Қазiргi кезеңдегi әсiресе жеткіншектердің девиантты мінез-құлықтарының жайлы мәселе кең шеңберде зерттеушiлердiң, яғни психолог, педагог, социолог және дәрiгерлердiң назарын аудартуда. Сонымен қатар, мұғалiмдердiң, тәрбиешiлердiң және ата-аналардың негiзгi өзекті мәселесiнiң бiрi болып саналады. Өйткенi, қандай болмасын ата-ана, өзiнiң баласының парасатты, бiлiктi, мәдениеттi, бiлiмдi және дүниетанымы жоғары болып елiмiздiң мәртебелi азаматы болуын қалайды. Өкiнiшке орай, бүгiнгi қоғамның әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстерiне байланысты бұл мәселе, яғни кейбір жеткiншектердiң мiнез-құлықтары қалыпты дамып, iзгi жолда жүруi күмәндатады. Сондықтан да, бiздiң ғылыми зерттеуiмiзде болашақ ұрпақтың терiс жолға түспеуiн, адамгершiлiктiк-өнегелi қасиеттерiнiң жоғары және iзгi ниеттi азамат болуына, жеткiншектер тұлғасының дұрыс қалыптасуы үлкен ықпалын беретiнi жүйелi тұрғыда қарастырылады. Алайда, бiрiншi кезекте мiнез-құлықтың ауытқуы мен зерттелу мәнiне зер салайық. Жеткiншектердiң мiнез-құлықтарының ауытқуы жөнiндегi мәселе психология-педагогикалық, әлеуметтiк, дәрiгерлiк және заң тұрғысында әртүрлi терминологиялармен қарастырылады. Жалпы әдебиеттердi талдау негiзiнде, бұл мәселенiң өзегiнiң ашылуы келесi реттегi терминдерге, яғни “эмоционалды-ерiктiк аймақтың ауытқуы”, “аффективтi аймақтың ауытқуы”, “дисгармониялық тұрғыда психиканың дамуы”, “девиантты мiнез-құлық”, “делинквенттi мiнез-құлық”, “тұлғалары патологиялық тұрғыда қалыптасқан балалар”, “тәрбие тұрғысына көнбейтiн қиын балалар” және т.б. түсiнiктерге түйiнделетiнi көрсетiлдi. Мiнез-құлық — адамның күнделiктi өмiрiндегi тұлғалық қасиеттерiнiң көрiнiс беру түрлерінің бiрi болып саналады.
Шағын әлеуметтiк пен педагогикалық тұрғыда қараусыз қалу құбылыстарымен байланысты жеткiншектерде мiнез-құлықтың ауытқуғаны мен әлеуметтiк ортаға қарсылық бiлдiру түрлерi жиi кездеседi. Жеткiншектердiң мiнез-құлықтарының ауытқуғанына себепкер болатын әлеуметтiк ықпалдар қатарына педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалған жағдайлар кiредi. Бұл термин көбiнесе педагогикалық үрдiстiң кемiстiгiмен байланысты жүйелi тұрғыда үлгермеушiлiктiң нәтижесiнде болатын аффективтi аймағындағы ауытқуларының қалыптасуымен сипатталады.
И.А.Невский [1] өзiнiң зерттеулерiнде бiлiмдердi меңгеру тиiмдiлiгiне бөгет жасайтын және педагогикалық қараусыздықтың қалыптасуына әкелетiн педагогикалық үрдiстiң негiзгi жағымсыз сәттерiн бөлiп көрсетедi:
- оқу iс-әрекетiнiң әдiстемелерi мен мазмұндары дұрыс ұйымдастырылмағаны;
- балалар мен жеткiншектердiң психикалық мүмкiншiлiктерiне сәйкес келмейтiн мектептегi тәрбие құрылымының ықпалы.
Бұл жағдайларда педагогикалық қараусыздық балада тұрақты психологиялық қолайсыздықтың пайда болуына түрткi болып, мiнез-құлық пен дамудың үйлесімсіздік мүмкiдiгiн туғызады, ал бұл өз кезегiнде болашақта әлеуметтiкке қарсылық бiлдiру сипатына ие болуы мүмкiн. Алайда, ол “педагогикалық қараусыздық, әлеуметтiк қараусыздық және кәмелет жасына толмағандардың құқық бұзушылығы” жайлы мәселесiн жағымсыз шағын әлеуметтiк ортаның әсерiнiң нәтижесi ретiнде қарастыра отырып, педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалған баланың жеке психикалық қасиеттерiнiң рөлiне бiрнеше мәрте нұсқау жасады. Оның iшiнде денсаулық пен психикалық дамудағы эмоционалды-ерiктiк үйлесімсіздікке, психофизикалық инфантилизм мен басқа да ауытқуларға зейiн аударды.
Шипицина Л.М. [2] өз зерттеулерiнде мектепке бейiмсiз болу себептерiнiң арасынан бiрнеше мәселелердi, яғни әлеуметтiк, медициналық, психологиялық және педагогикалық тұрғыда бөлуге болады, — деп белгiлеген. Әлеуметтiк сипаттағы мәселе баланың жетiм болу дәржесiнен, сәтсiз отбасынан және сәттi отбасындағы балаларға немқұрайлы қарау, жек көрушiлiк көрсету қарым-қатынасынан пайда болады. Медициналақ сипаттағы мәселе денсаулық жағдайындағы патологиялық ауытқуымен байланысты. Мәселен, ата-аналарын жоғалтуымен немесе сәтсiз отбасының болуымен байланысты психикалық жарақатпен қамтамасыз етiлетiн жабын күйлер делинквенттi балалардың көпшiлiгiнде байқалады. Психологиялық сипаттағы мәселе ата-аналардың балаларына мейірiмдiлiк, сүйіспеншiлiктi жеткiлiктi түрде көрсетпеуiне байланысты болатыны жиi анықталады. Бұл ықпал, тұлғаның әрi қарай қалыптасу кезеңiне айтарлықтай iз қалдырады. Педагогикалық сипаттағы мәселе әлеуметтiк-педагогикалық тұрғыда қараусыз қалу, девиантты мiнез-құлық, психопатологиялық көрiнiстер мен жалпы психикалық дамымаушылықтың үйлесуiмен тығыз байланысты, ал бұл өз кезегiнде қалыпқа келтiру үрдiсiн қиындатады. Әлеуметтiк-психологиялық бейiмдiлiктiң ауытқуы әлеуметтiк орта мен тұлға қарым-қатынасының үйлесімсіздігіне әкеледi.
Сонымен мiнез-құлықтың ықпалдары жеке жүрмей, мiнез-құлықтың дамуына әртүрлi жағымсыз үлеспен әрекет етушi жағдайлардың әрекеттестiгiн көрсетедi. Л.Г.Кулагин “Оқудың сәтсiздiгi мен мiнез-құлық ауытқуының қайнар бұлағы физикалық және психикалық денсаулық жағдайындағы әртүрлi ауытқулардың әлеуметтiк, педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалуында жатыр. Көп жағдайда мiнез-құлықтың ауытқуы туа пайда болған психикалық және физиологиялық кемiстiктердiң себептерiнен ғана емес, сонымен қатар жанұя мен мектепте дұрыс тәрбие бермегеннiң салдарынан болады”, — деп дәрiптедi [3].
Р.Г.Ильешева [4] мiнез-құлық ауытқуының пайда болуына психоәлеуметтiк себептер көп жағдайда жетекшi болып саналады, деп белгiледi. Олар жағымсыз биологиялық негiздермен үйлесе отырып, жеткiншектердiң мiнез-құлықтарын уақытша немесе тұрақты ауытқушылықтарға әкеледi.
