Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1028

Жасай бер мәңгі, отаным!


Барша   ұлтты  бауырына басқан бауырмал қазақ халқы біреуді артық, біреуді кем деп көрмеген. Татулық пен достыққа тұруды ежелден серік еткен. Қазақстан - өз ұлты, халқы, діні, тілі, мәдениет, тарихы, сал-дәстүрі бар құдіретті ел. Тарихқа үңіле отырып «Кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз» - деп ойлансақ, бұл туған елінің, халқының өткені мен келешегіне көз жіберген әрбір адамзаттың жүрек түкпіріндегі сөзі. Халқымыздың ықылым заманнан бері басқалармен терезесі тең, мақтана айтуға лайықты тарихы бар, хандық құрған бабаларымыздың есімдері белгілі. Қазақтың құлан жортса тұяғы  тозатын, қыран  қашса   қанаты  талатын ұлан – ғайыр даласы бар. Бабаларымыз ақ найзаның ұшымен,   ақ білектің күшімен қорғап қалған соншама алып далада, мұндайда алып кеңістікте мемлекет құру қиынның қиыны еді. Бірақ мың өліп мың тірілген қазақ ақыры азаттығын алды.

Тәуелсіздік -   қазақ  халқының  бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Біртұтас ел болуды армандаған, тәуелсіздік жолында құрбан болған қазақ елінің ұлы ұлдарын әрқашан есте сақтау әрбіріміздің ұлы парызымыз. Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының жалғасы іспеттес бүгінгі күні Тәуелсіз, егеменді елдің көк байрағын көкке желбіретіп, дүниежүзіне мойындатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. 1991жылы 1-желтоқсанда тұңғыш рет тәуелсіз ел тарихында жалпыхалықтық сайлауда  98,7 пайыз дауыс жинаған Нұрсұлтан Назарбаев халықтың қолдауына ие болды. Тәжірибеде мұндай нәтижелік сайлаулар сирек еді . Желтоқсанның 10-жұлдызында ашылған Жоғары Кеңестің  YII   сессиясы қос тарихи  оқиғаны жалпақ елге жария етті. Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қызметіне кірісуіне арналған Жоғары Кеңес сессиясының мәжілісінде ант қабылдады. Бұл тарихи оқиға Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік мерекелерінің қатарын толықтырды.  Парламенттің қолдауымен  2012 жылдан бастап Тұңғыш Президент күні ресми   мереке  ретінде барлық сән- салтанатпен атап өтілу үрдісіке айналды.

Қазақстан – мызғымас тірлік пен жарасымды бірліктің алтын бесігі, Тәуелсіздіктің түп қазығы. Тұғырлы елдің қол жеткен табыстары  да толымды. Егемен ел еңсе тіктеп, әлемге танылды. Қазақстан үшін  XIX ғасырдың тарихи парағы парасат пен пайымға толы. Жасампаз жылдар жетістігін жаңғыртсақ, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. 1992 жылы Парламент отырысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері яғни туы, елтаңбасы, әнұраны қабылданды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды. 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. 1993 жылы 15 қарашада ұлттық валюта- теңге енгізілді. 1994 жылы  құрамында қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев бар ғарыш кемесі ұшырылды. Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің отырысында Президенттің Астананы Ақмолаға көшіру туралы ұсынысы мақұлданды. 1995жылы 30 тамызда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. 1996 жылы Қазақстан ядролық сынақтарға тегіс тыйым салу келісім   шартына қол қойды. 1997 жылы барлық Қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының жақсаруына арналған «Қазақстан-2030»  стратегиясы қабылданды. Президенттің Жарлығымен Ақмола мемлекттің астанасы болып жарияланды. Сол жылы 10- қазанда Елбасы алғашқы Жолдауын жариялады. 1998 жылы Қарулы Күштердің түрлері яғни әуе қорғанысының күштері мен мемлекеттік шекараны қорғау күштері құрылды. Астананың Халқаралық тұсаукесері болды. 1999 жылы «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты өткен ғасырлардан жеткен орасан зор мәдени- тарихи мұраны сақтап, жинақтап жаңа ғасырдың иелігіне айналдыру міндеті қойылды.

2000 жыл «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланды. Бұл жылы мәдениет мекемелерін дамытуға, олардың материялдық базасын нығайтуға бағытталған едәуір жұмыстар атқарылды. Мәдениетті қолдау жұмысының шарықтау шегі Түркістан қаласының 1500 жылдық тойын тойлаумен сабақтас келеді. 2001 жылы «Қара алтынды» экспорттау жолға қойылып, Каспий құбыры мұнаймен толтырылды. Қазақстан экономикасының әлеуеті күшейген жыл болды. 2002 жылы Вашингтон Қазақстанға Нарық экономикасын таңдаған ел деген стстус берді. Халықтың денсаулығын сақтау және оның деңгейін көтеру мақсатында Президенттің Жарлығымен  «Денсаулық жылы» деп жарияланды. 2003 жылы бейбітшілік сүйгіш қазақ елінің астанасында әлем  және дәстүрлі   дін  өкілдерінің съезі болып өтті . 2004 жыл уақыт талабына сай электронды үкімет қалыптастыру туралы Елбасының Жарлығы шықты. 2005 жылы интеграция ордасы Астанада Шанхай ынтымақтастығы ұйымының отырысы өтті. 2006 жылы Кувейтте олимпиадалық кеңес YII   қысқы Азия ойындарын Қазақстанда өткізу ұсынысын қолдады. 2007 жылы Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйретуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама  игеріле бастады. 2007 жылы Қазақстанда «Мемлекеттік тіл жылы» болып жарияланды. 2008 жылы ел жүрегі Астананың 10 жылдығы атап өтілді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында әлеуметтік нысандар ел игілігіне   берілді. 2010 жылы Қазақстан Еуропадағы Ынтымақтастық және Қауіпсіздік Ұйымына төрағалық етті. Астанада 56 елдің басшылары мен Халқаралық ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит айтулы оқиғаға айналды. 2011 жылы Астана және Алматы қалаларында YII   қысқы Азия ойындары өтті. 8 сәуірде Елбасын ұлықтау рәсімі болды. 2011 жылы « Тәуелсіздіктің екінші ондығы:   бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деп аталады. Соңғы жылдардың өзінде Қазақстанда айтулы жаңалықтар орын алуда. Басқасын айтпағанның өзінде, биылғы жылы өткен Президент сайлауы тағы бір рет халқымыздың бірлігі мен ынтымағын көрсетті. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халық таңдауына ие болып, ел тізгінін қолға алды.

Тәуелсіздік – ол ұлттық мемлекеттілік. Оның тамыры, жасампаздығы, ұраны ел мен халық. Олай болса, өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүру бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстан халқы жаңа әлемнің жаңалықтарына, жақсылықтарына ұмтыла бермек.  EXPO -2017 көрмесін өткізуді  ұтып   алып, зор абыроймен өткізуі де қазақ халқының дүниежүзі алдындағы бірлігі жарасқан, толерантты мемлекет екенін дәлелдеді.

Елін алға, ұлтын мұратқа жетелеген Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы болашаққа жаңа жол ашты. Бір мақсат- бұл біздің Отанымыздың Тәуелсіздігін нығайту. Бір мүдде – бұл біздің ортақ құндылықтарымыз, еркін және өркендеген елде өмір сүруге деген талпынысымыз. Бір болашақ – бұл Мәңгілік Елдің өркендеуі Қазақ елі дәуірдің кемел келбеті. «Мәңгілік елдің» жеті қағидасын іске асыру, елді индустрияландыру, жасыл энергетикаға көшу, тіліміз, дінімізге берік болу, елдің тыныштығын сақтау, жас ұрпақты бабалар өсиетімен тәрбиелеу, оларға терең білім беру, ғылымды дамыту қазақ елінің әр азаматының парызы. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жүріп жатқан іс шаралар еліміздің дамуына қаншалықты ықпал етіп жатқанын біз өз қаламыздан көруімізге болады. Өңіріміздің қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік жағдайы күннен – күнге   жақсарып келеді. Соңғы жылдар ішінде қаншама мектептер, ауруханалар салынып, пайдалануға берілді. Қаламыздың көркіне көрік қосқан сәулетті ғимараттар бой көтерді. Міне, қазіргі таңда облыс орталығы  атанып, қарқынды даму жолына түсті. Бұл ұлт көшбасшысының қасиетті мекенге деген зор ықыласының, қаланың өсіп-өркендеуін ұдайы назарда ұстауының арқасы.

Бұл біздің көңілімізге қуаныш ұялатып қана қоймай, мәдениетімізді, өнерімізді,ғылымымызды, санамызды дүниетанымымызды, мінезімізді де жаңаша қалыптастырды. Бүгінгі күн Тәуелсіз егеменді елдің көк байрағын көкке желбіретіп, дүниежүзіне мойындатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесі.Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім – Мәңгілік ел жасай берсін !

 

 

 

538 0
Айнұр Жүсіпәлі, "Шешендік өнер"үйірмесінің педагогы Түркістан облысы, Түркістан қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 01438
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: