Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1197

Күз-мереке, Күз-береке!

Мақсаты: Оқушыларға күз туралы түсініктерін молайту,жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін байқату;күз айларын атай білуге үйрету.  Сөз қорларын байытып, ойлау, есте сақтау қабілеттерін арттыру. Табиғатты аялауға,әсемдікті көре білуге, сезіне білуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: интерактивті тақта, күз мезгіліне   байланысты салынған суреттер, жеміс пен көкөніс суреттері, даналық сөздер,жапырақтар және музыкалық аспаптар.

Сабақтың әдістері: көрсету, тақпақтар, ойындар, сұрақ – жауап. 

Сабақтың барысы

І. Ұйымдастыру кезеңі. Сәлемдесу. 

Білер қазақ баласы. 

« Сәлем – сөздің анасы» 

Алдымыздан кезіккен,

Көп танысты көреміз,

 Бәріне де ізетпен

 Біздер сәлем береміз.

ІІ. Тақырыпты тану: «Көңілді тақпақтар!»

Ой қозғау:  Ребус шешу «Күз-мереке, күз-береке» сөзі.

Мұғалім:  Ендеше, балалар, қазір күз мезгілі болғандықтан бүгінгі тәрбие сағатымыз да не туралы болмақ. Дұрыс күз туралы.   Табиғат-күллі тіршілік атаулының құтты қонысы, алтын ұя бесігі, құт берекесі. Осы табиғаттың төрт мезгілінің ерекшелігі мен есте қалатыны қазан айы. Айнала сары түске боялып, сары алтындай жалтырап көздің жауын алары сөзсіз.

 

Не қасиет бар дейсің, осы күзде-

Деп айтқаны әркімнің есімізде.

Ет майымен тоқашын қолтықтап ап,

Байлық, ырыс әкелген осы бізге.

Талай-талай басынан таңды асыра,

Алтын дәнін тиеп ап арбасына

Қараңыз өзі бастап кеткен жоқпа,

Отанның берекелі қамбасына

- деп ақын ағамыз Мұқағали Мақатаев жырлағандай бүгінгі тәрбие сағатымызда «Күз мереке, Күз-береке» атты  күздің кереметі туралы болмақ. Міне,сары алтындай күзіміздің қуанышты бір күні.Күз айы ерекше берекелі,мерекелі ай. Әрбір үйдің дастарханын дәмге,еліміздің қоймасын дәнге толтыратын Алтын да,жомарт күзімізді  ортамызға шақырайық. (Оқушылар қолдарына вазаға салынған жемістерін ұстап ортаға келеді)

Күз келеді: Саламатсыңдар ма балалар!

Балалар (хормен): 

Армысың аяулы күз, алтын күз

Жайдары күз, жарқын күз!

 

Егін –теріп жиналып

Қамбаларға толады.

Әр көңілге нұр дарып

Әр үйде той болады.

 

Жылы жаққа бағыт ап

Құстар көкке ұшады.

Сары жапырақ қалықтап

Жердің төсін құшады.

Айтыңдаршы, балалар

Бұл қай кезде болады ?

Балалар хормен: Күзде!

Алтын күз: Балалар бір жылда неше мезгіл бар?  Күз айларын кім айтады?Дұрыс балалар енді сол айлар туралы тақпақ білеміз бе?

Қыркүйек: Бірінші қыркүйек,

                      Білімге бастады.

                      Балалар жүр билеп,

                      Құс шарлап аспанды.

Қазан: Жаңартқан ғаламды,

            Жаңбырлы ғажап ай.

            Осынау заманды,

              Орнатқан қазан ай.

Қараша: Мол байлық тергені,

                 Шаттығы қаншалық.

                 Қарашы, өрледі,

                 Қараша ән салып.

Мұғалім: Осындай дәулеті  асқан еліміздің алқабы астыққа толы болса, нан да,ән де болары сөзсіз. Осы балалар дәнді-дақылдарға нелер жатады? /Арпа, бидай, күріш,жүгері/ Дұрыс балалар,көкөніске, жемістерге нелер жатады?Олай болса, Алтын күзіміздің кереметтеріне куә болайық.

Алма:  Күздік апорт алмамыз,

             Күннен қуат алғанбыз.

             Жұмыр жерден нәр жиып,

             Жұлдыздай боп жанғанбыз.

 

  Шие : Мен шиемін,шиемін,

             Күннің көзін сүйемін.

             Қышқыл шырын менде бар,

             Төмен басты иемін.

Қияр : Көктеп ерте өрмелеп,

            Өсемін мен бүр жарып.

            Атым қияр, теріп ал,

             Жиі-жиі суғарып.

Өрік:  Бақта өскен сәні бар,

            Гүлі майда көрікті.

            Жемісі бар дәмі бал

           Жақсы көрем өрікті.

Асқабақ:  Асқабақтың дәмі,

                  Таңдайымда әлі.

