Тәрбиелеп отырған жас ұрпақтарымыз еліміздің ертеңгі өмірінде білімді, білікті азамат, саналы қайраткер болып қалыптасу үшін, өмірден жол таба білу үшін, дұрыс ой түйіп, өздігінен саналы шешім қабылдай білуге үйренуі қажет. Осы мәселені шешу үшін оқыту мазмұнында әдіс-тәсілдердің де озығын пайдалану керек деп ойлаймыз.
Сыни тұрғыдан ойлау-бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бақылауға, талқылауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. Ол болашақта әрекет жасауға негіз бола алады. Сыни тұрғыдан ойлау көбінесе қарсы пікір айтуға, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекетімізге жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді.
Бағдарламаның өн бойында екі мағынада қарастырады: оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту және мұғалімнің сыни тұрғыдан ойлауын дамыту. Оқушы өз пікірінде қалып, қорғай білу, айтылған сынды көтеріп, қатесін түсіне білу керек. Сыни тұрғыдан ойланта оқыту оқушылар бойында сенімділік пен өз көзқарастарын қалыптастыру, өзгенің пікірімен санасу қасиеттерін қалыптастырады.
Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін мына шараларды орындауы шарт:
- Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін уақыт керек.
- Оқушыларға ойланып-толғануға, ойын ашық айтуға рұқсат беру.
- Әр түрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау.
- Үйрену барысында оқушылардың белсенді іс-әрекетін қолдау.
- Кейбір оқушылардың бір-бірінің жауабына жасаған сынының дәлелді, дәйекті болуын талап ету.
- Сын тұрғысынан ойлауды бағалау.
Ал оқушыларға байланысты:
- сенімділікпен жұмыс жасау:
- бар ынтасымен оқуға берілу;
- пікірлерді таңдау, құрметтеу;
- өз пікірін ашық білдіруді талап ету қажет;
Тек сонда ғана олар:
- мен осы мәселе туралы не ойлаймын?
- Осы мазмұннан ақпарат менің бұрынғы білетініме сәйкес пе?
- Маған бұл жаңа ойлар қаншалықты әсер етті? деген сауалдар төңірегінде ойлауға үйренеді.
Дүниетану сабағында «Астана» мәтінін оқыту барысында сыни тұрғыдан ойлауға байланысты бірнеше сұрақтар бердім. Үй тапсырмасын тексеру барысында «Еліміздің табиғаты неліктен алуан түрлі деп ойлайсың? », «Елімізде қандай пайдалы қазбалар түрлері кездеседі? », бейнеклип көрсету барысында мынадай сұрақтар қойылды: «Қалай ойлайсыздар Астана қандай қала? », «Не себепті Астана қаласының тұрғындары бақытты? » т. б. сұрақтар қойылды. Барлық оқушылардың жауаптары бірдей болды.
Әрине, әр сабаққа дайындық керек, оқушыларға шығармашылық бағыт- бағдар бере отырып, үздіксіз іс-әрекетке жетеледім. Бұл бағдарламаны оқып, үйреніп оны өз жұмысымда қолданып мұғалімдік кәсіптің қыр-сырына тереңдей түстім. Бағдарлама стратегиялары оқушылардың бірін-бірі тыңдап, құрметтеуіне үйретті. Қуанышпен айта кететін жайт, бұрын үндемей отыратын балардың сабаққа қызу араласуы. Сабақтарды ерекше, жаңа технологиямен өтуі оларға еркін сөйлеп, ойларын ашық жеткізуге, сыншыл көзқарас байқатуларына мүмкіншілік туғызғандай. Бүгінгі мектепке де, қоғамға да керегі осындай балалар.
Міне, бұл технологияда оқушы өз топшылауын, өз пайымын еркін білдіреді, өзіндік дәлелдер келтіреді, басқалардың ой түйіндерін сынайды. Оқыту әдістерін жетілдіруге, дамытуға олардың тиімділігін арттыруға көмектеседі. Шәкірттердің сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытуға арналған оқытудың әдіс-тәсілдері білім алушыға құбылыстардың себептерін толық ұсынуға, ережелер мен заңдылықтардың сырларын терең түсінуге, олардың ғылыми білімдегі орнын аңғаруға қолайлы жағдаяттар жасайды. Мұндай әдістер табиғатынан тұйық, өз ойын тәптіштеп түсіндіруге шалағай, өздеріне сенімсіздеу, түйін жасауға жасқаншақтық байқататын оқушыларға пайдасы ұшан теңіз екеніне көзім жетті.
Қорыта айтқанда, педагогикалық жаңа технологиялардың барлығы жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына, өздігінен шығармашылықпен жұмыс істей білу қабілетін және біліктері мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған алға қойған мақсатқа жетудің тиімділігін, нәтижелілігін қамтамасыз етуді көздейтін, берілген материалды жедел әрі сапалы меңгертуге бағытталған.
Сыни тұрғыдан ойлауға оқыту арқылы оқушылардың сабақ барысында өсуі және өзін-өзі іске асыруда сабақты тапсырмалардың көптігі маңызды емес қызықты етіп өмірмен байланыстырып, жоспар құруға ұсыныс тастар едім.