Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1336

Қазақтың болашағы – қазақ тілінде

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ-ардың,
 Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.
 Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
 Нұрлы жұлдыз бабам тілі сен қалдың!

(М. Жұмабаев)

 

Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері, қазақ тілі өмір сүріп келеді.   Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ және болашақтағы қазақ. Тілдің ғұмыры уақыт тәрізді мәңгілік. Тіл – халықтың мәңгілік халық болып қалуының айғағы. Тіл — өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Ата Заңда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық та айқын жазылған.                                                                       Мемлекеттік тіл ел тұтастығының да ең басты кепілі. Ол еліміздің халқын біріктіретін, ортақ іске жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп сезіне де алмайды. Себебі, бір-бірінің тілін түсінбеген халықтың бір-бірінің ой-ниеттерін, мақсат-мүдделерін түсінуі де қиын. Егер ұлтты ұлт ретінде ұйытатын тіл десек түрлі халықтарды өзара топтастыратын да олар сөйлесетін, бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын тілдің ортақтығы.                       Қазақ тілінің бүгіні мен болашағы туралы жарық көрген мақалалар қатарында «бұл тіл от басы, ошақ қасында ғана пайдалануға жарайтын тіл, оны дамытамын деп әуреленудің қажеті жоқ »деген ащы пікірлер айтылған мақалалар да болды. Көптеген қазақ тілді басылымдар кезінде оларға қарсы да шықты. Дегенмен, ойланып қарасақ, осындай қатқыл пікірлер айтудың астарында не сыр жатыр деген күмән де қылаң береді. Бәлкім қазақ тілінің мүшкіл халге түсуіне себепкер өзіміз шығармыз Олай дейтініміз, әзірге тілді дамыту тұрғысында қолға алынып, атқарылған істерден гөрі қызыл сөздің басым екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Өзін ұлттың патриоты, тілдің жанашыры ретінде көрсеткісі келген кез келген адам «бәріміз де қазақ тілінде сөйлеуіміз керек» деп мінберден айқайлайды да, мінберден түскеннен кейін өз шаруасын күйттеп жайына кетеді. Мұндай көзқараспен тілді дамыту әрине, өте қиын. Ондаған жылдар бойы дауыс көтергенімізбен әлі күнге дейін нақты нәтиже шықпай жатуының бір себебі де сірә, осында болса керек.                                                                                                Қандай да болмасын тілді үйреніп-білу адамның бала кезінен қалыптасады. Олай болса жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісінің, яғни балабақша мен мектептің тіл үйретуде алатын орны орасан зор. Өзін тіл жанашырымын деп санайтын кез келген адам да әңгімені дәл осы мәселеден бастауы керек. Ол үшін бірінші кезекте оқулықтар сапасын жақсартып, одан кейін қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер біліктілігіне көңіл бөлу қажет.  Қазақ тілі – халқымыздың ана тілі. Адам баласы дүниеге келіп, есі кіре бастағаннан-ақ адамдық қасиеттерді қалыптастыратын әдептілікті, ізгілік пен ізеттілікке толы халықтың нұрлы, асыл сөздерін, тілдің жан тербетер әсер күшін ана тілінде ұғып үйренеді. Қазақ тілі – қазақ халқы үшін әдебиет, мәдениет, ғылым мен білім тілі, оқу-ағарту тілі, түрлі іс қағаздарының тілі. Қазақ тілі – өте бай көркем тілдердің бірі. Қазақ тілін оқып, дұрыс игеру –тіл мәдениетін меңгерудің жолы. Тіл мәдениеті тіл ұстартудың бір түрі. Қазақтың Қазақстаннан басқа жерде Отаны жоқ. Қазақ тілі Қазақстанда дамымаса қайда дамиды. Қазақ тілі Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар басқа туысқан республикаларда, сондай-ақ шетелдерде тұратын қазақтардың да ана тілі.                                                                                             «Тәрбие басы – тіл» деп Махмуд Қашқари бекер айтпаса керек. Кез келген қазақ топырағынан өсіп өнген әрбір азаматтың перзенттік парызы тілге деген құрметтен басталуы керек. Тілді білу, меңгеру отбасынан, балабақша мен мектептен бастау алуы қажет. Тілмен бірге дұрыс тәрбие берілуі тиіс. Әл Фараби бабамыз сонау заманда-ақ «Балаға бірінші тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – келешек оның өміріне опат әкеледі» деп айтып кеткен екен.                                                                  Мемлекеттік тіл – ұлттық болмысымыз бен руханиятымыздың, тәуелсіздігіміздің басты тірегі. Әрине, мемлекеттік тілді өркендету мәселесі бірінші кезекте ұлттық патриотизммен тығыз байланысты болуы керек. Өйткені, ұлт пен тіл егіз ұғым. Тіл қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамда ана сүтімен бірге еніп қалыптасады. Тіл байлығы – сөздік қор, әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға қалып отыратын баға жетпес мұра.                                                                             «Тіл дегеніміз қай халықтың болмасын, кешегі, бүгінгі ғана емес, ертеңгі де тағдыры», деп Б.Момышұлы бекер айтпаған. Қазақ тілі халық тарихымен бірге жасап, ұрпақтан ұрпаққа қатынас құралы ретінде қызмет етіп келеді. 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Қазақ тілі түркі тілдер тобына жататынын бәріміз білеміз. Түркі тілдерінің ішінде қазақ тіліне ең жақындары ноғай, қарақалпақ, татар, башқұрт, қарашай-балқар тілдері. Қазақ тілі – өркендеген мәдениеттің тілі, ғылыми тіл, ресми іс қағаздарының тілі. Сондықтан, мемлекеттік тілді өміршең тілге айналдыруымыз керек. Кез келген елдің даму деңгейі әлемдік жаңа технологияларды қолдану деңгейімен өлшенетіні белгілі. Көптеген елдерде компьютерлік бағдарламалар өз ана тілінде қамтылған. Жапонияда жапон тілі болса, Қытайда қытай тілі, т. с. с.                                                     Мемлекеттік тілді оқытудың түрлі тәсілдерін пайдаланып мұғалімдер шығармашылық қызметпен де айналысады. Тіл жанашырларын айтқанда мұғалімдерді айтпай кете алмайсың. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңы білім берудің ұлттық моделін дамыту бағытындағы мақсаттарды көздейді. Осы тұрғыдан білім беруді жаңашаландырып, оның жаңа жүйесін жасап, дәстүрлі жүйеден ерекше болуын қамтамасыз ету – басты парыз.                                                                                                                                         Қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан – жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдары қарастырылуда. Өзге ұлт аудиториясында қазақ тілін оқытудың басты мақсаттары – оқушылардың ақыл-ой қабілетінің даму деңгейін өсіру, дұрыс сөйлеу, білім деңгейін тереңдету және сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру. Сондықтан да қазақ тілін компьютерлендірудің оқушылардың оқуға деген қызығушылығына ықпалы болады. Компьютермен оқыту оқушылардың өз бетімен іздену жұмысының өте тиімді түрі. Мемлекеттік тілді компьютермен оқыту оқу жұмысының жоғары дәрежелі болуына жағдай жасайды., оқушының қазақ тілі пәні бойынша біліктілігі мен белсенділігін арттырады.                                                                                                                        Тіл үйренушілерге не айтса да, бұлжытпай орындайтын «отыр» десе, отырып, «тұр» десе тұратын, сабаққа кешіксе кінәлі болатын, өзінен төмен деңгейдегі «үйренуші» ғана деп қарау дұрыс емес. Оқытушы оларды өзімен тең тұлға деп қабылдауы қажет. Сабақ үстінде тіл үйренушіге қатысы да, қажеті де аз, олар өмірде қолданбайтын ақпараттардан гөрі олардың әрқайсысының жеке өмірі және қызметімен тығыз байланысты мәселелерді талқыласа, ол тіл үйренушілердің қызығушылықтарын арттырады. Компьютермен жұмыс істеу өте қызықты.                                                                 Қазақ тілін оқытумен байланысты сабақтардағы диафильмдерді, оқу кинофильмдерін, сондай-ақ сабақтағы фотоқұжаттарды сканер арқылы шешуге болады. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді бүгінгі дамыған техника тіліне айналдыру ең көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Болашақ мамандарды даярлау барысында оқытудың жаңа технологиясын барынша меңгертуге көп көңіл бөлу қажет. Жаңа технологияны пайдаланудың нәтижесі жоқ емес.                                                                                                  Қорыта келе тіл – қоғам өмірін ұйымдастырушы басты күш болуымен бірге, әлеуметтік және экономикалық өрлеу мен дамудың, халық пен қоғам өміріндегі өзгерістер мен жаңалықтардың айнасы. Тағы бір ойландыратын мәселе жастардың мәдениетті сөйлеуі. Мәдениетті сөйлеп, бір-бірімен қарым-қатынас жасау үшін бірден-бір көмек – кітап оқу. Ол үшін баланы балабақшадан бастап кітапты ұстап, құрметтеуге үйрету керек.Осы жерде орыс мектебінде оқитын, қазақ тілін білмейтін, білгісі келмейтін қазақ жастарымен қалай жұмыс істеу керек соны да айта кеткен жөн.   Ондайларды ешқандай күштеудің қажеті жоқ. Тек үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек. Алдымен ата-анасымен сөйлесіп, түсіндіріп, ата-анасы баласымен сөйлесетіндей жағдай жасау керек. Сонда ғана бір нәтиже шығуы мүмкін. Отбасында баланы туған күнінен бастап өз ана тілінде неге тәрбиелемеске?    Менің ойымша бұл қателерді болдырмау үшін, ең алдымен білікті мамандар қажет. Қандай болмасын аударманы жарыққа шықпас бұрын, маманға аудартып, оны белгілі бір құзырлы органға бекіттіріп барып шығаратындай тәртіп орнатылуы керек. Аударманы кім көрінгенге тапсыруға болмайды. Ғаламтордағы қазақша ақпараттардың сапалы болуы да осылай, білікті мамандар арқылы шешілуі керек. Тіл жанашырлары осы істердің жүзеге асуына атсалысса ана тіліміздің өрге басарына еш күмән жоқ.

 

392 0
Қожағұлов Мақсат Аййнабұлақ негізгі орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұлы Дала Ұстазы № 002015
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: