Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1309

Тәуелсіз елдің ұстазы

Тәуелсіздік – бәрінен қымбат». Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Тоқаевтың тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында жарық көрген көлемді мақаласының осылай аталуы тегін емес. Шынымен де, Тәуелсіздік ­– біз үшін ең құнды, ең қымбат. Солай болуы да керек. Себебі сан ғасыр бойы ата-бабамыз армандап өткен Тәуелсіз елде өмір сүру бақыты бізге бұйырып тұр.

Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-байтақ жерді мекендеген қазақ халқы қашанда ат жалында, түйенің қомында жүріп, жауына ұлтарақтай жерін бермей, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осынау кең даланы бізге аманаттап кетті. Қазақ даласына көз тігушілер қай заманда да болды. Сонау заманғы тілегін тасқа басқан Күлтегін мен Тоныкөктен, Тұмар патшадан бастап, қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектің, үш жүздің басын қосқан Абылайдың, өмірінің соңына дейін бодандықтың қыл бұрауын халқымның мойнына салғызбаймын деп күреспен өткен хан Кененің, кешегі желтоқсаншы жастарына дейін барлығының арманы сол Тәуелсіздік еді.

Тәуелсіздік алу бар да, оны сақтап қалу бар. Қазіргі таңда біз – жастар үшін Тәуелсіздік міндетті түрде болуы керек қағида секілді. Лайым, солай болсын. Дегенмен әлем елдерінің тарихына үңілсек, тыныштық пен тәуелсіздік мұң болып отырған әлі де қаншама халық бар.

Күні кеше Ауған елінде билік бір-ақ аптада ауысып, жылы болмаса да (бірнеше ондаған жыл қатарынан соғыстан көз ашпай келе жетқан жерді жылы деуге келмес), ата-бабасы мекен еткен жерден үдере көшкен, шарасыздықтан ішінде ине шаншыр жер жоқ ұшақтың қанатына жармасқан халықты көріп, ұзақ ойландым. Тәубеме келдім, Алтай мен Атырауға дейінгі атырапты мұраға қалдырған ата-бабама алғыс сезімде болдым. Сан ғасыр арман болған тәуелсіздікке қол жеткізіп қана қоймай, төрткүл дүниеде Қазақстан деген ел бар екенін естіртіп, мойындатып жүрген ел басындағы тұлғаларымызға ризашылығымды білдірдім. Отыз жыл бойы ел іргесін ыдыратпай, елімізді мекендеген 130-дан астам ұлт өкілінің басын бір шаңырақ астында достық қатынаста біріктіре алған Елбасыға рақмет айттым. Мемлекет басшысының сара жолымен дамудың жаңа сатысына қадам басып келе жатқан халықтың қызы екеніме шүкіршілік еттім.

Иә, біз тәуелсіздікті қадірлеуіміз керек, аялап, көзіміздің қарашығындай қорғауға тиіспіз. «Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік? », «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз? », «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз? » деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет», - деген Президентіміздің сөзін еске алсақ, ел болашағы – балалардың тәлім-тәрбиесіне жауапты маман ретінде мені де бұл сұрақтар мазалайтыны анық. Себебі қай елдің болса да дамуы, жарқын болашағы оның экономикасының барлық саласының бірдей дамуымен байланысты болмақ. Басқаша айтсақ, елдің ел болып қалыптасуы, ертеңінің жарқын болуы үшін маңызды емес дейтін сала жоқ. Яғни, ел экономикасының барлық саласы бірдей даму арқылы халықтың әл-ахуалын арттыруға, Отанымызды гүлдендіруге атсалысады. Сондықтан да әр адам өзі таңдаған кәсіптің нағыз маманы бола алса, елінің гүлденуі үшін істеген ең маңызды ісі сол болмақ.

Ел болашағын жарқын ету үшін дәл қазір бізден талап етілетін бір нәрсе – білімді болу және сол білімді басқаларына бере алу. Иә, ХХІ ғасыр – білектінің емес, білімдінің ғасыры. Күн сайын өзгеріп жатқан ғаламда, жиі өзгеріске түсіп жатқан ғылымды меңгеріп, бірнеше тілді үйреніп, өз саламыздың нағыз маманы бола алсақ, тәуелсіздікке қосқан үлесіміз деп білемін. Себебі ендігі жерде бір елді әлемдік аренада таныту, мойындату біліммен ғана мүмкін деп ойлаймын. Сондықтан да барлық қатарластарымды үнемі ізденіс үстінде болуға, таңдаған мамандықтары бойынша білікті маман атануға ұмтылуға шақырамын.

Мәселен, мен өз салам бойынша білікті маман атанып, оқу жылдарында, одан кейін де өзімнің алған білімім мен тәжірибемді жас буынға берсем деймін. Ол үшін алдымдағы әр баланың жан-жақты дамыған, өз елінің патриоты, заманының озық ойлы, қабілетті адамы болып қалыптасуы жолында барымды саламын. Себебі мектепке дейінгі білім беру мекемесіндегі білім мен тәрбиенің адам өмірінде алатын маңызы өте зор. Балалардың тәрбиесінің іргетасы отбасында қаланса, одан арғы басқыштары мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде қалыптасады.

Мемлекетімізде менің салам бойынша да жасалып жатқан жұмыстар ұшан-теңіз. Елімізде жыл сайын артып келе жатқан бала санының өзі мамандығымның маңызын аша түседі. Менің азамат ретінде елімнің гүлденуіне қосар үлесім де осы жерде айқындалады. Ұстаздық етіп, сауатты, білімді ұрпақты тәрбиелеуге үлес қоссам, тәрбиеші ретінде балалардың жан-жақты дамуына ықпал етсем – менің маман ретіндегі Отан алдындағы борышымның орындалғаны.

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтсам, «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай, һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп ойлаймын.

156 0
ЖАННУР ТУЙЕШИЕВА, Алпамыс балабақшасы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылы Ұлы дала ұстазы № 001963
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: