ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар мен ақпарттық өзгеріс дәуірі. Жаңалықтар мен тың идеялар туғызған ғасыр. Олай болса, жаңа заманның ұрпағын оқытып,тәрбиелеуде мұғалімнің рөлі – өте ерекше.
Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру» сияқты бағдарламалар - ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.
Ал осы айтылған өзекті мәселелердің бастауында мұғалімнің тұруы – заңды. Олай дейтін себебім: елімізде қолға алынып жатқан рухани жаңғыру аясындағы бағдарламалар білім беру саласы арқылы бастау алып жатыр. Бүгінгі оқушы - ертеңгі елдің болашағы. Демек, мұғалімге жүктелер күш те ерекше. Өйткені компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты алға басу алғышарттарын дамытушы – мұғалім.Олай болса, рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруда мұғалімнің арқалар жүгі де, атқарар рөлі де орасан зор. «Прагматизм - өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз» - деп көрсетеді Елбасымыз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі - орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану - мінез-құлықтың прагматизмі. Бұл - заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Бүгінгі еліміздің алдында тұрған осындай маңызды тапсырмаларды жүзеге асырып, мектеп партасында отырған жас буынның бойында ертеңгі күні заманауи әлемдегі табысты үлгі - мінез – құлық прагматизмін дұрыс қалыптастыруда мұғалімнің жауапкершілігіне көп маңыздылық жүктеледі. Сондықтан мұғалім білімді , сауатты болумен қатар, салауатты өмір салтын ұстану, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік сияқты құндылықтарды өз бойында қалыптастырып, өзін – өзі тәрбиелей білу, алдыңғы қатарлы, озық ойлы, білікті мамандармен тәжірибе алмасып, ел алдында шынайы, нанымды ойларын ашық айтып, оқушыға тыңдата білу секілді маңызды аспектілерді жинақтай білуі керек.
«Мұғалімнің сөзі мен ісі жасанды емес, шынайы болуы шарт»- деген ұлағатты сөзді өмірлік ұстаныма айналдырып, өз мамандығым бойынша еңбек етіп келе жатқаныма бүгінгі таңда үш жыл. Бұл аз ба, көп пе, бірақ мен үшін биік мақсаттарға жетудегі ізденістер мен ұмтылмас қызықты жылдар. Менің өзіме қояр талабым, мақсатым жоғары.
Менің кәсіби бағытым ретінде математика сабағында жеті модульді және жаңа технологияның әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалана отырып, оқушылардың ізденімпаздық, зерттеушілік, шығармашылық қабілеттерін дамыту және жеке, жұпта, топта жұмыс істеу барысында мұғалім мен оқушының ынтымақтастығын қалыптастыру. Әр күн сабақтарымды қызықты етіп өткізу үшін үнемі ізденіп, білімімді көтеру үшін біліктілік арттыру курстарына қатысып, тәлімгеріммен жұмыс жасаймын.
Алдағы уақыттағы жоспарым математика пәні мұғалімі болғандықтан логикалық ойлау қабілеттері жақсы дамыған, шығармашылыққа жақын оқушыларымды олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындау. Соның бірі пәндік олипиада бойынша оқушым Қабен Шынар аудандық кезеңнен 1 орын алып,облыстық кезеңге жолдама алды. Оқушыларымның математикаға деген жеке көзқарастарын өзгерте отырып, қарапайым логикалық, яғни әртүрлі мазмұндағы стандартты емес есептерді, әзіл есептер мен сұрақтарды, ауызша есептерулерді, арифметикалық есептерді шешудің өзіндік жолы бар екендігін түсіндіріп зеректікке, тапқырлыққа баулып, ҰБТ есептерін әр сабақта тақырыпқа байланысты шығарту мақсатында жұмыстанудамын.
Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс - біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» -, дейді Елбасымыз. Бүгінгі оқушының өмір талаптарына сай өзгеріп, өмір ағымын дұрыс түсінуіне ықпал етіп, тарихтың шаңына көмілмей, керісінше шамшырағы болуына өз үлесімді қосу – парызым деп білемін.