Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1349

Тәңірден тарту келер ұрпақтың алдында жүзіміз жарқын болуды жазсын

Еркіндік – адам баласына жаратқаннан нәсіп етілген сыйдың төресі. Қазақ халқының ықылым заманнан еркін халық екені талай тарихта жазылды. Өз болмысын биік таудың шыңын бағындырған барысқа, көк аспанда қалықтап ұшқан қыран құсқа ұқсатуы да тегін емес. Даналығы мен қайсарлығы өз алдына, жан азаттығы қай кезде де мен мұндалап тұратындай. Ата-бабамыздың бар қайсар-қайратымен елін, жерін қорғап, бостандығы үшін қанын төгіп, жанын пида етуі, қаншама тосыннан келген кесапатқа қарсы тұрып, көреалмаушылардың қақпанынан сытылып шыққаны, «доспын» деп жүріп, арқадан қанжар сұққандардың сұм соғысы мен саяси ойынының салдарынан жұтылып кетпеуіне де қазақтың табиғатынан азат болуы себеп болып отырған шығар. 

Бостандығымыздың бауы сөгілмесін деп қазақ халқы талай тар жолмен жүріп, тайғақты кешті. Жан бағып, жапа шекті. Ата-бабамыздың ұлы арманына айналған бейбітшілік пен тәуелсіздікке жету жолында бергеніміз бен жоғалтқанымыз көп. Егемендік алу үшін ғасырларды жалғаған күрес қаһармандарымыздан айырып қан қақсатса, зиялыларымызды жалмап тағы бір еңіретті. Білектің күшімен, найзаның ұшымен жаулап ала алмасын сезген соң, санамызды улап, есімізді есеңгірету үшін түрлі құйтырқылыққа барды. Сынақта да, сында даынтымақ деген ұлы құндылық қазақ жұртының басын біріктіріп, сөзін бір етті. Қазақтар жалғыз емес, көп боп бірігуінің арқасында қаншама сұмдыққа төзіп, сұрапылды еңсерді. Шыдас бермейтін нәубет жылдар мен қиын-қыстау кезеңдер халқымыздың шыдамдылығын шыңдап, рухын қайрады. Қайтпас қайсарлығымыз бен өр мінезіміздің арқасында ұлттық негізімізден ажырамай, қағылған қазығымыздан айырылмадық. 

Бабаның қанымен сіңген, ананың сүтімен дарыған асқақ рухтың жетелеуінің арқасында бүгінгі бейбіт таңды көріп, тыныш өмірді сүріп жатырмыз. Осыдан 30 жыл бұрын бодандықтың бұғауынан босап, егемен ел атанғанымыз бағымызды еселеді. Тәңір тарту еткен тәуелсіздігіміз биыл 30 жылдық белесін бағындырмақшы. 30 жыл ғасырдан астам ғұмыры бар кей мемлекеттер үшін қас қағым сәт болуы мүмкін. Әйтсе де, қазақ елі үшін бұл –асқаралы асу. Өйткені, өткен жылдар ішінде еліміз үшін маңызды шешімдер қабылданып, елеулі оқиғалар орын алды. 

30 жылдықтың бастапқы жылдарында еліміздегі билік жүйесі қалыптасты. Негізгі бағыт белгіленіп, ұлы мақсат айқындалды. Мемлекетіміздің басты нышандары туымыз, елтаңбамыз бекітіліп, әнұранымыз жарыққа шықты. Ұлттық валютамыз «теңге» айналымға енгізілді. Ел тыныштығын күзетіп, қауіпсіздікпен қамтамасыз ететін қарулы күштеріміз құрылып, айбынды Ата заңымыз заңды құжат ретінде қабылданды. Өзге мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатылып, шет мемлекеттерге қақпамыз ашылып, сара жол салынды. Еліміз дамыған мемлекеттермен тәжірибе алмасып, халықаралық аренада төбе көрсете бастады. Беделді ұйымдарға мүше болып, өркениетті қоғам құру жолында қол ұшын созуға кірісті. Жер жүзіндегі қазақтардың басын қосып, олардың атамекенге оралуына бар жағдай жасалды. Іргелес республикалармен келіссөздер жүргізілуінің нәтижесінде шекарамыз беки түсті. Нарықтық экономикаға көшіп, етек-жеңімізді жидық. Сапалы біліммен қамту үшін жастарға шекарадан өтіп, мұхит асып әлемнің озық елдерінде оқуға мүмкіндік берілді. Қоғамда болып жатқан түрлі күрмеулі мәселелерді шешіп, қауіп-қатердің алдын алуды үйрендік. Жаңа астанамыз салынып, мемлекет символына айналып үлгерді. Дамушы мемлекеттермен иық тірестіріп, озық елдердің қатарына қосылуды меже тұттық. Әр түрлі сала қарқынмен дамып, әлемдік стандарттар негізінде өркендеді. 2030, 2050 жылдарға арналған стратегиялық құжаттарымыз жасақталып, қызмет етер мүддеміз белгілі болды. Тарихымыз түгенделіп, рухани тұрғыда жаңғыруға ынта-ықыласымызбен кірістік.   

Өткен жылдардағы жеңісіміз бен жетістіктерге қол жеткізудің артында әр қазақ азаматының үлесі бар. Ал, ел еңсесін тіктеп, үмітін үкілеп, мерейін үстем етудің  көш басында елбасымыз тұрғаны жасырын емес. 

Қазақ халқының ырысын арттырып, несібесін молайтқан өткен 30 жылды мемлекетіміздің тамыры одан әрі тереңге бойлап, діңгегін қатайтқан алтын кезеңге балар едім. Ата-бабамыздың асқақ арманы мен дұға-тілегінің орындалғанына куә болған біз ұрпағы –бақыттымыз. Ашық аспан астында, бейбіт күнде шалқыған өмірді сүріп жатқан бүгінгі ұрпақтың бағы –бес елі. Азат ел – бар қазаққа аманат. Еркіндікті сақтау, ұлттық негізді жоғалтпау, бәсекеде есе жібермеу, өркениетті қоғам құру, озық атану – қазіргі әр қазақстандықтың мойнындағы мызғымас борышы. Елдігіміз барда әр қазақ жауапкершіліктен босатылмайды. Келер ұрпақтың алдында бүгінгі аға буын өкілдерінің жүздері жарқын болуды жазсын. Бірлігіміз мығым боп, ынтымағымыз тарқамасын! Еркіндіміздің ғұмыры мәңгі болғай!

129 0
Гулсим Умбетова, МКҚК «Арай бөбекжайы» Тәрбиеші Маңғыстау облысы ,Ұштаған ауылы Ұлы дала ұстазы № 001569
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: