Елбасымыз халқына жолдауында ең алдымен, «Білім беру мазмұнын жаңарту қазақстандық білім берудің үздік практикасын кіріктіруге бағытталған, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс» делінген. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озық жүруі тиіс, білім беруде оқушының жеке тұлғасына бағыттай оқыту тиімді болып табылмақ. Бүгінде рухани құндылықтар жаңарып, адамның зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы білімнің маңыздылығы туралы қағидалар түбегейлі өзгерді. Әлемдегі құндылықтардың өзгеруі жаңа ғасырға жас ұрпақты дайындау міндетімен байланысты. Біздің қоғамға жаңа мағлұматтарды қабылдап қана қоймай, оны ойлана отырып, сыни талқылап, ой елегінен өткізе білетін оқушылар керек [1].
Қазіргі таңда жаңартылған білім мазмұны өзгерістерге бейім, шығармашыл, көшбасшылық қабілеттері жоғары тұлға қалыптаструға негізделген. Қоғамда болып жатқан кез –келген өзгерістерге бей – жай қарамай, туындаған сұрақтарды қызығушылықпен шешуге тырысады. Жаңартылған бiлiм беру жүйесiнің басты мақсаты – өзгермелі қоғамда өмір сүруге икемді, өздігінен білім алуға, алған білімін өмірлік жағдаяттарға сәйкес қолдана білуге, шығармашылыққа бейім, бәсекеге қабілеті, жеке тұлғаны қалыптастыру, дамыту мен көшбасшылыққа тәрбиелеу болып табылады [2].
Жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде оқыту мен оқу тәжірибесіндегі жаңа әдіс - тәсілдердің тиімді жақтарын көрсетіп, оқушылардың алған білімдерін өмірде пайдалана білу, олардың функционалдық сауаттылығы мен танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал ету керек [3].
Жаңартылған білім беру мазмұнын сапалы және тиімді түрде жүзеге асыру мұғалімнің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Өмірбойы оқу, іздену, үйрену керек. Осы бағытпен өзімнің кәсіби өсу деңгейімді көтердім. Үнемі ізденіс үстінде болдым. Соның нәтижесінде өзім үйреніп қана қоймай іс – тәжірибемде қалай тиімді қолдануды қолға алдым. Жаңартылған білім беру мазмұны оқушыларға мағлұматтар мен идеяларды өз беттерімен, тәуелсіз меңгеріп, алған мәліметтері пайдалы болатындай ойлануына мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушылары жаңа идеяларды әр түрлі көзқараспен зерттеп, шынайылығы мен пайдасын талқылап, идеяның жалпы құндылығын анықтай алады [4].
Мұғалім, ең алдымен, оқушыда өзін-өзі дамыту қабілетін қалыптастыруға ат салысуы керек. Өйткені, бұл тұлғаны ұлттық және әлемдік мәдениетке үйлестіруге апаратын сара жол. Оқушы білімді дайын күйінде мұғалім түсіндірмесінен алмай, өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, оқу – танымдық үдерісінде «жаңалық» ашу, шығармашылық тапсырмаларды орындау негізінде үйренеді, дүниетанымы кеңейіп, өзіндік пікірі мен көзқарасы қалыптасады. Мұғалім тек білім көзі ретінде ғана емес, оқу – танымдық әрекеттерінің белсенді ұйымдастырушысы ретінде қызмет етуі тиіс. Жаңартылған білім мазмұнына сай қалыптастырушы бағалау – бұл тапсырмаларды орындау барысында оқушылардың білімді игергендіктеріне қалай көз жеткізгенін дәлелдейді [5].
Ол үшін сабақтағы қалыптастырушы бағалау атқаратын функциясы маңызды қызмет атқарады. Қалыптастырушы бағалаудың нәтижесінде алынған ақпараттың негізінде оқушылар оқу барысында өздерінің тапсырманы қаншалықты дұрыс орындағанын біле алады. Қалыптастырушы бағалау кезінде оқушы оқыту үдерісіне белсене араласып, одан қандай нәтиже күтілетінін түсінеді. Не білдім? Нені білмедім? Нені білгім келеді? Сабақты үнемі осындай кері байланыспен аяқтаған өте тиімді. Кері байланыс оқушының оқыту үрдісі қалай өткені және қандай нәтижеге қол жеткізгендігі туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланыс сабақтың соңында ғана емес, сабақ барысында оқушылардың өз бетімен орындайтын тапсырмаларының соңында жүргізіліп отыруы керек. Кері байланыс парағы арқылы оқушының үніне құлақ түріп, оқу мен оқытудағы кездесетін кедергілерді айқындап, келесі оқытуға бұдан да жақсырақ дайындалуына түрткі болады деп есептеймін [6].
Ал жиынтық бағалау белгілі бір бөлім, тарау бойынша алған білім деңгейін, оқушының сол тарау бойынша алған білімін дәлелдеу. Ендеше жаңартылған білім мазмұны оқушыларды шығармашылықпен жұмыс істеумен қатар, алған білімдерін өмірде қолдана біліп, биік жетістіктерге жетуіне ықпал етеді. Мен өз тәжірибемде оқыту мен оқу процесінде жаңартылған білім мазмұнының ерекшеліктерін сабақ барысында тиімді қолдан білдім. Ең бірінші интербелсенді әдісті сабақта жиі қолдандым.
1.СҰРАҚ
1.ЖАУАП
1.ИДЕЯ
Бүгінгі сабақта өткен тақырып бойынша қолдану.
«100 кітап» жобасында Қазақстан жазушыларының шығармаларынан оқу. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» тақырыбын оқу барысында үнсіз оқу, дауыстап оқу, кезекпен оқу, музыка әуенімен оқу, аудиодан тыңдау. Бұл жерде цифрлық сауаттылық жүзеге асады [7].
«Автор орындығы» Оқушының өзі жазған шығарма, эссесін оқытқанда отырғызып оқыту. Бұл әдістер қызығушылығын оятуда үй тапсырмасын сұрауда, ой толғаныс кезеңінде де қолданып отырдым.
Синквейн стратегиясы: Бес жолды өлең құрастыру:
Не? – Қоян
Қандай? – қорқақ, адал, кеміргіш, ақ, сұр.
Не істейді? – жауынан қорғанады, сәбіз жейді.
Қоян - бүркеніш рең.
Түйін сөз – Қоян - қорқақ аң. Осындай жұмыстар арқылы оқушының шығармашылығы, белсенділігі артты.
«Бір қадам артқа» әдісі алдыңғы сабақтағы кері байланыстан басталады. Әр сабақты осылай кері байланыстан бастау оқушылардың қателік жіберуге қорықпай, тәуекелге бару мәдениетін қолдау, оқушылардың ішкі уәжін сақтау және арттыру үшін жағымды кері байланыс ұсыну, оқушылардың өзіне беретін бағасын көтеріп, олардың алдағы уақытта нәтижені жетілдіре алатынына сенім ұялату болғандықтан сабақты осылай бастауды жөн деп санаймын [8].
Сабақтың басы «Ыстық алақан» әдісі арқылы оқушылардың арасында ынтымақтастық орта орнату. «Бес бармақ» әдісі арқылы 5 топқа бөлу. Бас бармақ, балаң үйрек, отан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек «Бас бармақ», «Ашық микрофон», «Жазбаша кері байланыс», «Пікір алмасу», «Қосу, алу, қызықты» әдістері арқылы бағалауды жиі қолданудамын.
«Серпілген сауал» әдісі арқылы тақырыптың түсіну деңгейін арттыруға және талқылау дағдыларын дамытуға қол жеткізу үшін сыныптағы оқушылардың арасында сұрақтарды лақтыру арқылы орындалатын тапсырма.
2 жұлдыз, 1 тілек. Оқушыларды бағалау үдерісінде оқушылардан екі жұлдыз қоюды және бір тілек айтуды сұраймын. Екі жұлдыз = жұмыс істеген кезде оларға ерекше ұнаған 2 зат Бір тілек = бұл жақсартуға болатын нәрсе. Жаңартылған білім беру мазмұнының ерекшелігі тиімді әдіс-тәсілдері, формативті бағалау түрлері және кері байланыс топтамаларын қолдану білім сапасының өсуіне зор ықпалын тигізеді [9].
Қорыта айтқанда, аталған бағдарламаға сәйкес алынған тәсілдерді сабақта тиімді қолданысқа енгізсеңіз, баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді. Оқушылар оқудың қызықты жеңіл өтетіндігін, ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға үйрететіндігін, білімнің тереңдігі, әрі тиянақтылығы артатындығын түсінеді. Оқушы өз ой-пікірін ашық еркін айтады, бір-бірін тыңдауға үйреніп, сыныпта ынтымақтастық атмосферасы қалыптасады. Жан-жақты дамыған, болашағы айқын, бағдары анық, бәсекеге қабілетті, рухани бай тұлға қалыптастыра алатынымызға сеніміміз мол [10].
Пайдаланған әдебиеттер
1.Қазақстан Республикасы жаңартылған білім берудің жалпыға міндетті стандарты. Нормативтік құжаттар, Астана 2016ж.
2. Қазақстан Республикасы 12 жылдық орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты. Нормативтік құжаттар, Астана 2016ж.
3.Райысов У. Сын тұрғысынан ойлау технологиясы. Бастауыш мектеп, 2016жыл.
5. С. Қожагелдиева, Н. Нұртазаева. Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқытудың тиімділігі. Бастауыш мектеп, 2017ж №4
6.Авторы: С.Мирсеитова Оқыту ізденіс ретінде Ізденіс оқыту ретінде оқушылардың сыни тұрғысынан ойлауын дамыту нысандары мен әдістері. Қарағанды 2014 жыл
7. С.С.Мирсеитова З. Қ. Кульбаева, Ана тілі сабағында «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясын қолданудың тиімділігі. Бастауыш сынып №7. 2013, 2 бет
8. Т.Д. Тағаева, «Сын тұрғысынан ойлау технологиясы әдістерін сабақтарда қолданудың тиімділігі», Бастауыш сынып №10. 2014, 7 бет
9. А.Отарбай «Оқытудың жаңа әдістерімен», Бастауыш мектеп №3. 2014, 27 бет
10. Л.А.Лебедева Бастауыш мектеп 2017 жыл