В.В.Ковалев [5] өз еңбектерiнде қоршаған ортамен әрекеттестiкте пайда болатын және осы кезеңде мiнез-құлықтары қалыптасуына ықпалын тигiзетiн, жеткiншек жасына тән психологиялық реакцияларындағы балалық және ересектiк ерекшелiктерiнiң бiр уақытта үйлесуi жөнiндегi мәселенi зерттеген. Авторлар жеткiншек жасына тән мiнез-құлықтың бiрнеше реакцияларын сипаттайды:
1. Эмансипация реакциясы – бұл жеткiншектердiң дербестiкке, үлкен-дердiң қамқорлығынан босануына талаптануын бейнелейдi. Қоршаған ортаның қолайсыз жағдайында бұл реакция мектептен немесе үйден қашудың негiзiнде, мұғалiмдер мен ата-аналарға бағытталған ашудың әсерiнде және жеке әлеуметтік ортадағы қарсы қылықтардың негiзiнде болуы мүмкiн.
2. “Терiс нәрсеге елiктеу” (иммитация) реакциясы — бұл баланың мiнез-құлқында, әсiресе жанұя мүшелерiнiң қолайсыз мiнез-құлқына қарсылығын бiлдiру кезiнде айқын көрiнедi. Сонымен қатар, тәуелсiздiкке күресу мен эмансипация реакциясының құрылуын бейнелейдi.
3. Топталу реакциясы — бұл мiнез-құлықтың белгiлi бiр үлгісімен жеткiншектердің топтарды құруға тырысуын және топ аралық, әсiресе өзiнiң көшбасшысымен қарым-қатынастың жүйелiгiн сипаттайды.
4. Әуестену реакциясы — жеткiншек тұлғасының iшкi құрылымының ерекшелiктерiн бейнелейдi.
5. Жыныстық әуестiгiмен қалыптасатын реакциялар (онанизм, ерте жыныс қатынас өмiрi, жыныстық мәселелерге қызығушылықтың жоғары болуы).
Алайда, К.С.Лебединскаяның [6] мәлiметтерi бойынша жалпыға бiрдей мектептегi тәрбиесi қиын жеткiншектердiң бақыланған негiзгi мiнез-құлық ауытқуларының түрлерi келесi реттегi құбылыстардың басымдылығымен байланысты:
— психикалық тұрақсыздық;
— аффективтi қозғыштық;
— әуестiлiктi тежелту.
Психикалық тұрақсыздық терминi көп мағыналы болып келедi. Тұрақсыз тұлға әртүрлi атаулармен сипатталады: “ерiксiз”, “айбатты”, және т.б. Зерттеушiлер психологиялық тұрақсыздықтың негiзгi көрiнiстерiн көбiнесе эмоционалды аймақтың тұрақсыздығымен түсiндiрдi. Г.Е.Сухарева [7] және т.б. психикалық iс-әрекеттiң екi аймағынан тұрақсыздықтың айқын көрiнуiн айырады. А.Е.Личко [8] эмоционалды тұрақсыздықтың айырмашылығына қарағанда психологиялық тұрақсыздық ұғымын мiнез-құлықтың тұрақсыздығына жатқызды.
Г.Е.Сухарева тұрақсыз тұлғаны аффективтi-ерiк аумағында жеткiлiктi дамымаушылығымен сипатталатын дамудың тежелу шеңберiнде қарастырады. Тұрақсыз тұлғаларға қылықтардың күрделi түрткілерінің болмауы, өз әуестiлiктерiн тоқтату қабiлеттiлiгiнiң жетiспеушiлiгi, албыртты ықыластардан шегерiп қалуы тән болып табылады. Сонымен, психикалық тұрақсыз тұрғысындағы жеткiншектердiң мiнез-құлық аутқулары эмоционалды-ерiк тұлғасының дамымаған түрі бойынша кемiстiктiң дамуымен байланысты.
А.Е.Личконың пiкiрi бойынша мiнез-құлық ауытқуларының топтастырылуы екi бағытта, яғни ауытқуының көрiну түрі (делинквенттi, үйден қашу, қанғыру, ерте кезден iшiмдiк iшу, жыныстық қарым-қатынас ауытқулары, өз-өзіне қол жұмсау мiнез-құлықы) және олардың негiзiнде жатқан себептер, ықпалдар, түрткілерге өзара байланысы бойынша (биологиялық және әлеуметтiк психологиялық негiздер) жүргiзiлуi тиiс. Мiнез-құлық ауытқуының биологиялық негiзіне, ол генетикалық ықпалдарды, бас миының резидуалды-органикалық зақымдануын, акселерация және инфанитилизм құбылыстарын жатқызды. Ал әлеуметтiк психологиялық негiзiне әлеуметтiк орта мен жеткiншек жастағылардың психологиялық ерекшелiктерiн жатқызды.
В.В.Ковалева, К.С.Лебединская клиникалық-психологиялық көзқарас бойынша аффективтi және аффективтi қозғыштық белгісіне сипаттама бердi. Ғалымдар аффективтi қозғыштықты көбiнесе жеткiншек жастағыларға тән деп белгiлеген. Оның пайда болуы осы жас кезеңiндегi вегетативтi-эндокриннiң қайта құрылуымен байланысты. Қоршаған ортаның қолайлы жағдайларында тәрбиеленген психикалық дамуы қалыпты жеткiншектердiң “жас ерекшелігінің аффективтi қозғыштығы” әлеуметтiкке бейiмделуiне кедергi жасамайды. Ал қолайсыз жағдайдағы немесе әртүрлi генездегi мидың кемiстiгi бар жеткiншектерде аффективтi қозғыштық әлеуметтiкке бейiмделуiнiң ауытқуын шақыра отырып, дөрекi түрде, жиi патологиялық деңгейге жетедi. В.В.Ковалеваның мәлiметтерi бойынша аффективтi білгі ерте балалық шақта 18% кездеседi, мектепке дейiнгi және бастауыш мектеп жасында 13%, жеткіншек жас кезеңінде 38 % кездеседi.
Сонымен, қадағалаусыз қалған және панасыз балалар мәселесіне жасалынған тарихи-педагогикалық жәрдем көрсету шаралары жариялық сипатта болатынын көрсетті. Ғылымда ең алдымен балалардың қадағалаусыз қалуы мен панасыз болуының себептері мен оларды тудыратын айғақтарға көп мән беріледі. Қадағалаусыз қалған балаларды қоғаммен қайта ұштастыруды соңғы онжылдықта ғалымдар алдына мақсат етіп отыр. Алайда, талдау жасау барысында әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан медет беру мәселелері дұрыс деңгейде қарастырылмағаны байқалды.
Әдебиеттерден «қадағалаусыз қалған бала» немесе «панасыз бала» деген балама ұйқастарды жиі кездестіруге болады. Бірақ, өзара тығыз байланысты ұғымдарды, яғни балалардың қадағалаусыз қалуы және балалардың панасыз қалуы мәселелерін бөліп қарастыруға болады. Мәселен, қадағалаусыз қалған балалардың жанұясы бар, бірақ олардың тәрбиесіне, оқуына, мінез-құлқы мен дамуына ата-аналары, жақын туыстары немесе олардың орнындағы адамдар тарапынан бақылау дұрыс жасалынбайды. Мұндай жағдайда, бала ата-анасының қамқорлығында болады, жанұясының бір немесе бірнеше мүшелеріне эмоциялық жақындығы да болады. Бірақ уақытының көпшілігін өзі өткізеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Невский И.А. Трудный успех. — М., 1981. — 121 б.
- Иванов Е.С., Шипицына Л.М. Этиопатогенез нарушений поведения у учеников вспомогательной школы // Дефектология. — М., 1989, № 1. – 26-46 б.
- Кулагин Л.Г. О подростках, которым трудно //Советская педагогика. — М., 1991, №6. — С.141-152.
- Илешева Р.Г. Нарушения поведения у детей и подростков. — Алма-Ата, 1990. — 137 б.
- Ковалев С.В. Психология современной семьи. — М.: Просвещение, 1991. — 44-78 б.
- Лебединская К.С., Райская М.М. Подростки с нарушениями в аффективной сфере. — М.: Педагогика, 1988. — 85 б.
- Сухарева Г.Е. Клинические лекции по психиатрии детского возраста. — М., 1965. — 265 б.
- Личко А.Е., Иванов Н.Я. Патохарактерологический диагностический опросник для подростков. — СПб., 1992. — 65 б.