Біздің буын керемет уақытта дүниеге келіп, өмір сүріп жатыр деп санаймын. Себебі, біз тәуелсіз елде туып, еліміздің жыл санап саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда нығайып келе жатқанына куә бола жүріп, оған өз үлесімізді қосу мүмкіндігіне ие болдық. Осының бәрі – Қазақстанның әлемдік аренада мойындалғанының айқын белгісі. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы еліміздің әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі деп санаймын. Әсіресе, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы үшін ерекше қуаныштымын. Себебі, болашақ технологияға байланысты, технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізу басқа салаларға да серпін береді. Сонымен қатар,IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерімен алмаса алатын болады.
Қазір интернетке қосылған компьютеріңіз не планшетіңіз болса, үйде отырып-ақ, құжатқа қатысты шаруаны тындыра беруге болады. Мәселен, анықтама ала аласыз, некеге отыруға онлайн өтінім бере аласыз, баланы онлайн арқылы балабақша кезегіне де қоюға мүмкіндік бар. Алайда электронды құжатқа қатысты осындай жұмыстардың бәріне ең әуелі электронды цифрлы қолтаңба қажет.
2018 жылдың маусым айында Казақстанның бірнеше қалалары мен аудандарында қарапайым халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру мақсатында курс өткізілді. Яғни мектептер мен колледж мұғалімдері 32 сағаттан құрастырылған оқу бағдарламасы бойынша курс өткізді. Соның бірі мен де 50 адамнан (колледжіміздің студенттерінің ата аналары мен колледж тех. қызметкерлері) жиналған екі топқа «Электрондық үкімет және электрондық мемлекеттік қызметтер», «Электрондық сауда», «Ашық үкімет» және «Базалық цифрлық дағдылар» курсы бойынша өтіздім. Курс қорытындысы бойынша қатысушылардың 80 % -і базалық компьютерлік сауаттылыққа үйренді және ЭЦҚ бар адамдар egov.kz порталынан қалай анықтама және т.б. қызметтерін алуды меңгерді. Ал енді халықтың цифрлық сауаттылығының алғышарттарының бірі — осы электронды цифрлы қолтаңба. «Электронды үкімет» порталындағы мәліметтерге сүйенсек, «Электрондық цифрлы қолтаңба» (ЭЦҚ) дегеніміз — электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілі әрі мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлы нышандар терімі. Қолтаңбаны пайдалану өте оңай. Ол үшін ешқандай арнайы білім, дағдылар және құралдар талап етілмейді. Электрондық қолтаңба кілтінің мүмкіндіктеріне сүйене отырып, жеке немесе заңды тұлғалар мемлекеттік мекемелерден тиісті анықтамаларды алуға болады. Мысалы, жылжымайтын мүлкіңіздің бары немесе жоқтығы туралы, мекенжай анықтамасын, салымшының зейнетақы аударымдары туралы анықтама, сотталған немесе сотталмаған туралы анықтама алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып кезекте тұрмай-ақ, үйде отырып, осыларға қол жеткізе аласыз. Айтпақшы, электронды цифрлы қолтаңба ақпараттық қауіпсіздік мақсатында әр азаматқа тек бір жыл мерзімге ғана беріледі. Электрондық үкіметтің мобильдік қосымшасының алғашқы нұсқасы 2012 жылы шілде айында іске қосылған болатын. Ең алдымен мобильдік қосымшаны қазақ және орыс тілдерінде Andrоid пайдаланушылары қолданса, кейін ол іOS жүйесінде іске қосылды. Ең алдымен, қазақстандықтар ұялы телефон арқылы салық, коммуналдық төлем мен айыппұл төлеп, мекенжай анықтамасын алу мүмкіндігіне ие болды. Мобильді қосымшаның да мүмкіндіктері көп. Айталық, қазіргі таңда ұялы телефоныңыздағы электрондық үкіметтің қосымшасы арқылы кезекке тұруға болады екен. Кейін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, операторға кезек нөмірін көрсетесіз. Осылайша кезек күтіп, уақытыңызды жоғалтпайсыз. Бұдан басқа, салық комитетінің қызметін енгізу көзделген. Нәтижесінде онлайн-режимінде қарыздың бар-жоқтығы жөнінде ақпарат алуға мүмкіндік беріледі. Мысалы, сіздің төленбеген мүлік салығыңыз бар. Сол мәліметті тексере аласыз. Порталда мұндай анықтама бес күнде беріледі, ал мобильдік қосымшада бұл қызмет автоматты түрде көрсетіледі екен. Сонымен қатар, «Электронды үкімет» порталының тағы бір мүмкіндігі — азаматтар облыстың кез келген жерінде тұрып-ақ республикамыздың барлық өңірлеріндегі өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікке қатысты анықтамаларды ала алады. Қысқасы, қазіргідей ақпараттың көп, ғаламтордың қарыштап дамыған кезінде «Электронды үкімет» порталы мен электрондық сандық қолтаңбаның тиімділігі уақыт пен қаржыны үнемдеудің тиімді жолы екені анық.