Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1032

Ұлт ұйытқысы - Ана


                                                     

Ана-барша тіршілік атауының бастауы. Әрбір ана отының өшпеуін,бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын тілейді. Ана- бар мұратын отбасының игілігіне байлаған ізгі адам,бар тілегін перзентінің жолына арнаған әлемдегі ең мейірімді жан,ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың анасы.Қанаттыға қақтырмай,тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып,бала үшін жанұшыра шырылдайтын-Ана.       Ана.   Осы сөздердің ішінде қанша ұғым жатыр. Өміріміздің бәйтерегі болған мұндай ұғымға  кеудесінде жаны бар әр адам өмір бойы ризашылық білдірумен өтеді. Егер   оның алдында ұстаз  деген қасиетті  ұғымды қоссақ,  бұл қос сөз үлкен құдіретке ие  болары сөзсіз.

Қазақ қоғамындағы   басты байлық  адам болса, ақылды да иманды, парасатты да  тәрбиелі қыздар - ортаймайтын ең құнды  қазына. «Қоғамды  тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қағиданың мәні    қаншалықты терең болса, мазмұны соншалықты салмақты. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз жолдауында  «Ең алдымен біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл   бөлуіміз керек. Олар болашақ жар,болашақ ана,шаңырақтың  шырақшылары» деген еді.Тағы сөзінде  «Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге  ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы-қылдай,оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым  біздің қоғамның тең құқылы мүшесі, ал ана-оның ең ардақты тұлғасы болды. Біз әйел затына –анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз». Әйел иілген қабырға  іспеттес, оны   түзетем деп  әуреге салсаң сындырып аласың.  Бұл пайғамбарымыздың (с.а.с) өсиеті. Бұл  хадистен түйетініміз,  әйеліңнің  тілін тапсаң,иілген  қабырғаң   жаныңның жастығы болады.Олай болса,   отбасыңның берекелі  болуы ең  алдымен    әйелге байланысты  екені айдан  айқын. Қазақтың  тілін,   дінін,  ділін  ұрпақтан-ұрпаққа  мирас мұра   ғылып  жеткізетін әйел-ана.  «Ұлттың мінезін әйел-ана айқындайды» деген  жазушы  І.Есенберлин. Бүгінгі  әр қыз    бала ертеңгі инабатты келін,   болашақ-ана.  Жұмақ ананың табанының астында деген хадис бар.Ендеше қыз балаға, болашақ  анаға көрсетілетін әр қиянат сол жұмағымызды  алыстату емес пе?! «Ұлтыңды сақтаймын десең,қызыңды  тәрбиеле»-дейді  даналарымыз.   Бүгінгі бойжеткен  ертеңгі аяулы ана, ақылшы әже,әулеттің  ұйытқысы.  Ұрпақ   тәрбиелеп,бесік тербетіп қыздарымызды болашақ ана екенін  қазірден бастап  саналарына сіңіру  әр ата-ананың   міндеті.«Ақ бесіктің иесі,  туған жердің киесі» алтын жүректі аналармыз біздің   халқымыздың ең  құнды қазынасы. Өйткені  ананың жүрегі нәзік,  рухы мықты.Ислам діні әйелдерді ерекше құрметтейді.Бірде Пайғамбарымыз жерге төрт   сызық сызып,  «Бұл сызықтардың не екенін білесіңдер ме?»-деп  сұрады.«Алла мен Расулы біледі»дедік.Сонда ол:«Жұмақ   әйелдерінің  ең ізгілері – Хуайлидқызы Хадиша,Мұхаммедқызы Фатима, Имранқызы Мәриям және Мәзахимқызы Әсия»-деді».Фәни жаратылыстың ішіндегі   ең қадірлісі –ана.Жер бетіндегі   нағыз қамқоршың –ана,  жұмақ оның аяғының астында.  Ол  әзірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)үшін, қыздары Зейнеп,Рукия,Уммі Гүлсім және Фатима   үшін айрықша жаратылған жұмақтың   сұлтанындай еді. Адамзат   тарихында,халқымыздың арғы-бергі   өмірінде  ананың  бақытын   бәрінен биік қойған. Ақ жаулықты   аналарымыз   еріне – тірек,  ел бірлігіне тұтқа болған.  Көк   жиектен  тамыр  тартқан   тарихи  оқиғаларға зер салсақ, біздің қыздарымыз  адалдық пен сұлулықтың,батырлық пен  ерліктің  өшпес   өнегесін көрсеткен.