                  Кептірілген дәні,

                 Таптырмайтын дәрі.

Қызанақ: Қып-қызыл боп қалғанда,

                   Ауызыңа салғанда.

                   Не жетеді шіркін-ай,

                   Қызанаққа жалғанда.

Қарбыз:   Күннің нұрлы шуағы,

                   Шұғыла боп шылады.

                   Шөлің әбден қанады,

                   Көзің шамдай жанады.

                   Тамылжыған шырыны,

                  Таңдайымда қалады.

Арпа:Күрт-күрт шайнап арпаны,

          Торы ат тауға тартады.

          Арпа көже тоқ екен,

          Одан дәмді ас жоқ екен.

Ойын: Шарты: Ағашта өсетін жемістерді атағанда қол шапалақтайды. Жерде өсетін көкөністерді атағанда аяқ топылдатады.

Ағашта өсетін жемістер:  алма, алмұрт, өрік, шие, банан, анар.

Жерде өсетін көкөністер: картоп, қияр, жуа, сәбіз, қызанақ, қызылша.

ІІІ. Ой толғаныс: Жұмбақтарды шешеміз.

Мұғалім: Алтын күз балалар жеміс пен көкөністер, дақылдар  туралы жақсы біледі екен. Сіздің себетіңізде   жапырақтарыңыз бар секілді,олар тапсырмалар болар бәлкім?

Алтын күз: -Әрине, Жұмбақ жасырайын деп едім.

 

1.  Жеп көріп ем өзін мен,

   Жас шығарады көзімнен. /пияз/

 

2. Бүрі, бүрі, бүрі бар,

    Күн келбетті түрі бар.   /Күнбағыс/

 

3. Піспеген де сырты қара,өзі қатты,

    Ал, піскенде ерекше дәмі тәтті.   /картоп/

 

4.Жерге қазық қақтым,

   Басына айдар тақтым.   /Сәбіз/

 

5. Шамға ұқсаған келісті,

Сопақша бір жемісті.

Татып едім, дәмі бал,

Білгіш болсаң, тауып ал.     /Алмұрт/

 

6. Үлкендігі алмадай,

Сырты жанған қызыл от.

Ішін жарып қарасаң,

Майда-майда қызыл шоқ.  /Анар/

 

Ән: «Күз тамаша»

Мұғалім: Енді, балалар көкөністер мен жеміс- жидектердің пайдасы туралы айтайық.

1-бала.

Құлпынай көздің көргіштігін жақсартады.Сондықтан құлпынайды жеген адамның көру қабілеті жоғарылайды.

2- бала.

Қауын құрамында қант көп.Ол бүйрек,асқазан ауруларына ем. Беттегі безеуді,сепкілдерді кетіруге көмектеседі.

 3-бала.

Өрікті Шығыстың ұлы дәрігері Әбу Әли Ибн Сина оның құрамында йод көп болғандықтан қан қысымы, жемсау ауруларын емдеуге қайнатпасын пайдаланған.

4-бала.

Бананда С, В,  дәрумендері көп. Тістің түбін бекітеді. Сүйектің қисаюына мүмкіндік бермейді.

5-бала.

Пияз тамаққа ерекше дәм береді. Жұқпалы аурулардың микробын өлтіреді. Сарымсақ пен жуа өкпеге салқын тигенде,жөтелгенде емге қолданылады.

6-бала.Аскөк өт жолын,бүйректі тазалайды.Ағзадағы зат алмасуға көмектеседі.

 

7-бала.Қарбыз құрамында Ғе көп. Қан көбейтеді. Бүйрек,бауырдың жұмысына көмектеседі. Дәндерінен май алынады. Ішек құртын емдеп,қан тоқтатады.

Мұғалім: Жемістер мен көкөністердің емдік қасиеттерімен  таныстық. Осы көкөністеріміз бен  жемістерімізге байланысты ойын ойнап, сергіп алайық.

Ойын: «Кім жылдам?»

Би:    « Жау, жау, жаңбыр»

Мұғалім: Алтын күзіміздің тапсырмаларын орындадық. Күзіміздің қоштасатын уақыты да жақын екен.

Алтын күз:

Байлығымды жинадым,

Барымды мен сыйладым.

Алға бастар жолым бар,

Аман –есен болыңдар.

Балалар: Сау болыңыз, Алтын күз!

Себетке салынған жемістерді  таратады.

Қорытынды:  Балалар күзде біз көптеген пайдасы бар көкөністер,жемістер, дақылдар туралы білдік. Біз әр уақытта бау-бақшамызды күте білейік.Күте білсек, көптеген пайдалы күз байлығын аламыз. Сонымен балалар, 

Күз-елдің ырысы, құт-берекесі!

353 0
Зубайра Шохбутова, "Жан-Нұр" жалпы білім беру мектебі" ЖШС – тің бастауыш сынып мұғалімі Шымкент қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 001565
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: