Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1039

Мұғалім - мәртебелі мамандық

Ұстаз-ұлық емес ұлы қызмет

                                                                      Б. Момышұлы                     

        Мұғалім  -  мәртебелі мамандық. Маған  кейде осы бір ұғым ойланбай жай ғана айта салатын жаттанды сөзге айналып кеткендей көрінеді. Мамандықтың бәрі мәртебелі емес пе, неге мұғалім мамандығы мәртебелі деген ой  көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ  та болуы мүмкін. Мұғалім - адам тәрбиесімен айналысатын мамандық.  Ал, мына тіршілікте адамнан ұлы,адамнан құдіретті не бар? Міне, оның мәртебелілігі осында  деп түсіну қажет.  Бұны «Алты Алаштың  баласы бас қосса төр мұғалімдікі»  деп, қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтан асыра ешкім жоқ деп ойлаймын.

       Мұғалім ертеңгі ел тұтқасын ұстар тұлғаларды өсіретін, жетелейтін мамандық. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы.  Осының өзі  - ақ осы бір мамандықтың ерекшелігін көрсетпей ме? «Мұғалім – адам жанының инженері» деп текке айтылмаған болар.    Нағыз мұғалім, шын мәнінде, баланы жан тәнімен беріле сүюі керек. Алдымен рухани қуат беруі керек. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана мұғалім өз мәртебесін көтере алады. Бойында осындай  қасиеттер бар адам ғана осы мамандықты таңдайды. Мен де  жүрек қалауымен мұғалім мамандығын таңдадым. Ұстаздық атты ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқисың. Өзің шын мәніндегі үлкен оқушы болғанда ғана кемел ұстаздыққа қол жеткізе аласың деп білемін.   Бұл  - менің  ұстаздық еткен қызметімнің алтын арқауы деп айтсам да болады. 1993  жылы Пугачев жалпы білім беретін мектебінде бастауыш сынып мұғалімі  болып, еңбек жолымды бастадым. 1998 жылы Ж.Досмухамедов атындағы Орал педагогикалық колледжіне  түсіп,  2001 жылы   тәмамдадым. 2004 -2007 жылдар аралығында   «Бастауыш сыныпта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын аяқтадым. 1993 жылдан бастап Пугачев мектебінде еңбек жолымды жалғастырып келемін.    2016-2017 оқу жылында аудандық білім беру жүйесіндегі педагогикалық шеберлігі, шығармашылық ізденісі және Егемен Қазақстанның болашағы жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеудегі табыстары үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталдым. Ұстаз ретінде мен тек қана жалаң білім беріп қоюмен шектеліп қалмауға барынша тырысамын. Ешбір сәтте есімнен ұлы ғұламамыз Әбу Насыр Әл-Фарабидің  «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі шыққан емес. Осы қанатты сөзді   өмірлік кәсіби ұстанымым ретінде ұстанып  келемін. Әрбір сабаққа ерекше шығармашылықпен мұқият дайындаламын, жаңа  технологиялық әдіс-тәсілдерді жүйелі қолданамын. Себебі педагогикалық технологиялар әр оқушының дербес оқу үрдісіне қатысуына ықпал ететініне кәміл сенемін.  

           Ұстаз мәртебесі шәкірттерінің жетістігімен өлшенеді. Еңбегім жеміссіз емес. 2017-2018 оқу жылында оқушым  Бекмуханов Ш. аудандық  «Жас Дарын» ғылыми жоба байқауына қатысып, жүлделі ІІ орын иеленді.  ХҮ облыстық “Intel-junior-2018” бастауыш сынып оқушыларына арналған олимпиадада шәкіртім Мурзабаев Манас ІІІ орын алды.  Қазір осы екі шәкіртімнің бірі қазақ түрік лицейінде, екіншісі Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Мектепті Алтын медальмен бітірген Альдикенов Ерген бүгінгі таңда Теңіз мұнай кенішінде аудармашы. Менің ойымша, шәкірттерім, егемен еліміздің ертеңдері.  Олар болашағымыздың жарқын болуына өз үлесін қосатын тұлға болып қалыптасса ұстаз мәртебесінің биіктегені деп ұғамын.  Өткенге көз жүгіртсем, өзім ұстаздық еткен 26 жыл ішінде менің алдымнан  білім баспалдағына өрлеген шәкірттерім егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық ұстазда  қайдан арман болсын.    Ұстаз мәртебесі деген осы емес пе, мұғалім мәртебесін асқақтататын да, абырой әкелетін де    өзі тәлім-  тәрбие берген  шәкірттері.  Жоғары білікті мамандар ғана қоғамда нақты құрметке бөлене алады. 2019 оқу жылы аттестаттау комиссиясының шешімімен бастауыш сынып мұғалімі лауазымы бойынша   педагог-зерттеуші біліктілік санатын   алдым. 2012 жылдан бастап ҚР Білім және Ғылым министрінің Білім саласындағы Бақылау Департаменті мемлекеттік мекемесінің мүшесімін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әрбір бала  - қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп,  басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін танып, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білген мұғалімнің ғана мәртебесі биік .  «Ұстаз-ұлық емес ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының керемет дана сөзін әрқашан естен шығармайық.       

 

                                              

 

 

 

434 0
Гульфайрус Муканова «Пугачев мектеп – бөбекжай-балабақша кешені» КММ -нің бастауыш сынып мұғалімі БҚО, Бөрлі ауданы, Пугачев ауылы Ұлы дала ұстазы № 001531
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: