Бүгінгі таңда елімізде жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жалпыға бірдей білім беретін орта мектептердің алдына әлемдік өркениеттің барлық талаптарына сай келетін, парасатты, тәрбиелі жастарды тәрбиелеп дайындауды талап етуде. Бұл Отанымыздың келешек дамуымен, әлемнің алдынғы қатарлы елдер қатарына қосылуымен, қазіргі мектеп оқушыларының білім дәрежесімен, шығармашыл ойлай алу қабілеттерімен сабақтаса орайласады. Осыған орай білім беру салаларында оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологияларын қолдану жұмыстары жедел қарқынмен жүруде.
Бастауыш сыныптарда қазақ тілі, әдебиеттік оқу сабақтарында мақал-мәтелдерді оқытып, оқушылардың шығармашыл ойлауын қалыптастыру – бүгінгі өмір талабына сай азаматты тәрбиелеудің негізгі жолдарының бірі. Себебі оқыту үдерісінде тиімді қолданылған мақал-мәтелдер оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырады, сол арқылы шәкірттердің ана тілінің терең қатпарларын игеруіне, асыл маржандарын түсінуіне жағдай жасайды. Сондықтан қазақ тілі, әдебиеттік оқу пәндерінде мақал-мәтелдерді оқыту мемлекет тарапынан білім беру мекемелеріне қойылған талаптардың іске асуына игі әсерін тигізеді.
Оқушылардың сабақтағы белсенділігі олардың сабаққа қызығушылықтарының артуымен тығыз байланысты. Әсіресе, мақал-мәтелдер оқушылардың лидерлік қабілеттерін жетілдіріп, өз пікірін дәлелдеуге, сыныптастарымен еркін пікірлесуге ықпал етеді. Мақал-мәтелдер оқушыларды тілдік материалдарға қызықтырумен қатар ана тілінен алған білімдерін бекіту, тереңдету үшін де тиімді. Мұның өзі мақал-мәтелдер бастауыш сынып оқушыларың танымын кеңейтіп, оның ойлау қабілетін, іздемпаздығын, еңбекқорлығын жетілдіруде, олардың жеке тұлғалық қабілеттерін тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Мақал-мәтелдерді меңгеру барысында оқушылар өздерін-еркін сезінеді, басқа жолдастарымен тілдік қарыс-қатынасқа оңай түседі. Бұл шәкірттердің жеке тұлғалық жетілдіруіне, сабақтың тартымды өтуіне, жаңа материалдарды терең игеруіне ықпал етеді. Сондықтан оқыту барысында мақал-мәтелдерді қолдану – қазақ тілі, ана тілі пәндерін сапалы оқытудың, меңгертудің ұтымды жолдарының бірі.
Қоғамның қазіргі даму кезеңінде болып жатқан әлеуметтік саяси және жаңа технологиялық өзгерістерден, ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыстардың білім мен тәрбие жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру қажеттілігі туындап отырғаны мәлім. Осыған орай, бүгінгі таңда қоғамның ұлттық тәрбиесінің озық, өнегелі дәстүрлерімен тереңірек тыныстыру, соның негізінде жеке тұлғаны қалыптастырып, оның шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамыту көзделеді. Өйткені, еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты. Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесі, танымдық мұрасы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, аңыз-ертегілер, жұмбақ, мақал-мәтел, өлең жырлары, ұлттық ойындары ерекше тәрбиелік мәні бар, баға жетпес алтын қазына.
Қазақ халқының өте әрідегі ата-бабаларының өмір сүрген кезінен бастау алып, күні бүгінге дейін кәдесіне жарап келе жатқан рухани мұраның бірі – халықтық педагогика. Халықтық педагогика – тәрбие жөніндегі халықтың педагогикалық білім тәжірибесі. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім– тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын жадына біртіндеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдар, тиісті тәсілдерде болған.
Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс термелерде, мақал-мәтелдерде көптен кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні-адамгершілік–имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі. Көшпелі қазақ салтында мақал-мәтелдер мектеп пен мұғалімнің, кітап пен баспасөздің қызметін алмастырады.
Мақал-мәтелдер сыры мол дүние туралы білімнің жиынтығы, халықтың энциклопедиясы ғана емес, ұстаздың, тәлімгерлік рөл де атқарады. Мұндағы ақыл-кеңестер қысқа да нұсқа әрі тұжырымды болады. Мақал-мәтелдердің бала тәрбиесіндегі алатын орныда айрықша. Мұнда оқу мен еңбек, ойын мен өнер, сондай-ақ адамның жақсы-жаман қасиеттері, елін, жерін сүю, ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау т.б. үлгі – өнегелер бала санасына біртіндеп құйыла береді. Сонымен мақал-мәтелдер ойға ой қосатын, тілге икемді, сөз мәйегі.
Халықтың тәлім-тәрбиеде айрықша орын алатын асыл мұраның бір саласы-мақал-мәтелдер сол заманның дәуірлік сипатын, халықтың санасын, дүниеге көзқарасын, өмір тәжірибесін бейнелейді. Соған қоса мақал-мәтелдер халықтың ақыл-ойының, сөз байлығының, әрбір ойды бейнелеп-көркемдеп жеткізуінің үлгісі болып табылады. Айталық, еңбек жайындағы мақал-мәтелдерге зер салсақ балаларды еңбекке баулып, ерінбей тер төгуге тәрбиелегенін аңғару қиын емес. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Жер қазбасаң, алтын шықпас», «Бейнет түбі – зейнет», «Еңбек етсең емерсің», «Еңбек адамды бүтіндейді, жалқаулық адамды түтіп жейді», «Еңбек етсең, елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» деген мақалдар жеңілдің асты, ауылдың үстімен жүретін жалқауларды сынып, еңбектің құдіретін дәріптеуге бағышталған.
Мақал-мәтелдердің біразы адамды жақсы қасиеттерге баулумен бірге олардың кемшіліктерін, жаман, әдет-қылықтарын сынап, оны болдырмауға үндейді. Оған «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен», «Жаман кісі кекшіл», «Жалқауға дәулет үшін ұйқы берер, жаманға ақыл үшін күлкі берер», «Ақылды қасыңнан қорықпа, ақылсыз досыңнан қорық» деген мақал-мәтелдердің мәніне зейін қойып үңілетін болсақ, халқымыздың қыры-сыры туралы білімімізді молайтуға мүмкіндік зор. «Азамат-елдің ажары» «Ел намысы-ер намысы», «Елін сүйгеннің еңсесі биіктейді» деген мақал-мәтелдер елін,жерін сүйетін ,ел намысын қорғайтын адам деген атқа кір келтірмейтін азамат тәрбиелеуге арналған.
Мақал-мәтелдер арқылы қазақ халқы өз балаларын өнерлі-білімді болуға шақырған. «Өнерлі өрге жүзер»,«Өнерлі бала сүйкімді», «Оқу- білім бұлағы,білім-өмір шырағы», «Білімді өлмес-қағазда аты қалар,ұста өлмес-істеген заты қалар» деп те насихаттайды. «Ананың сүті-бал,баланың тілі-бал»,«Ананың құшағы жылы,күннің шуағы жылы»,«Ағайын- алтау,ана-біреу», «Әке –асқар тау»
сияқты мақал-мәтелдер ата –анаға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуді көздеген.Балалардың ана тілінде сөйлеу дағдысын қалыптастыруда мақал-мәтелдердің алатын орны ерекше.Мақал-мәтел баланың тіл байлығын,сөздік қорын,ақылын,ой-өрісін,сөйлеу мәдениетін дамытады.Тегінде мақал-мәтелдерде халықтың даналығы,байқампаздығы ,оның бала тәрбиесіндегі үлкен өмірлік тәжірибесі ,болашаққа деген көзқарасы шеберлікпен беріліп отырады.
Бүгінгі жас жеткіншек –болашақ ел тізгінін ұстайтын ,ел мен жер қамын ойлайтын ертеңгі азамат.Ендеше бала тәрбиелеуде халқымыздың тәлім-тәрбиесін халық мақал-мәтелдерімен байланыстырып сабақтар өткізсек,бастауыш сынып оқушыларының сабаққа ынтасы артып,түсініктері молайып,танымдық белсенділіктері артар еді.Мысалы: өз сабақтарымда мақал-мәтелдерді кеңінен пайдаланамын.Атап айтар болсам,әдебиеттік оқу сабағында тақырыпқа байланысты мақал-мәтелдер айтып,оның мағынасын ашу мақсатында оқушылардың ой-пікірлерін тыңдап және мақал-мәтелдер жинақтауға тапсырма беремін.
Қазақ тілі сабағында мақал-мәтелдерді көркем жазу ретінде қолданамын.Әрбір сабақ барысында халықтық педагогиканы пайдалана отырып ,сабақты қызықты,тартымды етіп өткізу оқушылардың белсенділігін арттыра түсетіні сөзсіз.Балаларды халықтық педагогика негізінде тәрбиелеуіміз керек.Себебі,тәрбие-қалып.Егерқалып қисық болса,ол сол қалыпқа салған затыңда қисық болады.Сондықтан тәрбиеде ұсақ,мағынасыз бөлшек жоқ.Әсіресе,балаларға айтқан,көрсеткен нәрсенің барлығы шындық,сұлу,әдемі,үйлесімді болуы шарт.Сонда ғана бала балғын талдан биік бәйтерекке айналады.