Мәтін лингвистикасы - тіл білімінің бір саласы. Мәтін лингвистикасының негізі Г.Лакофф, Р.Харвег, В.Скаличка, Ә.Бенвенист, С.Карцевский, З.Шмидт, Т.Николаева және т.б. еңбектерінде қаланды.
Мәтінтану проблемасы мәтін тарихы мен мәтінтану деген екі ұғымның айырмашылықтарын танып-біліп алудан басталады. Бұл екі ұғымды тең дәрежеде қабылдауға болмайды. Орыс тіл білімінде мәтінтану мәселесіне А.С.Рейсер, Б.В.Томашевский, Д.С.Лихачев, Г.О.Винокур, П.Н.Берков, Е.И.Прохоров т.б. белгілі ғалымдар өз ғұмырларын арнады. Осы ғалымдардың еңбектері арқылы қазақ тіл білімінде мәтінтанудың негізгі ұғымдары мен терминдік жүйесі қалыптасты.
Мәтінтанушы белгілі бір мәтіннің жарыққа шыққанға дейінгі тарихын зерттеп қана қоймайды, әрбір автографтағы өзгерістердің пайда болу себебін ашады. 2009 жылы жарыққа шыққан академик Р.Сыздықтың «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» (Алматы:Арыс,2009) еңбегі де осы салаға тыңнан қосылған еңбекке жатады. Мұнда автор мәтінтануға қатысты қазақ тіл біліміндегі бірнеше проблеманы көрсетеді: 1) текстологиялық зерттеулердің жолға қойылмауы; 2) мәтінге қалай болса, солай қарау: а) тарихи мәтіндерді, ә) кейінгі жаңа жазба мәтіндерді де жариялану барысында кемшіліктердің жіберілуі, б) мәтіндер қазына іспетті, көне мен ескіліктердің топтастырылған орын екені, в) ескілер мен көнеліктердің мән-мағынасын ашуда да мәтіндердің көмегі көптігінің ескерусіз қалып отыруы [1, 11 б.].
Сондай-ақ, мәтіннің негізгі ерекшеліктері туралы қазақ тіл білімінде кең көлемді еңбек жазған Г.Смағұлова, 3.Ахметова сынды ғалымдарды атап өтсек болады [2, 3.].
Мәтінді байланыстырушы құралдар дегенде біз көбінесе есімдіктерді еске аламыз. Бұл есімдіктердің синтаксистік жүйедегі қызметін олардың сілтеу функциясы белгілейді десек, осы сілтеу функциясымен бірге орынбасу субституция, дейксис, эгоцентризм, анафора, катафора ұғымдары анықталмақ.
Есімдік дегенде көптеген авторлар есімдердің орнына жүретін сөз табы деген анықтаманы айтатындығы сөзсіз. Есімдіктердің басқа сөз табының орнына жүруімен олардың орынбасарлық қызметтері, орынбасу, субституция ұғымы енгізілген. Бұл туралы В.И. Безруков былай дейді: «Замещая в речи имена, они и получили название местоимение. Замещение и обусловило их функцию в речи» [4, с. 14].
Есімдіктердің мәтінді байланыстырушы қызметіне келсек, олардың бұл қызметі сілтеу мағыналарынан келіп шығады Бұл есімдіктердің мәтіндегі қызметін олардың сілтеу функциясы белгілейді десек, осы сілтеу функциясымен бірге орынбасу субституция, дейксис, эгоцентризм, анафора, катафора ұғымдары анықталмақ. Сондықтан, біріншіден, осы ұғымдарды саралап, олардың тіл біліміндегі қолданыстарын, ғалымдардың ой-пікірлерін қарастырамыз.
Мәтінді байланыстырушы құралдардың алғашқысы – дейксистік есімдіктер. Ал дейксис теориясына келетін болсақ, лингвистика тарихында есімдіктердің дейксистігі туралы ерте кездерден бастап айтылған. Алайда ол кездегі дейксис ұғымы қазіргі дейксис ұғымымен сай келмейді. Ол кездегі дейксис ұғымына жалпы есімдіктердің сілтеу мағынасын беруі сәйкес келген. «Дейксис» ұғымын кең және тар көлемде пайдалану олардың түрліше түсіндірілуіне негіз болады. Кең көлемде дейксис зат, белгі, жағдай тағы басқаларға ситуациялық немесе контекстік сілтеуді қамтиды, ал тар көлемде бір функцияны айтады (анафораға қарсы) және екі элементті қамтиды: дейксистік (тура сілтеу) белгі мен оның референті. Жалпы дейксис есім сөздер мен есімдіктерді жақындастырады, есімдер затты атауды, оның адам санасында белгілі бір ұғым қалыптастыруын көрсетсе, есімдіктер өзінің заттық мағынасымен ауыспалы дейксистік (тура сілтеу) байланыста болады.
Жалпы «дейксис» ұғымына тіл білімі тарихында әр ғалым өзіндік анықтамалар беріп кеткен. Дейксистік (тура сілтеу) құралдары жоқ ұзақ сөйлесімдер келесі адамға мүлде түсініксіз болуы мүмкін. Дейксистік (тура сілтеу) есімдіктер референцияның негізгі құралдары болып табылады. Дейксис коммуникативтік актідегі конситуцияны алып тастауға болатын ақпаратты атау үшін қолданылады. Олар мынадай түрлерге бөлінеді: заттық, жеке тұлғалық, уақыттық, кеңістіктік, мәтіндік, заттық мәтіндік, кеңістіктік мәтіндік т.б.
Жеке тұлғалық дейксис І, ІІ жақ есімдіктері арқылы көрініс береді де, сөйлеу ситуациясындағы сөйлеуші мен тыңдаушы сілтейді. Ал ІІІ жақ есімдігі бөгде тұлғаны көрсетеді.
Заттық дейксис коммуникативтік актідегі барынша маңызды заттарды, оқиғаларды, объектілерді көрсетеді. Заттық дейксис сілтеу есімдіктері арқылы көрініс береді.
Кеңістіктік дейксис сөйлеуші мен тыңдаушы тұлғаларынан қашықтық, көріну-көрінбеу, қол жетімділік – қол жетімсіздік бойынша заттарды сілтеп көрсетеді де, көбіне сілтеу есімдіктерімен беріледі.
Уақыттық дейксиссөйлеу сәтіне қатысты уақыт аралықтарынкөрсетеді және бұл да сілтеу есімдіктері арқылы көрінеді.
Мәтіндік дейксискоммуникативтік актідегі мәтіннің үзінділерін түгелімен көрсете алады.
Заттық мәтіндік дейксисмәтіннің элементтерін теңестіруде, оларды тура сілтеуде көрініс берсе, кеңістіктік мәтіндік дейксис мәтіндер арасындағы кеңістіктік қатынасты тура сілтеуде байқалады.
«Дейксис» (тура сілтеу) термині ретінде түрлі тілдік құралдардың сілтеуіштік қызметімен байланысты кең көлемдегі тілдік құбылыстар түсініледі. Ол ең, біріншіден, сілтеу түрлерін анықтайды (жақ, орын, мезгіл т.б.), сосын сілтеушінің, сөйлеу ситуациясының есеп беру нүктесін анықтайды да, сілтеуді жүзеге асырады. Осы сөйлеуші фигурасына қатысты «мен-сен» есімдіктері және осы сөйлеушіге қатысты анықталатын «мұнда, сонда, онда» сөздері, сөйлеу ситуациясына қатысты «осы, бұл, сол» есімдіктері, есеп беру нүктесі арқылы анықталатын «осында, мұнда, міне, әне» сөздері эгоцентристік болады, яғни олар белгілі бір «сөйлеуші – «мен» центризміне» қатысты сілтеуді іске асырады. Сонымен, сөйлеуші барлығын өз көзқарасы тұрғысынан айтып, бәрін өзі басқарғанда, сөйлеу ситуациясындағы сілтеу эгоцентристік болады.
Енді біз жіктеу есімдіктерінің дейксистік (тура сілтеу), эгоцентристік қызметін саралаймыз. Есімдіктердің мағыналары жалпы болғандықтан, олардың қызмет ерекшеліктері де жалпы және жан-жақты болады. Олардың негізгі мазмұнын олардың мағыналары емес, қызметі анықтайды. Бұл туралы А.В. Исаченконың есімдіктерге синтаксистік тұрғыдан қарау керек деген ойын біз жоғарыда келтірдік.
Есімдіктердің орынбасарлық қызметі бұрыннан-ақ белгілі, сол сияқты олар дейксистік, анафоралық қызметте де жұмсалады екен. Жіктеу есімдіктерінің ішіндегі мен, сен есімдіктері ақпарат бере алмайды, өйткені мен, сен сөздерін белгілейтін объекті жоқ, бұлар үнемі сөйлеу сәтімен байланысты болады. Әрбір «меннің» де, «сеннің» де өз референциялары болады, олар әр кезде де жеке бір ғана индивидке сәйкес келеді. Мысалы,
- Тұрар, сен бүгін өзгешелеусің ғой өзің.
- Менсенің алдыңда кінәлімін, Әзизаш (Ш. Мұртаза).
Бұл жерде алғашқы қолданыстағы «сен» - Әзизаға, ал екінші қолданыстағы «мен» - Тұрарға тән, яғни әр жіктеу есімдігінің өз референциялары бар, олар бір-бір индвидке сәйкес келіп тұр.
Тура осындай жағдай поэзияда да орын алады. Мысалы, ақын Мұқағали Мақатаев бір сөйлемнің бойында өзін мен есімдігімен де, сен есімдігімен де көрсетеді:
Сен ақынсың демесе де мені ешкім,
Оқи жүріп ақындармен теңестім (М. Мақатаев).
ІІ жақ «сен» есімдігін толық түсіндіру үшін «адресат», «тыңдаушы» ұғымдарының екеуін де қамтитын «сөйлеу объектісі» терминін қолдану керек. Сонда жіктеу есімдіктері жоғарыда көрсеткеніміздей, «мен – сөйлеу субъектісі», «сен – сөйлеу объектісі», «ол – сөйлеу заты» болып табылады.
«Мен», «сен» есімдіктері кейіптеу кезінде жансыз заттарға да тән болып келе береді. Көбінесе поэзиялық шығармаларда, ертегілердегі жан-жануарлардың сөйлесуінде олар дейксистік (тура сілтеу) қолданысқа түсе алады. Мысалы,
-Мен сені қазір босатамын, бірақ менің ауруымның емін тауып келмесең, сені өлім күтеді, - дейді ашулы арыстан түлкіге ызылана қарап.
Сен, мұнда, осында, онда, сонда сөздерінің бәрін де анықтағанда «мен» қолданылады. Олардың мәні сөйлеушінің субъективті еркімен белгіленеді, олар сөйлеушіден тыс бола алмайды. Сонда олар былай анықталады:
«мен» - сөйлеп тұрған адам; «сен» - мен сөйлеп тұрған адам; «ол» - мен де, сен де емес, бөгде жан; «мұнда» - мен тұрған жер; «онда» - мен жоқ жер.
Дейксис туралы айтқанда, бұл, сол, осы, мұнда, онда, сонда, осында, міне, әне сияқты сілтеу есімдіктері алғаш тілге оралады, сондай-ақ, олардың осыдан, содан, мұнан, бұдан т.б. тәрізді семантикалық туындылары да еске түседі.
Осылай, мұндай, сондай, солай, осылайша сөздері тура сілтеуді іске асыра отыра, үнемі баяндауыш мүшемен қабыса байланысып, пысықтауыш қызметінде жұмсалады. Мысалы, Кейде айшықты сөз әлдеқайда алыстан кеп, осылай таңырқатып та кетуі керек (М.Әуезов); Жасымда мен де сондай болдым (Ә.Нұршайықов); Мүмкін, солай көрінген болар (Ә.Нұршайықов).
Сілтеу есімдіктерінің қатарындағы мына, ана, сона, мынау, анау, сонау есімдіктері де өз дәрежелерінде тура сілтеуді іске асырады. Мысалы, Ойбай-ау, мына жұрт не дейді, Бақа!? (М.Әуезов); Біз мына Әзберген, Шүйгінсудағы жеті ауыл Жігітекпіз (М.Әуезов).
Анау, мынау, сонау есімдіктері уақыттық кезеңдерді білдіре отыра, дейксистік (тура сілтеу) қолданыста жұмсалады. Мысалы,Анау жұмадағы хұтпадан кейін болған қақтығыс жайы аржақ пен бержақтың барлық жаназаларында, хатімінде, жетілерде қалың сөз болып, барлық қалаға тарап жатты (М. Әуезов); Жалғыз сен емес, сонау Хауа анадан бері келе жатқан жоралғы осы, ботам (Ә. Нұршайықов).
Әдебиеттер тізімі:
- Сыздықова Р. «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар». – Алматы: Арыс, 2009.
- Смағұлова Г. Мәтін лингвистикасы. Алматы: Қазақ университеті, 2002. -112 б.
- М.Ахметова. Мәтін лингвистикасы. - Орал: «Ағартушы», 2008. - 148 бет.
- Безруков В.И. Контекст и прямое значение слово. – Тюменск: ТГУ, 1962. – С. 14.
- Исаченко А.В. О синтаксической природе местоимений // Проблемы современной филилогии: сборник статей к 70 летию академика В.Виноградова. – Москва, 1965. – С. 159.