«Жамбыл тек өз шығармаларымен ғана емес,
сонымен бірге өзі тәрбиелеп, баулыған – ер,
әйел ақындар тобымен де
халық поэзиясының бұтағы, бүрі мол бәйтерегі»
М.Әуезов
Нағыз халық ақыны атанған Жамбыл Жабаевтың әдеби мұрасы мол рухани қазыналардан тұрады. Жазба әдебиетке де, айтыс өнеріне де майталман үлесін қосқан жыр алыбының поэзиясы бірнеше бағыттармен бөлімдерге салып зерттеп, зерделеуді қажет ететін кеңістік. Біз бүгін жыр алыбының шығармаларындағы тарихи оқиғалар мен ұлт жадында сақталған тұлғалардың ақын мұрасында өрнектелеуін өрбітетін боламыз. Сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Сол кезге көз салсаң, Абай мен Жәкең бір мақсатқа, бір тілекке ақындықтың екі түрлі саласына өрлей аттаған сияқтанады: бірі жаңа әдебиет өнегесін жазу арқылы, бірі халықтың байырғы өнегесі-суырыпсалма ақындық жолы» деп өрнекті бағасын берген. Ендеше халықтың байырғы өнегесін астастыра жырлаған ақынның шығармаларында тарихи із бен тұлғалардың тұғыры аласа болмайды.
Жамбылдың өмір сүрген кезеңдері тарихи оқиғаларға толы ғасырлар болды. Қос ғасырды бастан кешіп, екі ғасырдың жыршысы атанған алып ақынның шығармаларында да суреттелген тарихи фактілер желісі аз емес. Жамбылдың өмірге келіп, ес білген шағының өзі Қазақстанның оңтүстік аймағын Қоқан хандығының тұрпайы заңдары үстемдік құрып тұрған шақтардан басталады. Бұл уақытта патшалық Ресейдің де отаршылдық езгісі дала халқын әбден титықтатып, елге қолайсыз заңдарды шығарған кезеңдері болатын. Осы шақтарды ақындық көңіл санасының зертханасынан өткізген ақынның қаламынан: «Шағым», «Патша әмірі тарылды», «Жылқышы», «Шәбденге» сынды өлеңдері туындады. Бұл туындыларда ақын қазақ халқының басына төнген отарлық саясаттың ауыр зардабы мен тәуелсіздігі қолынан сусып шығып бара жатқан елінің мұң-зарын өз шығармаларына арқау ету арқылы заманды суреттей білетін реалистік дарын иесі екенімен де танылды. Осы тақырыптағы өлеңдерінің бірі «Өстепкеде» деп алатын туындысын да ақын:
«Елде жүрген егейлер,
Қалада құр үйілдің.
Ұлық көрсең ұйлығып,
Желді күнгі қамыстай
Жапырылып иілдің» - деп, патшалық жаңа заңдар мен үкіметтік шендерге құныққан қазақтардың мінездерін сынап, ел арасындағы дүрбелең жағдайдың ахуалын қаламына тербеген. Бұл тарихи кезең Ресей отаршылдығының Жамбыл өлеңдеріндегі сюжеттік желілермен суреттелуіне алып келді.
Қазақ даласын көктей өткен, он жылға созылған өжеттік пен ерліктің үлгісі ретінде тарих толқынында тербеліп қалған Кенесары хан бастаған ұлт азаттық көтерілісі де Жамбыл шығармашылығында кеңінен насихатталып жырланған.
Алдына дабыл өңгерген,
Артына сауыт бөктерген.
Кенекем келді алыстан.
Ақ ауызы арқырап,
Ақ сауыты жарқырап.
Наурызбай келді арыстан.
Жауды көрсе қуанған,
Алмасын қанға суарған,
Табыннан шыққан Бұқарбай.
Ту ұстаған Нәпбай,
Жортуыл жолшы Бұғыбай.
Жалаң қылыш байланған,
Жау қайда деп сайланған.
Батырлар келді Қордайға.
