Қазіргі кезде адамдар мен қоғамның салауаттылығы бүкіл өркениетті әлем үшін әлеуметтік сипатқа ие болып отыр. Бүгінгі адам салауатты өмір мен денсаулық мәдениетін игермей тұрып, өзін білімді адам деп санай алмайды. Өйткені, әрқайсымыздың денсаулығымыз – бұл жеке байлық қана емес, ол сондай-ақ еліміздің дамыған елдер қатарына қосылу үшін де қажетті шарт. Яғни, адамдардың денсаулығы да сол елдің өркениеттік деңгейін танытатын маңызды факторлардың бірі. Ал денсаулықтың негізгі шарты – мәдени орта, салауатты өмір салты.
Салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру
Қазіргі кезде білім беру мекемелерінің алдында тұрған міндеттердің бірі – жас ұрпақтың салауатты өмір сүруге көзқарасын қалыптастыру, олардың денсаулығын сақтауға, қоршаған ортасын таза ұстауға және жоғары, сапалы білім алып, сол білімді келешектегі өмірінде пайдалана білуге тәрбиелеу.
Өмір салты мен денсаулық арасындағы өзара байланыс салауатты өмір салты ұғымын құрастырады.
Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Салауатты әрі гүлденген экономика құрмайынша, біз қуатты мемлекет пен қарулы күштер құра алмаймыз, демографиялық, экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шеше алмаймыз, әрбір адамның жеке басының қадір-қасиеті мен әл-ауқатын арттыра алмаймыз»,- деген болатын.
Білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі – дене тәрбиесі арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі. Соған байланысты көптеген құжаттар бар. Сондықтан да мұғалімдерге қойылатын жаңаша талаптар мен өзгерістер туындап отыр. Бұған себеп қазіргі кезде жеке тұлғаның қоғамдық және әлеуметтік мәні дене тәрбиесі мұғалімінің назарынан тыс қалмауы қажет.
"Дені сау адам - табиғаттың ең қымбат жемісі” деп тегін айтылмаған.Салауатты өмір салтына денешынықтыру, спорт, дене тәрбиесі, туризм, халықаралық туризм, табиғатқа серуен, таза ауада жүру жатады. Денсаулықты сақтау мен қайта қалпына келтіру әр адамның өзіне байланысты. Ол оған әрекеттенгенде ғана жетеді. Жасалатын әрекет саналы түрде, өз сұранысын қанағаттандыру үшін жасалу қажет. Денсаулықты сақтау үшін салауатты өмір салтына оң ықыластың болғаны жөн. Бұл ретте оқушы тұлғасы ең құнды дүние болып табылады.Соңғы кезде денсаулықты қалыптастыру факторының ең негізгісі салауатты өмір салты екендігін көптеген педагогикалық, психофизиологиялық, медициналық зерттеулерде, еңбектерде атап көрсетіледі.
Жалпы алғанда, қозғалыс белсенділігінің көрсеткіштеріне көптеген факторлар біріге ықпалын тигізеді, мұнда дене тәрбиесі мен оңтайлы күн тәртіптемесі, әрекет түрлерін ұтымды ауыстырып отыру, баланың бос уақытын физикалық белсенді демалыспен толтыру маңызды рөл атқарады.
Соңғы кезде дәстүрлі сабақ жүйесінде оқу үрдісін ұйымдастырудың кейбір жақтарының кемшіл тұстары ашылуда. Сол себепті де оқу-тәрбие жұмысының тиімділігін арттыратын қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды іздеп табу аса маңызды міндеттердің бірі.
Технология дегеніміз - білім беру үрдісіне қажетті әдіс - тәсілдер жүйесі және техникалық және адами ресурстарды пайдалана отырып оқытуды жетілдіре отырып білімді меңгерту.
Денсаулық сақтау технологиялары көптеген педагогтарға белгілі психологиялық - педагогикалық әдіс - тәсілдер, технологияларды, мәселені шешу жолдарын жинақтайды және соған қоса мұғалімнің өзін-өзі үнемі жетілдіруге ұмтылысы қажет.
Денсаулық сақтау технологияларының мақсаты - баланың денсаулығын сақтау, оның денсаулығын сақтау туралы білім, білігі мен дағдыларын қалыптастыру, алған білімдерін қолдана білуге үйрету, денсаулық сақтау жөніндегі мұғалімнің білімін жетілдіру, оқушының дене шынықтыру жаттығулары мен салауатты өмір сүру салтының денсаулық сақтауды ұйымдастыру - сауықтыру әдістемесін жетілдіру.
