Қазіргі таңда бала тәрбиесіне көңіліңіз тола ма? Болашағымыз-балаларымызды дұрыс тәрбиелей алып жүрміз бе? Балаларымыздың тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлудеміз бе?
Біздің қоғамда ата-аналардан «бала тәрбиесі дегенді қалай түсінесіз?» деп сұрасаңыз, көбінен «қарны тоқ, көйлегі көк, ел қатарлы өмір сүріп жатыр, басқа не керек?» деген жауап естисіз. Яғни, біз балаларымыздың жағдайын жасап, өз ортасында ұялмай жүре алуы үшін барамызды саламыз. Жағдайымыз қатты мәз болмаса да, «балам мұңаймасын» деп қалаған телефонын да алып беруге дайынбыз. Тіпті, көптеген ата-аналардан «соңғы киімімді сатсам да сені оқытамын, қатарыңнан қалдырмаймын» деген сөзді естисіз. Керемет қуантарлық жағдай. Дегенмен де, балаларымыз өсе келе күткен нәрсемізді ала алмай дел-сал боламыз. «Балам үмітімді ақтамады, жерге қаратты» деп реніш білдіреміз. Әсіресе, өтпелі кезеңге келген кезде балаларымызға сөз өткізе алмай, оны түсіне алмай, тіпті оны тани алмай шарасыз күй кешеміз. Неге? Кеше ғана қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірген балапанымыз қалай ғана бүгін «бөтенімізге» айналды?
Міне, осы сұрақтар көп мазалайды деп ойлаймын. Бұл жағдайдың басты себептерінің бірі – бала тәрбиесі ұғымын қате түсінуіміз. Яғни, біз ата-аналық тек қана баланың материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен шектейміз. Баланың ішкі жан дүниесімен, сезімдерімен санаспаймыз. Баланы жеке тұлға ретінде қабылдап, өзіне тән өмірі бар екенін ескермегендіктен, уақыт өте келе «тәрбие тәртібіміз» сыр бере бастайды. Баламыздың ішкі жан дүниесіне көңіл бөлмегендіктен, сезімдері жараланып, бізбен байланысы әлсірей бастайды. Яғни, балаларымыз қоғамда қалыптасқан қате ұғымдардың құрбанына айналып жатады. Сол ұғымдардың ара-жігін ажыратып, педагогикаға сай, дұрыс тәрбие жүйемізді қалыптастыра алуымыз үшін «жаттанды» ата-ана түсінігінен бас тартып, саналы түрде ата-ана бола алу «өнерін» игеруіміз қажет. Бұл өнерді игеру үшін барлық мүмкіндікті толық қолдануымыз керек.
Дегенмен де ата-ана бола алу өнерін тек қана өзіңіз игеруіңіз немесе тек қана өз балаңызды керемет етіп тәрбиелеуіңіз жеткіліксіз. Өйткені, біз сүріп жатқан қоғам мен сол қоғамның адамдары да өте маңызды, олармен де санасуымыз керек. Сондықтан да, бала тәрбиесіне байланысты қандай да бір керемет қазына тапсаңыз, оны дереу айналаңыздағылармен, таныс-туысыңызбен бөліскеніңіз жөн. Мүмкіндік болса, оларды да ізденіске, саналы әрекетке баулығанымыз жөн.
Бала тәрбиесiнде отбасының орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенiң қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негiзi баланы өмiрге келтiру ғана емес, оған әлеуметтiк ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңесін бойына сiңiру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етiп тәрбиелеу. Үлкен ұрпақтың тәжiрибесi, өмiрдегi беделi, ақыл-кеңестерi, ата-ананың өз борышын мүлтiксiз орындауы, бiр-бiрiн құрметтеуi – үлкен тәрбие мектебi. Бала дүниеге келген күннен бастап ата-ананың ықпалында болып, өмiрге бағыт берушi тәрбие мектебiнен нәр алады.
Ата-аналары балаларын өнегелi сөзiмен, жеке басының тәрбиесiмен тәрбиелейдi. Бала әр нәрсеге сенгiш, тез қабылдағыш, елiктегiш келедi. Әр бала сипағанды, жылы сөйлегендi, аялағанды, еркелеткендi, ертегi әңгiме тыңдағанды, ойын ойнағанды ұнатады. Бұл– баланың бойындағы үлкендерден ерекшеленiп тұратын негiзгi қасиетi. Баланы сипау, аялау, жылы сөйлеу– баланың ақылды, ұстамды, мейiрiмдi азамат болып өсуiне көп ықпал етедi. Ал балаға ұрсу және оны балағаттау баланың бойында кек алу, өшпендiлiк қасиеттердi оятады. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесiне құрғақ ақылдан гөрi үлгi-өнеге арқылы ықпал етудiң жұғымды екенiн және балаға жора-жолдастарының, құрбы-құрдастарының әсерi мол екенiн айтқан. "Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол" деп, тәрбиелiк мәнi зор мақал-мәтелдер айтқан. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесiне ерекше назар аударып, "Баланы жетiге келгенше тыйма, жетiден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейiн құрдасыңдай сыйла" деп, баланың ой-өрiсi даму кезеңiн ерекше бағалаған. . Ата-ана балаларына жақсы тәрбие беруде қоғам алдында жауапты. Сыйластық, түсiнiстiк, үлкен жауапкершiлiк сезiмдерi бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың балаларының өзара қатынасы мазмұнды, берiлген тәрбие сiңiмдi және негiздi болады.
Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Баланың тәрбиелi болып өсуiне берекелi отбасының әсерi мол. Отбасының әрбiр мүшесi өзара сөйлесiп, не болмаса ата-ананың, баланың мiндетiн атқару ғана емес, береке – бiрлiк, сүйiспеншiлiкпен араласса, босағасы берiк, шаңырағы биiк отбасына айналары сөзсiз.