Кенесары келген соң,
Өңкей ерді көрген соң,
Ерлігін жаннан асырған,
Бес қаруын асынған,
Келді Саурық, Сыпатай,
Жас Байсейіт, Сұраншы,
Келді бәрі қалмастан,
Кенесары алдында,
Өңкей көкжал бас қосқан-деп, Нысанбай жырау секілді, Хан Кененің ерлік жолына толы сайыпқыран жылдары мен бас батырларын бейнелі тіркестермен суреттеп, рыцарлық поэзия үлгілері негізінде теңеулер арқылы жырлаған. Кенесары ханның інісі, алып күштің иесі Наурызбай батырды, Табын руынан Бұқарбай батырды, ту ұстаған Нәпбай баһадүрді, жортуылдың батыры Бұғыбайды ерекше өлең иірімдерімен сипаттама беріп өтеді. Бұл тұлғалардың барлығы қазақтың азаттығы үшін күресіп, етігімен су кешіп, ауыздықпен су ішкен жылдары қанды көйлек жолдас болып, бір қосынның бойынан, бірге бой көрсеткен Алаштың маңдайына біткен батырлары, артына аңыз ерткен қаһарман ерлік иелері болып саналады.
1916 жылы патшаның қазақ даласынан 19-43 жас аралығындағы жігіттерді майдан даласына қара жұмысқа шақыру бойынша жер-жерде көтерілген азаттық толқуларына да Жамбыл өз үнін қосқан. Өзінің «Зілді бұйрық» өлеңінде, сол тарихи оқиғаның бейнесін былай суреттейді:
«Верныйден» жандаралдар бұйрық қылды,
Құйрығы бұйрығының тіпті зілді.
«Отыз бір - он тоғызды алад» деген
Суық хабар халықты бұлқындырды.
Жылады сорлы халық, малын айтып,
«Кеткен соң қолдан шығып, келмес қайтып»,
дейді де еңірейді, егіледі-деп, ел арасын аумалы-төкпелі сарсаңға салған кезеңдерді өзінің бастан өткерген оқиғасымен сипаттап тұр. Бұл 1916 жылы патшаның 25 маусымдағы бұйрығының негізінде қазақ даласында орын алған оқиғалар сюжеттерінің бір көрінісін жыр алыбының шығармашылығынан айна қатесіз бейнеленуі ақынның мемуарлық өлеңдерге қалам тербегенін аңғартатын жағдай. Әдетте әдебиет теориясында мемуарлық романдар бағыты болатыны іспетті, Жамбыл шығармашылығында бұл ерекшелік тарихи оқиғалар мен тұлғаларды өз заманында басынан өткере отырып суреттеп жазуында жатыр.
Ақынның өмір сүрген қос ғасыры қазақ тарихындағы талай оқиғалардың орын алған кезеңдері болды. Ақын да бұл кезеңдерді өзінің қаламынан өрбіген әрбір туындысына арқау етіп, боямасыз бейнесін ұсынып отырды. Біз тек бірді-екілі ақын шығармаларындағы тарихи фактілердің өлеңге айналып, тарихи тұлғалардың жырлануын зерделеп жазуға тырыстық. Бұдан түйетін қорытынды, биылғы тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы аясында Жамбыл жырларының таным өрісі мен рухани биігі оқушыларға отан сүйгіштік пен патриоттық тәрбиенің негізгі құралы болатындығының айқын белгісі.
Алты алаштың ақтаңгер ақыны, ХХ ғасырдың Гоммері Жамбыл бабамыз өзінің ғасырға жуық ғұмырында тау мен даланы жырлады, поэзия әлеміндегі туған халқының мақтанышы, әлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Оның ақыл-ойға, парасатқа, терең тарихқа, мөлдір сырға, нәзік сезімге, бай образға толы поэзиясы өлеңге құштар өнерсүйер әрбір жанды сүйсінткені хақ. Жамбыл бабамыздың поэзиясы ешқашан өлмек емес. Оқушыларымыз тек қана оқулықтан ғана емес, әдеби кітаптардан, газет – журналдардан көбірек ізденеді. Сонымен қатар, «Жамбыл оқулары» байқауларына да үздіксіз қатысуы соған дәлел. Мектебімізде өзге ұлт өкілдері орыс тілінде білім алып жатсада, қазақтың ұлы ақын – жазушыларын сүйіп оқиды.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- М.Жолдасбеков, "Жамбыл және оның ақындық ортасы", кітапта: "Асыл арналар", "Жазушы" баспасы, 1986-жыл, 140-бет
- Жамбыл Жабаев, "Өтеген батыр", екінші нұсқасы, кітапта: "Өтеген батыр", құрастырған Айзада Сейітқызы, Алматы, "Мерей" баспасы, 1994-жыл, 53-бет.
- Ж.Жабаев. Екі томдық шығармалар жиынтығы
- Қапалбекұлы Н. «Ақиқаттан айнымаған Жамбыл атам» //Ана тілі 2012 жыл №14,13бет//