаспап – қолынан келмейтіні жоқ шебер дейін тіркестердің ұлттық танымнан алар орны мен жөні тіптім бөлек.
Қазақ тарих сахнасында төрден орын алатын бес арысымыз А.Байтұрсыныв, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев. Бес жаратылыс Күн, ай, жұлдыз, күн мен түн. Бабамыз айтқан бес өсиет: «Топасқа сенбе; Жауға иілме; Әр қашан сақ жүр; Аш үйге қонба; Жарлыдан сый алма». Бес саусақ - бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек. А.Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі.
Бес асыл, бес дұшпан
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз...
Өсек, өтірік мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой –
Бес асыл іс көрсеңіз.
Бұлардың барлығы бес санының қасиетін арттыра түседі.
Сонымен қатар, бес саны қазақтың ұлттық танымында осы өмірдің, осы жалғанның символын білдіреді, қазақтың ғана емес исі мұсылманның парызының да символын білдіреді деуге де толықтай негіз бар. Бұған дәлел қазақ халқының бұл өмірді «бес күндік өмір» деуі. Осы бес күндік өмірдегі әрбір мұсылманның атқарар «бес парызының» болуы дәлел. Сол бес парыз Алладан басқа құдай жоқ Мұхаммед оның елшісі екенін мойындау, намаз оқу, ораза ұстау, қайыр садақа беру, қажыға бару. Бес парыздың ішіндегі намаздың да бес уақыт болуы да бұл негізді дәлелдей түседі. Бұны мұсылмандар «бес уақыт намаз» дейді. Біздің дүниедегі атқарар бес борышымызда бар олар: Аллаға, пайғамбарға байланысты борыш; Адамның өзіне байланысты борыш; Мемлекет пен халыққа борыш, Үй – іші жақындарға борыш (Мұхамбет пайғамбар); Адамгершілік әлеміне борыш.
Қазақ этносының мифтік-танымдық, тұрмыстық, шаруашылық, мәдени, діни, жаугершілік сияқты өмір тынысының көптеген қырына байланысты қғым-түсініктердің (бес аспап, бес анық, бес парыз, бес жақсы, бес қару т.б.) негізін құрайтын бес саны даналық қазынасында: «Аласыға алтау аз, бересіге бесеу көп», «Алдыңа бір қарасаң, артыңа бес қара», «Алпыс батпан көтерген кісі бес батпан қосқаннан қорықпайды», «Бестің басы болғанша, алтының аяғы бол», «Білмесіңді бес жасар баладан сұра», «Күніне бес рет балық асса да балықшы болдым демейді» т.б. мақал-мәтелдерінің жасалуына ұйытқы болады. Мақал-мәтелдегі сандар символикасы әр түрлі мақсатта танылып, ұлт мәдениетіндегі танымдық рөлі байқалады. Олардың компоненттік құрамдық және жалпы мағынасы бес санының аздық пен көптік ұғымды өз бойына қатар жинақтайтынын көрсетеді. Демек бес саны көнеден келе жатқан сандық жүйеде аздықтың шегі, көптіктің басталар тұсының белгісіне алынатыны байқалады[3, 18 б].
Қорыта айтқанда, бес саны қазақ ұлттық танымында осы өмірді, осы өмірде атқарар парызымыз бен міндеттерімізді, борышымыздың саны білдірген қасиетті сан. Бес парызымыз бен бес уақыт намазымызды атқарар өмірімізді де қазақтың бес күндік деуі де жәй ұқсастық емес.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Жұмағұлова Ж.Ж. Қазақ тіліндегі этноәлеуметтік атаулардың лингвомәдени сипаты. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы, 2006. 30 бет.
- Мұратова Г.Ә. Абайдың тілдік тұлғасы: дискурстық талдау мен концептуалды жүйесі. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы, 2009. 53 бет.
- Қасымова С.К. Сан компоненті мақал-мәтелдердің ұлттық-мәдени негізі. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Астана, 2010. – 27 бет.
- Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 б.
- Ә.Қайдар «Халық даналығы». – Алматы: ‟Тоғанай Т” баспасы, 2004. – 560 бет.