Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1126

Тәрбиенің ең тамаша мектебі – отбасы

     Тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – отбасы мен мектептен алған үлгі - өнеге жиынтығының жемісі. «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған – туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады » деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, еліміздің болашағы бүгінгі балалардың дұрыс азамат болып қалыптасуы отбасындағы тәрбиеге байланысты. Себебі, отбасы - оқыту мен тәрбие жұмысының серіктесі,адам тұрмысын ұйымдастырудың қайнар көзі, ол материалдық және рухани үдерістерімен сипатталады. Жас ұрпақтың әлеуметтеніп,тәлім-тәрбие алып,өсіп-өнетін негізгі институты.Тал шыбықтай жас ұрпаққа бесіктен бастап берілген тәлім-тәрбие, ұстаным - тәртіп қағидалары есейгенде оның мінез –құлқының, сана-сезімінің,ар-ождан намысының темірқазығына айналады. Абай атамыз былай дейді: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады:біріншісі-ата-анадан,екіншісі-ұстаздан,үшіншісі-құрбысынан». Бүгінгі таңда ата-ана, ұстаз, қоғам - үшеуі, тәрбиеге болар басты өлшем. Бір тұтасып,біріктірсе күштерін тәрбиенің үш мектебі адамның мінез-құлқын қалыптастырып, адамгершілік болмысын жетілдіреді. Ұрпақ тәрбиесінің отбасында,білім ордасында,қоғамда нәтижелі болуы осындай ынтымақтастыққа негізделеді. 

М. Әуезов «Абай жолы» кітабында былай көрсеткен. Құнанбай жанұясында баласы Абайдың қабілет – қарымын танып ел басқаруға ерте баулуы да содан. Әке – балаға сыншы. Ол бала бойындағы әрбір жақсы ісіне сүйсініп, теріс әрекетіне күйінеді. Әке тәрбиесі асауды ауыздықтандыратын, тентекті тұзақтайтын, елдікті сақтайтын, ерлікті жақтайтын шаттығын шалқытатын ұлы мектеп. Ал ана тәрбиесі кешенді тәрбие, жинақталған аса тағылымды мектеп. Сондықтан Серғазы Қалиевпен, Құбығұл Жарықбаев өз еңбектерінде «Тәрбиенің ең тамаша мектебі - отбасы» - деп тектен тек көрсетпеген. 

Қазіргі таңда жастар өз бетімен, дәлірек айтқанда ғаламтор арқылы өмір сүруге дағдыланған. Олардың басты тәрбиелеуші құралы – ұялы телефондары. Сырластары да, мұңдастары да сол. Бар мамықты астына төседім, бар тәттіні аузына салдым деп  ата-ананың бар ойлайтыны – баласын ешкімнен кем қылмай өсіру. Бірақ, олардың кейде ескермей, қалдырып қоятын дүниелері – балаларымен сырласпау, жеке қалмау, оларға уақыт бөлмеу, не істеп, не қойғандарынан хабардар болмау. Міне, басты проблемалық дүниеміз – осы. Жас кезінен бастап жасөспірімдердің бұзақылық әрекеттерге баруы немесе ерте кезінен ана атануы, қараусыз қалуы, барлық іштегі сырының айтылмай «жалғыз» қалуынан депрессияға ұшырап, өз-өзіне қол жұмсауы...тізе берсек, жалғаса беретін ұзақ тізбек. Бұл мәселенің шешімі бар ма? Әлбетте. Қалай? Мысалға алайық, бір түйінді шешудің екі түрлі жолы бар: бірі – қайшымен қию, екіншісі - сол түйінді қалай болса да қолмен шешіп алу. Бірі оңай, бірі – қиынырақ. Біз оңай жолын таңдай салып, жас өмірге балта шаба салып, келте қылмауымыз керек немесе екінші нұсқадағыдай түйінді қинап ашпауымыз керек. Біз о баста не түйінді болдырмауымыз керек немесе оны қатты түйіндемеуіміз қажет. Бұдан шығатын қорытынды: ата-ана баланы о бастан дұрыс бағытта тәрбиелеу керек еді. «Жеті жасқа дейін балаңды хандай күт, жеті жастан кейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» дейді.Он бес жас – баланың жаңа дүниелерге елітіп, ешкімді тыңдағысы келмей, өзінің позициясын көрсеткісі келіп тұратын өтпелі кезеңінің бастау алар шағы. Демек, сол кезеңдерде балаға психоллогиялық қолдау керек. Ол кімнен болу қажет? Әрине, ең біріншіден, баланың ата-анасы баланы қолдап, қолпаштап, досындай сырлас болып, тәрбиелей білу қажет. Оның жағдайын түсіне отырып, досы ретінде артықшылығы мен кемшіліктерін, қателіктерін емін-еркін айта алар болса, ол барлығын сол кезден түсініп бастайды.  Сонда ғана отбасы тәрбиесіне қатысты мәселелер талапқа сай шешіледі. 