Бұл арада Абайды өмірге әкеліп,  бүкіл адамзатқа ортақ  данышпанның   болмыс-бітімін қалыптастыруға зор үлес қосқан  Зере мен Ұлжан аналарымыз,  ұлтының ұлылығын  жоғалтпаған Домалақ ана мен Айша бибі,таңбалы  тарихтағы Қасымханның  анасы - Жаған бике,  Есімханның   анасы–Жақсы бике, қол бастаған Тұмар мен Бопай,өз жұртындағы бірліктің  ұйытқысы бола білген Ұлпан ана, Ұлы Отан соғысы  жылдарындағы  ерлігі мен   әлемге   танылған  шығыстың   қос шынары –Кеңес  Одағының батырлары Әлия мен Мәншүк,мейірбике Ғазиза Өмірбаева,  ал қазақтан шыққан  тұңғыш   ұшқыш  Хиуаз Доспановаға 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Халық қаһарманы»атағы мен «Отан»ордені берілді.Рухы мықты, халқымыздың мақтанышына айналған Хиуаз Доспанова: «Өз басым халқым қарғамайтын, ұрпағымды ұялтпайтын өмір кештім ғой деймін.Ал,мен сияқты әжелердің ойлайтыны – отбасының,Отанының тыныштығы ғана»деген апамыз 2008 жылдың мамырында 86 жасында дүние салды.Қазақ халқының Тәуелсіздігі үшін  арпалысқан ұрпақ 1986  жылдың  қарасы да   жаралы  желтоқсанда  желбіреген қазақтың  өрімдей қыздары еді.  Аталған есімдердің қай-қайсын  алсақта   халық жадында  бейнелері жарқын,  істері  өнегелі,   қалың жұрттың   жүрегінде сақтаулы. Қазақтың ардақты ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова«Қыз баланың мына өмірдегі міндет- парыздарының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол- адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін.Ол осыны қаласын-қаламасын, бұл - өмір заңы»деп көрсетті.               Ана бір қолымен бесік тербетіп,  адамзат баласына  ұрпақ сыйласа,  ал бір қолымен әлемді тербетіп, қоғамның айнасы болуда. Ұлттың  адаспай,  ұлт болып қалуы,  қоғамның ырғақты дамуы,  мемлекетіміздің  өркендеуі – соңында  келіп,   әйелге,  келешек Ана болар  қыздардың   тәрбиесіне байланысты болмақ. Біз рухымыз биік  болғанда ғана Адам деген  асыл есімге кір жуытпай қала аламыз. Діні мен ділі  берік ел –алынбас қамал. Ал оның  болашағы   жастардың қолында. Ата-салт   дәстүріміздің  тұнығын  лайлатпасын десек,  жастарымызға,   әсіресе қыздарымызға  дұрыс тәрбие беру – бәріміздің ортақ парызымыз. Халқымызда «Ананың ақ сүтін адал емген» деген қанатты сөз бар. Мұның мағынасы өте терең. Мазмұны жан-жақты. Жер  бетіндегі тіршілік күннің  көзінен   нәр алса,  адам баласы  ананың сүтінен қуат алады.  Туған Отанына,   сүйікті еліне  адал еңбек ету,  адамзат өркениетіне үлес қосу, адамгершілік  қасиеттерімен –әрбір азаматтың арманы.  Байлығымыз да,  бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді  көздің   қарашығындай сақтай  білуіміз керек. Мәңгілік ел арманына жету үшін көп ақыл, терең ой, іздену, талап, еңбек керек.  Ал мұның бәрі  ананың сүтімен келеді.  Сондықтан   ананың ақ  сүтін ақтау – өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның,Тәуелсіз Қазақстан   мемлекетінің дамуына үлес   қосумен  айқындалады. Жаңа дәуірде Қазақстанның  дүние жүзіндегі  дамыған мемлекеттермен  терезесі тең болып,  гүлденуіне   елеулі үлес қосқан  қайраткер аналарымызды,  апа-қарындастарымызды  біз ерекше мақтан етеміз. Қазақстанда әйелдер  саясатта  болсын, экономиканың барлық саласында, шаруашылықта да  болсын ер азаматтарымызбен  қатар  еңбекке белсене араласып,  өздерінің біліктілігін,  іскерліктерін көрсетіп келеді.

 Адам өмірінің мәні  мен   сұлулығы, келешегіне сенімділігі –баланың ата-анасын ардақ тұтып,  өзінің перзенттік  қарызын   бір сәтке де  есінен шығармауында. Бұл жас  ұрпақтың  мәдениеттілігінің, ең  алдымен адамшылдығының белгісі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  «Әйел-өмір тірегі ғана емес, әйел өмірдің өзі» деп   атап өтуі зор  сүйіспеншілік туғызады. Ананың көзінен нұр төгіліп,жан-жағына   шуағын төгеді,сондықтан да  осы шуақпен  жылынып, нәр алып жүрген  біз алтын ананы мәңгі қастерлеп өтеріміз анық.

 

168 0
Гүлжан Оразгельдиева, Балалар мен жасөспірімдер орталығы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Түркістан облысы, Түркістан қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 01442
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: