Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI1004

Даланың дара ұстазы - Ыбырай


Аңдатпа

Бұл мақалада, қазақ әдебиеті тарихында жастарға білім мен тәрбие беруде орасан еңбек етіп, елеулі жемісін берген ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің еңбегі баяндалған. Оқу-тәрбие жұмыстарына белсене араласып, өзіндік іс-тәжірибесін халық арасында кеңінен қолданған зиялы қауымның алдында әрине ұлы педагог Ы.Алтынсариннің орны бір бөлек. Қашанда жаңа істің бастамасында көптеген қиыншылықтарға тап болып, еш мойымай балаға деген жүрек жылуының, ыстық шапағатының, білімділігінің арқасында үлкен нәтижеге қол жеткізген ұлы ұстаздың өмірі мәңгі шырақ болғаны анық.  

 

Ы. Алтысарин- алғашқы халық мұғалімі, қазақ даласында алғаш рет халықтық мектеп ұйымдастырушы педагогы. Сонымен қатар, Ы.Алтынсарин этнография саласындағы еңбектері халқымыздың салт- дәстүр, әдет- ғұрыптарын қарастырады. Және ол қазақ ауыз әдебиетін зерттеп, қазақтың жұмбақтары, дастандары, мақал- мәтелдері жөнінде ғылыми мақалалар жазды. Лингвистика, тілтану саласында қазақ тілінің тазалығына зор мән берді. Ең бастысы, қазақтың әдеби тілі, оның қалыптасуы мен дамуы, ана тілінің тазалығы Ы. Алтынсариннің негізгі бағыты мен қызметі болып табылды. Ыбырай – қазақтың қара домалақтарын қазақ тілінде оқытуға зор еңбек сіңірген біртуар тұлға. Дидактикалық материалдарды, әңгімелер мен өлеңдерді жазып, қазақ балалар әдебиетінің, қазақ педагогикасының негізін қалаған десек қателеспейміз. Бұл тұрғыда оның ерен еңбегі орыстар төбесіне көтеріп жүрген К.Д.Ушинскийден артық болмаса, кем емес. Сонымен қатар, Ыбырай Сұлтанмахмұт, Бейімбеттерден бұрын қазақ даласындағы әйелдердің әлеуметтік жағдайын аңғарып, олардың халдерін тек қаламымен ғана емес, іспен түзеуді қарастырған: қазақ қыздарына арналған алғашқы мектептер мен интернаттарды ашуды қолға алған алғашқы адам.

Ыбырай атамыздың мол тағылымға ие әңгімелері өзектілігін жоғалтпай, мектеп бағдарламасында әлі де оқытылып жүр. Тіпті, керісінше, олар уақыт өте келе анағұрлым орынды, анағұрлым өзекті бола бастаған сынды. Алтынсариннің «Әке мен бала», «Дүние не етсең табылады?» деген әңгімелері әр қазақстандықтың санасында сайрап тұрған шығар, сонымен қоса еске түскен сайын балалық шақтың дәмін ауызға әлі де келтіреді деген сенімдемін.

Кей деректерге сүйенсек, ұлы ұстазымыз 20-сыншы қазан күні дүниеге келген делініпті. Бұл күні Ыбырай атамыздың мерейтойын әр білім ордасында ерекше атап өтсек, нұр үстіне нұр болар еді деген пікірдемін. Себебі Ыбырайдың еңбегі, Ыбырайдың шапағаты әлі де біздің өмірімізге мол тиюде.

Ыбырай Алтынсарин  «Халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім», – деп жазған екен генерал – губернаторға бағыттаған хатында. Оған қоса нағыз мұғалімнің қасиеттерін де ерекше атап өтіпті. Сол идеал мұғалім тұлғасын әуелде өзі өз өнегесімен көрсете білді. Қазіргі заман талабына сай болуды армандаған ұстаздар Ыбырай сынды ұлы ойшылдан тағылым алып, оның қазақ балаларын оқытып тәрбиелеудегі үлесінің тым болмағанда жартысына қол жеткізе алса – міне, нағыз педагог сол болар еді деген көз – қарасты ұстанамын. 

Қазақ әдебиеті тарихында жастарға білім мен тәрбие беруде орасан еңбек етіп, елеулі жемісін берген ұлы ағартушылар аз болған жоқ. Оқу-тәрбие жұмыстарына белсене араласып, өзіндік іс-тәжірибесін халық арасында кеңінен қолданған зиялы қауымның алдында әрине ұлы педагог Ы.Алтынсариннің орны бір бөлек. Қашанда жаңа істің бастамасында көптеген қиыншылықтарға тап болып, еш мойымай балаға деген жүрек жылуының, ыстық шапағатының, білімділігінің арқасында үлкен нәтижеге қол жеткізген ұлы ұстаздың өмірі мәңгі шырақ болғаны анық. Кемеңгер ұстаздың педагогикалық-психологиялық және әдістемелік ұсыныстары өмірлік тәжірибеден алынған, терең мағынаға, озық идеяға құрылған. Ұлы педагогтың ізгі ойлары мен педагогикалық тұжырымдары, оның ішінде оқушы жастарды имандылыққа тәрбиелеу тәсілдері мен жолдары терең мазмұнда айтылған. Себебі, парасатты педагог «мектеп-әр шәкірттің қабілетін дамытып, қамқоршы-жасампаз тұлға тәрбиелеу міндетін атқаруы тиіс» екендігін барлық іс-әрекетімен тамаша дәлелдеп берді. Ал мұғалімнің бойында адамгершілік мінезді, әдептілікті, имандылықты қалыптастырып, мейірімсіздікке жол бермеу керектігін барлық еңбектерімен тиянақтап көрсетті.Қазір жаңалық деп жүрген ынтымақтастық пікірін сол кездің өзінде-ақ ұлы педагогтың шығармаларынан байқауға болады. Ұстаз, шәкірт, ата-ана және халық арасындағы бағалы қасиеттерді бағалау, сақтай білу-оқу орындарының, педагогикалық ұжым мүшелерінің басты міндеті екендігін жан-жақты көрсетіп, дәлелдеп берді.

Бәріміз бір адамның баласымыз,

Жігіттер бір-біріңе қарасыңыз.

Өмір деген бес күндік кетер өтіп,

Атаң барған орынға барасыңыз,- деп көпшілікті бірлікке, татулыққа, түсінісуге шақырды. Өзі де осы тұғырдан орын алды.

Ы.Алтынсарин мектептегі тәртіпке мықтап көңіл бөлген. «Тәртіп-мектеп үйі шаңырағының ең қажетті тірегі, ұжымды сымбаттандыратын құрал. Тәртіптің шындыққа айналуы әр оқушының бойында тәртіптілік сезім тудырады»,- деп тәртіп деген педагогикалық ұғымға терең талдаулар жасайды. Сондай-ақ, «тәртіп- оқушының мектеп ережесіне бағына білу мен шын еркіндіктің табиғи бірлігі»,- деген сөзді ұлы ұстаз Ыбырай айтып кеткен.Данышпан әр оқушыны біртұтас жасампаз тұлға деп қарайды. Сондықтан жеке адамның бойынан адамгершілік қасиеттердің бәрі табылса біртұтас мінез қалыптасатынын дәлелдей көрсетті.

Ы.Алтынсариннің шығармалары өмірдің өзектілігін көрсететін тың туындылар. Ұлы ұстазымыздың бүгінгі мектеп өмірімен үндестік табатын педагогикалық тұжырымдарын жалғастыруда мұғалімдердің жан-жақты ізденіп, жұмыс істеуі үлкен нәтижеге қол жеткізетіні анық.Адам өміріндегі әдеттің де өз орны бар екендігін, істеген істің, жүріс-тұрыстың өзі де әдетке айналатынын аңғартты. Бірақ әдеттің де әдеті. бар. Адамда жағымды және жарамды жақсы әдеттермен қатар, қарамсыз, жаман әдеттер де болады.

Мәселен, салақтық — жаман әдеттердің бірі. Одан тәнге де, жанға да рахмет жоқ. Осыған орай Ы. Алтынсариннің «Салақтық» атты әңгімесі жағымсыз әдеттің адамзат атаулысына зиянды екендігін анық көрсетеді. Ыбырай еңбек сүймей, жалқау болып өскен адамдар қулық-сұмдықпен күн көруді көздейді, ал мұның өзі барып тұрған жексұрын қасиет екендігін, олай болса үлкендер балаларды кішкентайынан еңбекке баулу қажеттігін естерінен шығармауын ескертеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, жас балалардың басында кездесетін түрлі жаман мінездерді отбасындағы тәрбиемен терең астастырады. Адам үлкен тәлімі мықты тәрбиенің нәтижесі. Ол өмірге пешенесіне не жазылса, сонымен келмейді, оның тағдыры туысынан белгіленбейді. Адамдық қасиетінің қалыптасатын жері — өмір талқысы, әрекет етуі, тәрбиесі. Күн мен Ай бәрімізге ортақ, бәріміз де адамның баласымыз, ешкімді біріңнен бірің артықсын деп айыруға болмайды, — дейді ұлы ағартушы. Ол адам психологиясындағы өзгерістерді қоғамдағы тарихи факторлармен байланыстырады. Ы.Алтынсариннің ойынша адамның сана-сезімін негізінен тәрбие билейді. Соған байланысты жеке тұлғаны адалдыққа, еңбекке, ұқыптылыққа, талаптылыққа тәрбиелеу, адамгершілік жақсы қасиеттерді олардың бойына дарыту арқылы адами мінез-құлықтарын өздері игере алуларын ойластырған.

Қорыта айтқанда, ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің шығармашылығы жалпы адам өмірімен тығыз байланысты. Адамның адам болып қалыптасуына, өмірдегі ой-толғанысына ерекше мән бере отырып, мысалдар келтірген. Өз халқын оқуға, өнерге үндеуі надандыққа, зұлымдыққа қарсы шығуы, сол кездегі әлеуметтік теңсіздіктің бетін ашып, өмір шындығын көрсетуі, жастарды жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуі өмірдегі ең құнды еңбегі болып табылады. Сондықтан да Ыбырай Алтынсариннің шығармалары қазақ әдебиетіміздің төрінен заңды түрде орын алып, қазақ жастарының жан-жақты, білімді азамат болуына өз ықпалын тигізе бермек.

 

160 0
Айнұр Аралбаева, №16 Перизат бөбекжай бақшасының тәрбиешісі Ұлы Дала Ұстазы № 000397
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: