Ұлтымыздың көрнекті өкілдерінің бірі, дала ойшылы атанған философ ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дүниеге келген. Абай негізін салған жаңа сипаттағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі.
Шәкәрім – жарты ғасырдан астам шығармашылық өмірінде әдебиеттің барлық жанрында жемісті еңбек еткен қайраткер. Ол адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді ерекше жырлады. Қазақ қауымына адал еңбек етіп, бойына білім нұрын сіңіріп, сол арқылы биік жетістікке жетсін деген ой тастайды.
Ақын «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, ғибадат пен адалдық ар үшін жи», – деп, бақыттың өзі адалдыққа негізделетінін айта келіп, парасатты тұлға болып қалыптасу үшін адам бойындағы асыл қасиеттердің бірлікте болуы керектігін ашып көрсеткен.
Шәкәрімнің асыл ойлары адалдық, әділдік, ынсап, әділет, мейірім сияқты асыл қасиеттерді кірлетпеуге негізделген.
Ақын жастарға білімдіден ғибрат алуға, ақылмен ойлап іс қылуға, «құлқынның құлы болмай», «адамдық борыш – ар үшін қызмет ет», – деп өсиет еткен.
Шәкәрім өсиеті қазіргі өркениетті заманда да өз құндылығын жоймады, ол барша адамзаттың жан дүниесінің айнасы болуы қажет. Замандас жастардың міндеті – дала ойшылының жырлап өткен ар, борыш, адалдық сындық қасиеттерін бойында қалыптастыра білуі.
Адал ұрпақты тәрбиелеу - қоғам алдынағы ұстаздың басты борышы. Барынша тәрбиелі, зейінді, білімді, парасатты өскелең ұрпаққа тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі - Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларына негізделген "Шәкәрім өсиеті - адалдық айнасы" атты адалдық сағаты жастар алдындағы адамдық борышты игертудің басты сипаты десек қателеспейміз. Бұл адалдық сағатында оқушылар Шәкәрім шығармашылығындағы ар-білім, әдеп терминдерін жан-жақты түсінеді.
«Адамдық борышың,
Халқына еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта, оны біл.
Талаптан да білім мен өнер үйрен,
Білімсіз, өнерсіз болды ақыл тұл» - деген Шәкәрім өсиеті баршамыздың жан-дүниесінің айнасы болуы қажет.
Ақын әрі филососф Шәкәрім Құдайбердіұлы адам болып қалыптасудың ең басты факторы деп ұлт алдындағы адал еңбекті атайды. Ал, адам адал болуы үшін өтірік әрі жалған сөйлемеуі тиіс, ар мен намысты жоғары сақтағаны жөн. Бойындағы білімі мен өнер қатар игеріп, оны да адал жолда жұмағаны жөн. Міне, сонда ғана болашақты басқарар, болашақты сенімді түрде аманат етер адал ұрпақ қалыптасары хақ. Бұл Шәкәрім Құдайбердіұлының ең басты әрі шексіз арманы еді. Қазақ ұлтының, қазақ ұрпақтарының иманы жоғары, адалдықты ту қылып жоғары көтеретін ұрпақ тәрбиелеу. Қоғам алдындағы басты борыш пен парыз да осыған келіп шектеледі. Себебі, ұрпақ адалдығы – ұлттың адалдығы.