Ұлттың алды кім... Ұлттың мүддесін қорғаушы кім... Ұлт мүддесі мен ұлт қайраткерінің арасындағы байланыс қалай туындайды... Ұлт санасын кімдер өзгерте алады...
Сансырап қалған халықтың санасына саналы өмірді енгізем деп ұмтылған қазақ зиялылары тарих қойнауына еніп жатыр, қайта жанып жатыр. Кешегі Ұлы Абайлар өз сахнасында жарқ ете алмағанымен қазақ деген ұлт барда енді өшпек емес. Одан бері ұлттық ояну ұранына айналған Алаш үнін алға тартқан алашордашылар да қарт тарихтың қойнауына ене түссе де мемлекет барда халық санасында мызғымас орны бар. Тәуелсіздік алу жолында жерге тапталып, ұлттық мүдделері жаншылған Желтоқсан көтерілісінің қаhармандары жыл өткен сайын артқа ығысса да, Тәуелсіз ел барда әр жастың жүрек түкпірінен кетпек емес. «Асылдың сыры кеткенмен, сыны кетпейді» деген хақыл нақылы осы емес пе?!
Қазақ халқының мүддесін жақтаушы, Мемлекет қайраткері, түркі халықтарының тәуелсіз, Түркістан Республикасы идеясы авторларының бірі, қазақ халқының біртуар азаматы – Тұрар Рысқұлов. Әкесі Рысқұл халыққа қырғидай тиген Саймасай Үшкемпіров деген болысты атып өлтіріп, түрмеде жатқаннан кейін, бала Тұрарды жанына алдырады. Жастайынан тағдырдың талқысына түскен «Түрме баласы» жалған фамилиямен өмірге қайта келгеннен соң ғана көзі ашылған еді. Қайсар бала, жігерлі жас – Тұрардың бейнесін ашуда әдебиетімізде ең алғаш қалам тербеген заңғар жазушы Мұхтар Әуезов еді. Рысқұл яғни Бақтығұлдың прототипі арқылы сол кездегі халық тіршілігі, болыс – атқа мінерлердің аяусыз әрекеттері әшкереленеді. Алайда Әуезовтің бұл шығармасы ұлт жанашырының биік тұлғасын жеткізу үшін аздық ететін. Одан кейін көркем туындыға ашыққан оқырман үшін «Қызыл жебе» романы дүние есігін ашса, халық зиялысын іздеген ел жанашырлары үшін де Шерхан Мұртазаның шоқтығы биік туындысы жарқ ете қалды. Ұлт мүддесін көздеп, ұлт тарихын жоғалтпауда біз кімді жоғалпауымыз керек екендігімізді білдік?
Т. Мәмесейітовтің сөзінше сөйлесек, біздің жоғалтқанымыз қазақ деген соры қайнаған халықты қайтсем бақытқа жеткіземін деп жанпидалықпен күрескен арыстарымыз еді алдымен. Олар біздің өткеніміз, тегіміз, руымыз еді ғой. Сорақы заман бізді содан айырғысы келді. Мәңгүрт жасағысы келді. Міне, сол аталған арыстарымыздың бірі және бірегейі Тұрар Рысқұлов болатын. «Қызыл жебе» романы арқылы біз алдымен сол Рысқұловты таптық және тани түстік. Ал Рысқұлов тағдыры – халық тағдыры. Олай болса Ұлт мүддесін көздеуші кім? Әрине, Тұрар секілді қоғам қайраткері деп ойлаймын. Ұлттың жан айқайын жеткізетін қоғам белсендісінің әрқилы өмірін суреттеген «Қызыл жебе» романы ұлттың рухын түлеткен, рухани ұстазына, көшбастар көсеміне айналған шығарма болды. Жазушы Ғабит Мүсереповтің мына бір ойы осы тұста есіме түсіп отыр. «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде – ұлт та ұлы бола алмайды» Яғни бізге ұлт қайраткерін жасап беріп отырған әдебиет. «Қызыл жебе» романы. Екі кітаптан тұратын шығармада – «әке көрген оқ жонар» дегендей бірінші кітабы Тұрардай тұлғаны туғызған Рысқұлға арналған, ал екінші кітабының басты қаhарманы Тұрар. Оның өсу, азамат болу, қайраткерге айналу жолдары берілген. Ұлт мүддесі мен ұлт қайраткерінің арасындағы байланыс қалай туындағанын енді түсінуге болады. Ол әрине, ұшқан ұядан, көрген ортадан, қайшыласқан тағдыр мен ақырында дұрыс түйсіктен пайда болатыны анық екен. Ал біздің бүгінгі толғап отырған басты қайраткеріміздің ұлттық мүддемен байланысы аталған жіптердің жақсы кестеленуі арқылы болса керек. Тұрар өмірінің ұлттық көзқарастан алшақ болмауы да өмір жолының даралығында болар. Дегенмен өмір сүру бар да. Одан өнеге алу бар. Ал өмірін үлгі ету тіпті басқа дүние. «Оян, Тұрар!» деп басталатын «Қызыл жебе» жалынды үнмен «Оян, қоғам» деп бейнелеген Тұрар образы ұлттық сананы өзгерте алды ма? Кеңес үкіметін орнатуға белсене ат салысқан қоғам қайраткері әрине, ұйықтап жатқан сананы өзгерте алды деп ойлаймын. Өйткені оның қатал балалық шағына қарамастан білім алуы, әртүрлі қызметте жұмыс жасауы соның ішінде басшылық қызметтері Рысқұловтың тағдыр сындыра алмайтын жігерлігін көрсетті. «Халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынған ұлт жанашыры Мәскеу түрмесінде жүрек талмасымен қайтыс болғанмен, 1956 жылы 8 - желтоқаснда ақталған еді. Жалпы ұлт пен ұлт қайраткері арасында алшақтық болмауы қажет. Өйткені жанын берер ержүрек батырлар барда ғана ұлт мәңгі жасайды. Өз ұлтына жанын пида етпеген қоғам белсендісінің ғұмыры да ұзақ болмаушы еді. Ал осынша уақыт халық санасында өмір сүріп келе жатқан, халқым деп соққан әр жастың жүрегінде Тұрардың жалында үні барда оның ғұмырының аяқталғанын да мойындай алмаймыз.
Жебе болып қадалған кім
Ояндырған, Алашты...
Бала болмай, дана болу
Тағдырына ара болу...
Ұлты үшін пана болу
Ерлікпен тең емес пе?!
...Тұрар оянды, халық оянды... Ұлттың алды кім екені, ұлттың мүддесін кім қорғайтыны, ұлт санасын кімдер өзгерте алатыны белгілі болды.
Ұлт қызметкері – ұрпақ жадында!