 Сөзім дәлелді болуы үшін ,мектебімізде  «Отбасы әлемі» отбасылық клубы жыл көлемінде үш одақ бірлесіп жұмыс жүргізуде. Атап кетер  болсам, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар » бағдарламасын жүзеге  асыру   аясында халқымыздың қаламгер ақыны,белгілі аудармашы, журналист , Қазақстан Республикасының «Егемен Қазақстан » газетінің  бас редакторының орынбасары , киелі Зеренді ауданының құрметті азаматы  Аманжол Қорғанбек Ғалымтайұлының 65 жылдығына арналған «Зерделі Зерендінің қаламгер ақыны» атты әдеби кеші.  «Өнерге әркімнің де бар таласы» тақырыбында өнер майталмандарымен кездесу .Кездесуге  жергілікті айтыскер ақын «Зеренді  - алтын бесігім», «Қиянат», «Әнім сенсің туған жер» кітаптарының авторы К.С.Рақымжанова, «Ән деп соққан жүрегім» әндер жинағының авторы,әнші А.Абдуллина және отыз шақты әннің авторы ,Балалар шығармашылық үйінің  директоры Б.А.Сейдахметов шақырылды.

 Биылғы жылы «ХХІ ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол !»   конференциясы,ата –аналар жиналысы «Әр ұстазбен бетпе –бет кездесу »тақырыбы негізінде ұйымдастырылды.  Ұлы Отан Соғысының,еңбек ардагерлерімен «Ардагерлерді ардақтайық!» атты партиялық жоба аясында  жас ұрпақпен кездесу өткіздім. Кездесуге Зеренді ауданының құрметті азаматтары,аудандық аналар кеңесінің төрайымы,селолық округінің ақсақалдар төрағалары «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасының  бірінші орынбасары,аудандық мәслихат депутаты қатысты.«Ата –ананы құрметтеу - әрбір адамның қасиетті борышы» тақырыбында мектепішілік үздік шығарма байқауын ұйымдастырылды.«Отбасы –тәрбие бастауы»үздік бейнеролик атты облыстық сырттай конкурсына қатысқаны үшін Грамотамен марапатталдық.Отбасы  клубының мүшесі,көп балалы ана, патрионаттық тәрбиедегі балалардың қамқоршысы,«Күміс алқа» иегері,Ақмола облысына қарасты бастауыш партия ұйымдарының мүшесі,кәсіпкер  Ж.Ә.Секенова, Нұр – Сұлтан қаласында  «Елбасы және Ұлы дала шежіресі»тақырыбында өткен Тұңғыш Президент күні мерекесінде «Нұр Отан» партиясының төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен кездесіп «Алғыс хат», ал Ұлатай отбасы «Өнерлі жанұя» облыстық отбасылар шығармашылығы байқауына қатысып «Диплом» иегері атанды. Бұл жанұяның баласы  Республикалық «Балқаш-Балдәурен» оқу –сауықтыру лагерінде «Қазақстан –жас патриоттар академиясының мүшелігінің еніп, «Жас патриот» төс белгі иегері атанды.

         Аталған мектепішілік  іс –шараларымызға  мектебіміздің қамқоршылар кеңесінің төрағасы және мүшелері үнемі қатысып отырады. Олармен бірлесіп  әлеуметтік –тұрмыстық жағдайы төмен отбасынан шыққан  жанұялардың балаларына «Көмек ВОХ» акциясын ұйымдастырып, бір мезеттік ыстық тамақтың сапасын бракиражды комиссия құрамымен  тексерістер жасап, ақыл –кеңестерін,көмектерін беруде.Сонымен қатар , олар тәрбие жұмысында «Бала тәрбиелеудегі мектеп пен ата-ана рөлі»,«Отбасы-адамзат қоғамының ең шағын бейнесі» тақырыптары бойынша өткен педагогикалық кеңеске қатысып, үш одақты бірлескен жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне көңіл бөлді.

 Мектептің материалдық –техникалық базасын нығайту мақсатында демеушілердің, мектеп түлектерінің  өз еркімен демеушілік көрсету жұмыстарына қамқоршылық кеңес басшылық жасауда.Түскен   заттай құнды сыйлықтарға бақылау жасап,мектеп директоры  тарапынан түскен өтініш негізінде ,қамқоршылар кеңесінің төрағасы актілер жасап,заттарды мектеп балансына қоюда.Жылына төрт рет отырыс жоспарлап, квартылына екі рет мектеп директоры қамқоршылар кеңесінің отырысында есеп беруде. 2019 жылдың 24-ші желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы  бақылау комитеті Білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің басшысы  Әбілмаженов Манат Шияпұлы  қамқоршылар кеңесінің  жиналысына қатысып, мектеп директорының есебін тыңдады. 

Әрбір мектепке түскен қомақты сұрақтарға байланысты,қамқоршылар кеңесінің құрамымен және ата –аналар комитетімен  бірге ынтымақтастықта жұмыс істеп,барлық сұрақтарымыздың шешімін табудамыз.

Жоғарыда айтылған ой-пікірлерді қорыта келе айтарым, тұғыры берік елдің отбасы да берік болады,отбасы қазығы нық қағылса,шаңырағы берік тәрбиеленер ұрпағы да өнегелі ,мектеп пен отбасы, ұстаз бен ата-ана арасында ынтымақтастық орнатып, жемісті жұмыс жасау – бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі. Демек, бала бақытының кепілі –отбасының  өнегелі тәрбиесінде.

 

 

 

3 260 0
Дамегуль Кенжина, «Ақмола облысы білім басқармасының Зеренді ауданы бойынша білім бөлімі Зеренді ауылының М.Ғабдуллин атындағы мектеп - гимназиясы»КММ-нің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагог – зерттеуші. Ақмола облысы ,Зеренді ауданы,Зеренді ауылы Ұлы дала ұстазы № 001551
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: