Көркем еңбек пәні біздің болашақ ұрпағымызға қазақ халқының өткен өмірін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық қол өнерін үйретеді. Әрине, осы ұғымның барлығын оқушылар негізгі пәндер: қазақстан тарихы мен қазақ әдеиетінен де алады. Бірақ, көркем еңбек пәнінен оқушылар жай ғана оқып,біліп қана қоймайды, осы тақырыптарды өту барысында шығармашылық жұмыстармен айналысып, өз қолдарымен бұйымды ұстап көріп, жасау арқылы өнерді сезінеді, түсінеді, қолөнерге деген қызығушылықтары оянады.
«Оқушыларды 1-сыныптан бастап, өзіміздің Қазақ халқының өткен өмірі мен болашағын дәріптейтін ұлттық қолөнер түрлерін қолына ұстап көріп, өз қолынан сол ұлттық заттарды жасай алатындай жағдай жасайтын осы көркем еңбек пәнімен сусындатсақ, болашақ ұрпақ өзінің Қазақ деген елдің жалғасы екенін мақтана айтып, салт-дәстүріміз бен ұлттық нақыштағы қол өнерімізді одан әрі яғни заманауй түрде дамытып, ізін суытпай жалғастырып отырады»- деп сеніммен айта аламын.
Көркем еңбек пәні баланы еркіндікке, сүйіспеншілікке, ұлтжандылыққа, қазақилыққа, тазалыққа, шығармашылдыққа, қарапайымдылыққа баулиды. Еңбекке үйретеді.
Бастауыш сыныптарда, яғни 1,2,3,4 сыныптарда сурет салғанға қызығатын, түрлі-түсті қағазбен аппликация жасауды, ермексазбен неше түрлі мүсіндер жасауды жақсы көретін балалар өте көп. Тіпті барлығы деп айтуға болады. Олар көркем еңбек пәнін асыға күтіп, мұғалім сыныпқа кіргенде шынайы қуаныштарын жасыра алмай, алақайлап қарсы алады. Ұстаз үшін бұдан асқан мәртебе бар ма...
Тіпіті, бастауыш сыныптарға арналған тапсырмаларды жылдам орындап қойып, «шеберханаларда қашан жұмыс жасаймыз» деп, қызығушылық танытып, сұрақтар қойып жататын да балалар бар. Бұл өте қуанарлық жәйт деп ойлаймын.
Болашақ ұрпағымыздың өзінің ұлттық, рухани құндылықтарын біліп, оны өз керегіне жаратып, әрі қарай дамытуына көркем еңбек пәні мен пән мұғалімдерінің тікелей көмегі тиетініне кәміл сенімдімін.
Бастауыш сыныпта көркем еңбек пәнін оқып, ұлттық салт-дәстүрімізді біліп, түсініп,сезініп шыққан бала орта буынға барған кезде сол түсінгенін,көргенін «өз қолыммен жасасам» деп қызығушылық танытатыны бәрімізге айдан анық.
Осы балаларымыз орта буынға өткеннен кейін көркем еңбек пәнінен ұлдар бөлек, қыздар бөлек топқа бөлініп оқиды.
Бұл дегеніміз... ұл балалар ер адамға керекті өнер түрлерімен атап айтқанда: ағаш жону арқылы небір қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын, ат әбзелдерін оның ішінде ертоқым, үй жиhаздарын тағы да басқа., темір күйдіру арқылы небір зергерлік бұйымдар мен күнделікті тұрмысқа керекті қолөнер заттарын., тіпті саз балшықтан, гипстен, ермексаздан небір ыдыстар мен естелік бұйымдар жасауды үйренсе, ал қыз балалар күнделікті тұрмысқа қажетті кесте тігу, тоқыма тоқу, құрақ құрау, кілем тоқу, киім пішіп тігу, жүнмен, моншақпен, биссермен жұмыс жасауды үйренеді.
Осы тұрғыда еліміздің әр мектебінде шәкірт тәрбиелеп, өз білімімен сусындатып жүрген, қолынан өнері тамған, қылқаламдары шыңдалған, жақсының алдын, көненің көзін көрген, небір атақты суретшілерден тәлім алған, қолдарынан өнердің нәрі тамған талантты ұстаздарымыз баршылық. Бұл біздің мақтанышымыз, байлығымыз!
«Нұр үстіне нұр» демекші, Халықаралық, Республикалық деңгейде өз шығармашылығымен бөлісіп, ұстаздар арасында тәжірибе алмасу мақсатында шеберлік сабақтар беріп, білгенін ортаға салып жатқан ұстаздарымыз қаншама. Осындай шеберлік сабақтардың арқасында білмегенімізді біліп, көрмегенімізді көріп бір марқайып қаламыз. Еліміздің дана ұстаздарына МЫҢ АЛҒЫС!!!
Үйренеріміз әлі де алда...
Ал болашақ ұрпағымыздың «Мен Қазақпын!» деп маңдайын кеңге салып, еркін тыныстауы біздің қолымызда!