Білімді ұрпақ –тәуелсіз елдің тірегі десек, жаңа заманның күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе-нәтижелі білім беру, білім сапасын көтеру, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға даярлау, білім беруді АКТ-мен қамтамасыз ету. Қазіргі қоғамымызда орын алып жатқан өзгерістерге байланысты әрбір ұстаз оқытудың түрлі әдістері мен технологияларын меңгеруі қажет. Қазіргі білім беру жүйесінің басты ерекшелігі-жас ұрпақты жоғары деңгейлі біліммен қаруландырып қана қоймай, өз бетінше білім алуын қамтамасыз ете отырып, жетістікке жету жолдарына бағыттауға негізделген.
Білім саласына енгізілген жаңашыл процестерді жүзеге асыру барысында мұғалімдер өздерінің негізгі дәстүрлі позициялары мен мүмкіндіктерін түрлендіруі қажет. Еліміздің болашағы әрине, бүгінгі оқушы-өскелең жас ұрпақтың қолында. Олардың білім сапаларын арттыруда оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін пайдалану бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Соңғы жылдары еліміздің білім беру жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізіліп, жаңа мазмұға ие болуда. Жаһандану белең алған жаңа заманда жастардың жаңаша ойлау қабілетін арттыру, оқуға деген ынта-ықыластары мен сабаққа деген қызығушылықтарын ояту, алған білімдерін күнделікті өмір тәжірибесінде қолдана білуге баулу-әрбір мұғалімге жүктелген негізгі міндет болып саналады. Физика пәні бойынша оқушылардың білім, білік дағдыларын жетілдіру негізігі және жалпы орта білім беретін мектеп бағдарламасында жетекші мәнге ие. Басқа ғылымдарға қарағанда физика өзінің терең философиялық және ғылыми-техникалық маңызымен ерекшеленетін ғылым саласы. Мектепте физиканы оқу барысында оқушылардың қоршаған орта туралы көзқарастарының алғышарты қалыптасады. Бірқатар ғалымдардың теориялық зерттеулеріне сүйенсек, қазіргі физика пәнінің мазмұны кванттық, релятивистік және статистикалық заңдылықтардың жалпылама заңдарына жақындай түскенін байқаймыз. Қазіргі заман оқушысы физиканы осындай үрдісте білуі керек. Физиканы оқыту барысында оң нәтижеге ие болу үшін мұғалімнің кәсіби құзіреттілгі мен креативтілігіне тікелей байланысты. Сабақтың қызықты өтуі үшін мұғалім үнемі ізденіс үстінде болып, инновациялық әдіс-тәсілдерді ұтымды пайдалана білуі қажет. Оқушылардың физика пәніне деген қызығушылықтарын оятып, белсенділігін арттыру әрбір ұстаз үшін маңызды. Сабақты көрнекілікпен қамтамасыз ету барысында түрлі тәжірибелер жасау, проблемалық жағдаяттар қозғау, оқушылардың жеке және бірлескен топтық жұмыстарын ұйымдастыру, шығармашылық тапсырмаларды орындату сияқты интербелсенді оқыту әдістерін пайдалануға болады. Физика пәнін оқытуда белсенді оқу, бірлескен оқу, саралау, пәнаралық байланыс,оқу әңгімелері, электрондық оқу және модельдеу әдістерін пайдалану тиімді болып саналады. Физика пәні бойынша оқушылардың білім деңгейін көтеруде топтық жұмыстың маңызы зор. Топтық жұмыс барысында қалыптасатын оқушы дағдылары:
1.Қарым-қатынас: Жазбаша және ауызша әңгіме, диалог орнату, ым-ишараларды қолдану.
2.Өзін-өзі таныту: Топтық жұмысқа белсенді араласу арқылы өзін-өзі көрсете білу.
3.Топ мүшелерін қолдау: Топаралық түсініспеушіліктерді жою, шиеленіскен жағдайлардың шешімін табу.
4.Топ мүшелерін бақылау: Топтың өзге мүшелері туралы мәліметтерден хабардар болу.
Топтық жұмыс кезінде «топтастыру», «галереяны шарлау», «ойлан, жұптас, бөліс», «джигсо», «ақпаратты жаңғырту», «сұрақ-жауап», «стоп-сұрақ», «кубизм», «ыстық орындық», «бумеранг», «ақылдың алты ойлау қалпағы» сынды әдістерді қолдану арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Сондай-ақ физика сабағында өткізілетін материалды жақсы меңгерту үшін сыни тұрғыдан ойлау технологиясын пайдалануға болады. Бұл технологияның басты мақсаты-өз бетінше дамуға ұмтылатын жеке тұлға қалыптастыру. Сабақ барысында айтылған әрбір пікірге сын көзімен қарау оқушылардың ойлау дағдыларын дамытады. Мен өз іс-тәжірибемде оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында «деңгейлеп саралап оқыту», «модульді оқыту», «оқытуды бағалау», «сатылай кешенді талдау» технологияларын қолдану арқылы жоғары нәтижеге қол жеткіздім. Аталған оқыту технологияларының мүмкіндіктері төмендегідей:
-Оқушыға берілетін білім сапасы жақсарады;
-Оқушымен жүргізілетін жұмыстың дәлдігі артады;
-АКТ-ны пайдалану арқылы мұғалім қызметі жеңілдейді.
Қорыта айтқанда, бүгінгі шәкірт-болашақтағы әртүрлі саланың тұтқасын ұстар маман иесі. Қазақтың ұлы ағартушысы Ы.Алтынсариннің «Егер бала бірдеңені түсінбейтін болса, оқытушы оларды кінәлауға тиіс емес, оларға түсіндіре алмаған өзін кінәлауы тиіс» деген қағидасын есте сақтағанымыз жөн. Қазіргі заман мұғалімінің негізгі позициясы-білім берудің жаңа моделін жасап, оқушыға білім мен білік дағдыларын меңгерту, оқытудың сан түрлі әдістерін іздестіру, жаңа технологияларды сабақта тиімді пайдалана білу. Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін ең алдымен білімді ұрпақ қажет. Ал білімді ұрпақ тәрбиелеу-ұстаздар қауымына жүктелген жауапты міндет.