Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1357

Баланың періште әлемі-тәрбиешінің бақыты

      Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, бала ғана еш нәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын қойып, өз құпияларын айтып сенім артады. Пәк көңілді балалармен жұмыс жасау қуаныш, шаттық сыйлайды. Олардың сенімі - әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен  айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан-тәнімен  сезіне білуі қажет.Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты. «Балалар әлемінің теңізіне"  бір бойласаң, ешқашан өз мамандығыңды өзгерткің келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін тәрбиешіде жылы жүрек, аялы алақан және тәрбиешіге  тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу сезімі болу керек екен. Оның адамшылық ар-ожданын, намысын,тұлғасын жасына қарамай сыйлау,құрмет тұту қажет.
      Француз ағартушысы,жазушы Жан-Жак Руссо  «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туды, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді» деген нақыл сөзі осы мектеп алды даярлық сыныбының балаларына арналғандай.
     Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта –жігері артары сөзсіз деп білемін. Әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастыру қажет деп есептеймін. Себебі бала рольде өзі ойнаса, сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Ол үшін тәрбиеші бойындағы асыл қасиет – ақыл-парасат болуы шарт. Баланың ішкі жан дүниесіне жол тартқан тәрбиеші ең нәзік те мөлдір. Сонымен қоса, ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Осы әлемнің ішінде, осы әлеммен қатар, үндесе өмір сүруі тиіс. Ол үшін сол мөлдір әлемнің айқыш-ұйқыш құбылыстары мен қағидаларын, заңдылықтары мен жұмбақтарын барынша тереңірек түсініп, парақтай алатын айқын да қуатты ақыл-парасат қажет. Адам жанын аялай отырып, түсінетін нәзік те әмбебап табиғи құрал керек. Баяғы Сократтың «Таным – бұл жақсылық» деген пәлсәпалық қағидасы дәл осы жерде тікелей мағынасына ие. Баланың жан дүниесін неғұрлым терең таныған сайын мұғалім оның тұлға ретінде жетілуіне де септігін тигізе алады.
         Оқу, жазу, санаудың берік дағдыларын қалыптастыру мақсатында мектеп алды оқушысын мектеп өміріне енгізудің өзі таңдаулы технология мен асқан шеберлікті талап етеді. Баланың мектепке келгенге дейін «Мен бәрін де мектептен үйренемін» – деген үмітін анықтау, бүкіл мектеп ұжымымен  ата-анасының, туған-туысының қатысуымен жүзеге асырылады.
        Баланың мектепке дайындығын балабақша мен мектептегі әдіс-тәсілдерді ұштастыру арқылы жүзеге асыру – басты  мақсатым.Ақыл-парасат жағынан да, сезім-түйсік жағынан да, мінез-құлық жағынан да, тұлға-тұрқы жағынан да, жалпы жаратылысынан адам баласы бірегей, дара.Сол бір «жауқазынның бүр жарғанындай» сырлы сәтті басынан өткізген тәрбиеші  бақытты.
 Балалар  - өмір гүлі. Ал, гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі.
       Қорытындылай келе, мектеп алды даярлық тобы тәрбиешісі ең озық педагог, психолог, ғалым және асқан дарын иесі болу керектігі бесенеден белгілі жайт.Бес жастағы бала зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдыру әр тәрбиешінің басты міндеті. Сондықтан бала жүрегіне жылылық ұялатып, қабілетімен дарынын ашу әр тәрбиешінің алдына қойылған ең басты міндеті екендігіне ешкімнің титтей де шүбәсі жоқ!

155 0
Жазира Каскырбаева, "С.Сауранбаев атындағы орта мектепке дейінгі КММ-нің мектеп алды даярлық мұғалімі Алматы облысы, Ұлы дала ұстазы № 001577
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: