Инновациялық қызмет оқу ісін жүйелі дамытуға, берілетін білімнің мәнін тереңдетуге, мұғалімнің кәсіби шеберлігін шыңдауға, басқа жаңа технологияларды тәжірибеге енгізуге, пайдалануға және шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған.
«Мұғалім –өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім,ал оқуды,ізденуді тоқтатқанмен оның мұғалімдігі де жойылады», -деп орыс педагогі К.Д.Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз. Жаңа технологияларды сабақ үрдісінде қолдану сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырады.
Тәрбиелеу мен оқыту – педагогикалық егіз ұғым. Оқыта отырып тәрбиелейміз, тәрбиелей отырып оқытамыз. Оқыту – тәрбиенің құрамды бөлігі, қайнар көзі, жүйелі түрі. Оқыту арқылы бала бойына адамзаттық және ұлттық құндылықтарды сіңіру-әр ұстаздың азаматтық борышы.Елімізде болып жатқан түбірлі жаңарулар,ізгілендірген қоғам құруға беталыс мұғалімдер қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді.Осы орайда, сапалы филологиялық білім беру үшін оқытудың инновациялық технологияларын қолданукүн тәртібіндегі басты мәселе болмақ.
Инновациялық технологиялардың педагогикалық негізгі қағидалары:
-білім алушыға ізгілік тұрғысынан қарау;
-оқыту мен тәрбиенің бірлігі;
-білім алушының танымдық күшін қалыптастыру және дамыту;
-білім алушыға өз бетімен әрекеттену әдістерін меңгерту;
-білім алушының танымдылық және шығармашылық икемділігін дамыту;
-әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне сай оқыту;
Жаңа оқыту технологиясының ғылыми тұрғыдан тиімділігі дәлелденіп, тәжірибеге енген түрлері өте көп. Әр мұғалім озық педагогикалық технологияларды өз тәжірибесімен ұштастыру барысында алдында отырған оқушының мүмкіндігіне сай таңдауы, қолдануы қажет деп санаймыз. Сондықтан өзімізідің оқыту тәжірибесінде жиі қолданып жүрген, өзіндік нәтижесін байқатып жүрген технологиялар туралы ой бөліспекпіз.Оның бірі- оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы.Бұл технологияны іске асыруға арналған арнайы әдіс-тәсілдер бар.Қазақ тілі мен әдебиет пәні сабақтарында,бастауыш сыныпта әдебиеттік оқу сабақтарында жиі қолдануға болатын әдіс -«Бағытталған оқу» әдісі.Оқушыларға ұсынылған мәтін бойынша мұғалім негізгі ойды білдіретін бөліктерін бөліп алып,сұрақ қою арқылы мәтінді болжатады,оқиғаның қалай жалғасатыны сұрайды,түпнұсқамен салыстыртады.Бұл әдіс оқушыны сыни ойлауға жетелейді. Оқушыларға сурет беріліп, сол сурет туралы ой өрбіту,өз көзқарастарын білдіруді тапсыруға болады.Сондай-ақ, тірек сөздер арқылы мәтін құрату да оқушының байланыстырып сөйлеу дағдысын,сыни ойлау қабілетін дамытады.Бастауыш сыныпта бұл технология негізінде білім алған оқушының орта буынға ауысқанда да белсенділігі жоғарылап, өздерінің күштеріне деген сенімдері арта түскені байқалды. Оқушылардың интеллектуалды және шығармашылық потенциалын дамытуға бағытталған М.М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясы» жиі қолданыста болды.Тәжірибе барысында гуманитарлық пәндерді оқытуға арналған оқыта үйрету ойындарының тиімділігін байқадық. «Нағыз тәрбие мен білім ережелерден емес, жаттығулардан тұрады»,-деп Жан жак Руссо айтқандай, теориялық білімді шыңдауға арналған оқыта үйрету ойындарына тоқталайық.
«Баяндама»оқыта үйрету ойыны. Мұғалім оқушыларға бір мәтінді оқуды(Гонг),соңынан оның мазмұнын сурет,белгі,сызба түрінде беруді ұсынады.Бұл «шпаргалканы» оқушы оң жағындағы көршісіне берді.(Гонг).
Енді әрқайсысы өз көршісіінң суреттерін не сызбаларын қолдана отырып, осы мәтін бойынша «баяндама» жасайды.(Гонг).
«Баяндама» мазмұнын неғұрлым кең ашып,оны қорғап,ең жақсы көрнекі құрал ұсынған оқушы жеңімпаз атанады.
«Мәтін бөліктері»оқыта үйрету ойыны
Оқушылар мәтінді оқиды.(Гонг).4 топқа бөлінеді: 1- «кіріспе»; 2-негізгі ой»;
3- «қорытынды»;4- «толықтыру».Мәтін бөліктерін әңгімелеуді ретімен бастаймыз.
«Толықтыру» тобы әрбір топтан кейін сөз ала алады.Ойыннан соң мәтінді тағы бір қарап шығып,берілген ақпаратпен салыстырамыз,қай топтың нақты айтқанын анықтаймыз.Жүргізуші жеңімпазды құттықтайды.
«Аукцион» оқыта үйрету ойыны
Жүргізуші өтілген тақырып (оқиғалар,фактілер,олардың мерзімі) бойынша сынып оқушыларына арнап сұрақтар дайындайды.Ойынды жргізу үшін гонг (немесе ағаш балға) қажет.Жүргізуші аукцион өткізеді:сұрақтар қояды, жауаптарға түсініктеме беріп, бағалайды, жеңімпазды анықтайды. Дұрыс жауаптары үшін неғұрлым көп фишка жинаған оқушы жеңімпаз болады.
Қазіргі кезде мультимедия мүмкіндіктерін қолданып оқыту оқушының өз бетімен шығармашылық жұмыс жасауына, теориялық білімін практикамен ұштастастыра білуіне мүмкіндік береді. Электронды оқулықтар арқылы оқушы көптеген қосымша материал ала алады, алған мәліметтерін компьютерден көргендіктен есінде жақсы сақтайды, өз бетінше жұмыс жасау қабілеті қалыптасады.
Қорыта келгенде, жоғарыда аталған, тәжірибеде қолданысы тиімді болған инновациялық технологияларды мүмкіндігімізше өз пәнімізде қолдансақ,оқушыларымыз сапалы білім, саналы тәрбие алатынына және мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлестерін қосатындарына сенімдіміз.
Әдебиеттер тізімі:
1. Көшімбетова С. Инновациялық технологияны білім сапасын көтеруде пайдалану мүмкіндіктері. – А.: Білім, 2008
2. Қ.Бітібаева Әдебиетті оқытудың инновациялық әдістемесі,технологиясы.Алматы :Қазақ университеті, 2019
3. М.М.Жанпейісова. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде.Алматы, «Школа ХХІ века» қоғамдық бірлестігінің компьютерлік-баспа орталығы.
4. «Қазақ тілі мен әдебиеті журналы» 1/2016 жыл