Қазіргі таңда «психология», «психолог» деген сөздерге таң қалмайтын болдық. Себебі бұл терминдер трендке айналып барады. «Психологияның адам өмірінде алар орны қандай? Психологияның қоғамдағы құндылығы қандай? Психолог мамандарынан көмек алуды қалай түсінесіз?» деген өзекті сауалдар да көп туындауда. Осындай сауалдарға жауап алуымыз үшін «психология» терминіне, оның шығу тарихына тереңірек үңілуіміз қажет-ақ.
«Психология» терминін грек тілінен «жан туралы білім» деп аударуға болады. Себебі бұл адамға сыртқы факторлардың әсерін, оның мінез-құлқын талдау негізінде басқа адамдар арасындағы өзара әрекеттесуді зерттейтін ғылым. Сонымен қатар, психология адамның жеке өмірі туралы білім. Ал мен психология - өзіңді тану дер едім.
Енді психологияның қоғамдағы құндылығына тоқталайық. Психология негіздерін білудің маңызы зор десек те, бұл туралы көп көңіл қойып, ойламаймыз. Жалпы алғанда, біз қобалжуды, қайғыға берілуді бастан жиі өткіземіз. Лек-легімен тоқтаусыз келіп жатқан ақпаратты қабылдау, маңайдағы жандармен түсініспеудің арты жанжалға апарып соғатыны және тағы басқа да факторлар жүйкенің шаршауына апарып соғады. Шарасыз күйге түскенде. Адамдар психолог мамандарына жүгінеді. Себебі психология адам туралы маңызды ғылымдардың бірі болып табылады. Психология адамдарға өздерінің ішкі жағдайларын (күйзеліске ұрыну, ренжісу, тығырыққа тірелу, қиындық тудырған жағдайлар зардабы, т.б.) түсінуге жәрдемдеседі. Психология ілімі барлық қызмет салаларында көрініс табуда. Сол салалардың мамандық иелеріне өмірдің құндылығын түсіндіруге, өзінің қадір-қасиетін сақтауға, өздерін қоршаған айналасындағы адамдармен жылы, тиімді қарым-қатынас орнатуға көмегін тигізеді, яғни, психология қоғамымыздағы барлық кәсіптердің ажырамас бөлігі болып табылады.
Дегенмен де, бұл психология ілімінің бір ғана қыры. Сонымен қатар, психология – түрлі-түрлі әдістерге, құбылыстарға, тарауларға бөлінетін өте күрделі ілім. Әр адамда психологиялық жағынан сол оқиғаға дайын болу керек деген ойға әкелетін өз өмірінде бір оқиға болуы мүмкін. Соның бірі –теледидар мен интернеттің ролі. Жоғары ақпараттық технологиялар ғасырында өмір сүргеніміз жақсы әрине, бірақ адамдар әлі ақпараттар легін «фильтірлеуді», үлкен ақпарттар ағынына бейімделуге үйренуі қажет.
Психология, қарапайым сөзбен айтқанда, – адамның сана сезімі, ойлау қабілеті, жеке көз қарасы, өзі тіршілік жасап келе жатқан ортамен байланысы. Бұл ғылым жалпы адамның рухани ішкі жан дүниесін зерттей отырып, сол жан дүниенің есігін ашатын «кілтін» іздейді.
Осы «психология» деген ұғыммен мектеп қабырғасынан таныстыра бастамыз, (балалардан тест алып, тәрбие сағаттарын өткізіп). Мектептегі оқушылардың қабілеттілігін зерттеу, әр оқушының жеке тұлғалық ерекшеліктерін анықтау, жоспарда көрсетілген бағыттар бойынша жұмыстар тізбегін жүргізу – міне, психологтар қызметінің негізгі мақсаты осылар.
«Психология – өмірімде» деген пікірге тоқталсам: отбасы мүшелеріммен, әріптестеріммен, жалпы, маңайымдағы адамдармен қарым-қатынас кезінде психологиялық анализ жасап отырамын. Алдағы уақытта сол жандармен жылы қарым-қатынасты сақтап қалу үшін іштей зерттеулер жүргіземін (меніңше, адамдардың көбі солай істейтін сияқты). Әр адам өзінше ерекше тұлға болғандықтан оның психикасы да өзгеше болады. Сол тұлғалық ерекшеліктерді зерттеуге де психологияның көмегі керек болады.
Ал енді «психология – кәсібімде» тақырыбын қарастырайық. Адамның өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі – ол жоғарғы оқу орнын аяқтап, дипломын алып, қызметке орналасуы. Мамандықтар өте көп. Бірақ кейбір мамандықтардың жас маманға қоятын белгілі бір психологиялық-физиологиялық талаптары болады (бұл мамандыққа деген оның жарамдылығын тексеру). Әскери қызметті таңдаған жанның физикалық дайындығы тексерілсе, болашақ медицина қызметкері психометриялық тестілеуден өтуге міндетті.
XXI ғасыр адамдарының виртуалды әлеммен байланысы олардың психикасына зақым келтіруде. Бәрімізге белгілі жағдай виртуалды әлем – адамдардың компьютер ішінде өмір сүруі, яғни барлық қажеттіліктерін компьютер көмегімен қамтамасыз етуі және де компьютерлік ойындарды шын өмірмен байланыстыруы. Соның салдарынан адамдардың психологиясы бұзылады, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы нашарлайды. Психологтар жүргізген эксперименттер көрсеткендей, компьютерлік ойындарды ұзақ уақыт ойнайтын балалардың көбі қатігездікке бейім болады. Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау не алдын-алу мақсатында психологтар қажетті көмек көрсетуге әрдайым дайын.
Осы мысалдар арқылы психологияның адамның өмірде болатын түрлі жағдайларға қаншалықты дайындығын, бейімділігін тексерудегі қызметін көруге болады.
Шындығына келсек, әркімнің өмірі тек өз қолында. Психологтардың пікіріне құлақ түрсек, ойды өзгерткен жағдайда өміріңді өзгертуге болады. Ол үшін оймен, эмоционалдық жағдайлармен жұмыс жасау қажет. Қазіргі таңда интернет арқылы көпке танымал қазақ психологтарының блогтарын қарап, бейнесеминарларына жүгінуге болады. Бірақ қазақ ұлты өкілдерінде басқа жанмен ішкі күйзелісімен, басында болып жатқан жағдайларымен бөлісу деген көп кездесе қоймайды. Психологтар көмегіне де жүгіне қоймасы анық. Қиядан қисын, қиыннан жол табу, бұл бұрыннан келе жатқан шешендік сөзер, аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер, ұлы ғұламалардың өсиеттері, тәлім-тәрбиелік әңгімелер көмек бола алады. Бүгінгі психология, бұрынғы өсиет дер едім.
Сонымен, психологиялық тұрғыдан айтарым – ең бастысы, әр адам өзін-өзі жақсы түсінуге, мінез-құлқы, эмоционалды күйіне, санасының ашық болуына көңіл бөліп, бұл өмірде өмірдің мәнін тауып, өзінің де алар орнының ерекше екенін санасымен түсінуі өте маңызды.