Денсаулық сақтау технологиясы педагогтан үлкен кәсіби біліктілікті қажет етеді. Мақсатқа жету мен оң нәтиже алу үшін технологиялық амалдар мен денсаулық сақтаушы әрекеттер жасалу қажет.
Денсаулық сақтау технологияларының жалпы құрылымы мен жүргізілу барысын біле отырып, денсаулық сақтаудың негізгі мәселелерін шешуді жүзеге асыруымыз қажет. Бұл денсаулық сақтау технологияларының маңызды бірінші қадамы деп ойлауға болады. Екінші қадам оқушы мен педагог арасында сенімді қарым-қатынас орнату деп түсіну қажет, яғни оқушыны технологияның субъектісі деп қарау қажет.
Бұл жерде педагог пен баланың қарым - қатынасы тек мәлімет алмасу ғана деп түсінбеу керек. Баланы «мен» тұрғысында дамыту сапалы даму деңгейін береді, осы тұрғыда дамыту оны нағыз субъект ретінде дамуын көздейді.Балаға өзін қоршаған ортаны білім көзі ретінде ғана емес, білімді қолдану ортасы ретінде үйретуіміз қажет.Қозғалысқа бағытталған құралдарда сауықтыру технологияларының міндетін шешеді және оларға мыналар жатады:
- қозғалыс;
- физикалық жаттығулар;
- сергіту минуттары мен үзілістегі бойжазулар;
- эмоцияны басу мен «тыныштық минуттары»;
- гимнастика;
- қозғалысты ойындар.
Табиғаттың сауықтыру күштерін қолдану оқытудың денсаулық сақтау технологияларының мақсатына жетуге үлкен септігін тигізеді. Таза ауада сабақ өткізу биологиялық процестердің белсенділігін арттырады, ағзаның жалпы жұмыс қабілеттілігін арттырады, қажу процесін тежейді.
Жоғарыда келтірілген құралдарды пайдалануға қойылатын бірден-бір талап оларды жүйелі, кешенді түрде пайдалану қажет.
Олар:
- алдын алу әдістері қолданылатын сабақ түрінде;
- функционалдық музыкаларды қолдану;
- сабақты аудио сүйемелдеу;
- жоғары мен төмен белсенділікті қажет ететін сабақтарды кезек қою арқылы;
- қайта оралту іс-шаралары түрінде;
- жаппай спорттық - сауықтыру іс - шаралары арқылы;
- денсаулық мерекесі;
- табиғатқа серуендеу;
- экскурсия.
Сабақ кезінде оқушының ішкі позициялық көз қарасы мен бағыты айқын көрініс бере алады. Сонда ғана сабақ нәтижелі болып, білім сапасы артады. Осы бағыттарда әрбір мұғалімнің оқытуға, үйретуге өз тұғырнамасы болуы қажет.
Олар мыналар:
- Әр оқушының білім деңгейін, қабілетін, мүмкіншілігін түсіну;
- Оқушының бойындағы жетістіктері мен кемшіліктерін қабылдау;
- Оқушыларға қиындықтарды жеңуге, кемшіліктерден арылуға көмектесу.
Дене шынықтыру пәнінің басқа пәндерге қарағанда көптеген ерекшеліктері бар. Мұнда негізінен оқушының қабілеті, бейімділігі баса назарда болуы керек. Дегенмен де оқушыларды бейімдеу, қабілетін дамыту, спортқа деген қызығушылығын арттыру жақсы ұйымдастырылған сабаққа байланысты.
Сондықтан да мұғалім сабақты тартымды етіп теория мен практиканы ұштастыруында жаңа инновациялық технологиялардың тиімділігі баса назарда болуы қажет. Бұл мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас, сабақты жақсы оқитын, спортқа бейім оқушылармен белсенді жұмыс істеп қана қоймай, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жақсы ойлар туғызып, қабілеті жеткен жерге дейін еңбек етуін ойластыру. Барлық оқушылар өз қабілетін ең төменгі жеңіл тапсырмаларды орындаудан бастайды да, оларды міндетті түрде толық орындап болғаннан кейін ғана, келесі күрделі деңгейдегі жаттығуларды орындауға көшіп отырады. Бұл оқушылар арасындағы бәсекелестікті және әр оқушының өз қабілетіне, қызметіне сәйкес жоғары деңгейге көтерілуіне толық жағдай жасалады.
Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, білім сапасын көтеруге сыныптан тыс спорттық шаралардың да маңызы зор. Соның ішінде қазақтың ұлттық ойындары мен қозғалмалы ойындарын, әр түрлі жарыстарын, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, аударыспақ сынды ойын түрлерін өткізіп отыру керек. Осындай жұмыстарды жүргізу нәтижесінде оқушылардың белсенділігі артып, спортқа деген бейімділігі қалыптасады.