Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI97

ОЙЫН АРҚЫЛЫ БАЛАЛАРДЫҢ ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУ

          Бастауыштағы тәрбие - барлық тәрбиенің бастамасы. Ал, баланың жан - жақты дамуы үшін ойынның рөлі ерекше. Ойын барысында балалардың айналадағы дүние жайында мағлұматтары кеңейіп, жауапкершілігі артады. Ойын - өсіп келе жатқан бала организмінің қажеті. Ойында баланың дене күші артады, қолы қатайып, денесі шыңдала түседі, көзі қырағыланады, зеректілігі, тапқырлығы, ынтасы артып, жетіле түседі.Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл – әрекеті - ойын. Қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» - деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. 

          Педагогикалық үдерісті жетілдіруде ойынның алар орны ерекше. Ойын – баланың білім-білік дағдысын қалыптастыратын тәрбие құралы. Ойын-мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Ойынға тек ойын деп қарамай халықтың асыл қазынасы, бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы деп қараған орынды. Жас бала ойынға алдымен үйренуші, көруші өсе келе соған белсенді қатынасушы келесі кезеңде үйретуші, жаттықтырушы, ұлғая келе көруші, жанкүйер ретінде қатынасады. Ойын барысында балаларды ашық, асықпай сөйдеуге және айтқан сөзді, сөйлемді дұрыс түсініп, қабылдай білуге, байланыстырып сөйлеуге дағдыландырады. Баланың ойыны ересек адамдардың еліктеуден өрістеп, бара-бара шын мәніндегі еңбекке айналады. Ойын балалар үшін қоршаған ортаны танып-білудің ең жеңіл де ұтымыды тәсілі. Балалар алған білімдерін ойын барысында көрсете білуге, бір-бірімен қатынас жасауға, әділ болуға, қиындық кезінде көмектесуге, өз ойларын жеткізе білуге, қиялының дамуына, қиындықты ақылмен жеңе білуге жаттығады. Ойынды балалар өмірін ұйымдастырудың формасы ретінде пайдалана отырып, алдымен солардың ортақ мүддесін бағыттап және дамытып отыру балалар ұжымын топтастыруға күш салу керек. А. С. Макаренко ойынның балалар өмірін ұйымдастырудағы рөлін жоғары бағалай келіп, тәрбиешінің рөлі туралы былай деп жазды: “Мен де педагог ретінде олармен аздап ойнауға тиіспін. Егер мен тек қана үйретіп, талап етіп, айтқанымды істетіп тұрсам, онда сен бәлкім пайдалы, бірақ жақындығы жоқ бөгде күш қана боламын. Мен міндетті түрде аздап ойнауға тиіспін және мен өзімнің барлық әріптестерімнен осыны талап еттім”. Ойын – мектеп жасына дейінгі кезеңде басталып, адаммен өмір бойы ілесіп жүретін ерекше қызмет түрі. Қазақ халқында “баланы ойын өсіреді” деген даналық сөз бар. Бала ойнап жүріп ойланады, жүйкесі тынығады, көңілі өсіп, ойы сергиді, денесі шымырланады. Ойын арқылы тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, ұлттық ерекшелік, дәстүр жайлы танымы, түйсігі қалыптасады.

         Ойын- баланың жан серігі. Қай бала болмасын, ойнап өседі. Ойын сырттан қарағанда қиындығы жоқ, оп-оңай көрінуі мүмкін. Ал іс жүзінде, бала үшін ойынға қатысты басқалармен тіл табысып, өзінің ойлаған ойын іске асыру оңай емес. Ойынға зер салып, ой жүгіртіп қарар болсақ, сол ойындардан үлкен де мәнді-мағыналы істер туындап, өрбитінін байқаймыз. Бала қиялы шексіз, балалар жас кезінде ойнап жүріп, арман-қиялға беріледі, сол қиялы, есейген шағында орындалып жатады. Сондықтан да ойын – бала бойындағы қандай да болмасын бір өнердің бастауы деп білеміз. Өйткені болашақ ел қорғаушы батыр, жауынгер, халық қайраткерлерінің нышаны ойын үстінде көрінеді. Сол ойын арқылы шынығып, өзінің бойындағы табиғи дарынын шыңдай түседі. Балаға білім беруде ойын арқылы жан-жақты дамыту жүйесін құру проблемасы туып отыр. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде оқу-тәрбие үрдісін іске асырудың бір жолы балаларды ойын арқылы оқыта отырып дамыту.

        Ойын – балалардың негізгі іс-әрекеті. С. Торайғыров: “Балалықтың қанына ойын-азық”, - деп бекер айтпаса керек. Өйткені ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын арқылы бала өмірден көптеген мәліметтер алады, өзінің психикалық ерекшеліктерін қалыптастырады, яғни ойын арқылы бала білім алады. Бала зейіні қажет ететін, әдейілеп ұйымдастырылған ойындар, оның ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, ерік-жігерін қалыптастырады. Бастауышта оқитын баланы дамытатын, өсіретін, әрі тәрбиелейтін де негізгі іс-әрекет – ойын. Арнайы ойын ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды заттарды бір-бірімен салыстыруға, олардың қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламаның міндетін меңгереді. Ойын ұйымдастыруда балаларға жетекші бола отырып, ойнай білуге, ойын ережесін сақтауға, әрі оларды ойната отырып, ойлануға бағыттайды. Заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып зейінін, қиялын дамытады. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, бүкіл өміріне ұштаса береді. Сонымен қатар ойын – тынысы кең, ойдан-ойға жетелейтін, қиялмен қанат бітіретін осындай ғажайып нәрсе ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы. Балалардың ой белсенділігін, саналы ойлана білуін дамыту, жетілдіру – тәрбиешінің міндеті. Қызығушылықты туғызу үшін ойын түрлерін пайдаланудың орны бөлек. Тиімді қолданылатын ойын түрлері тәрбиешінің түсіндіріп отырған материалын балалардың зор ынтамен тыңдап, берік меңгеруіне көмектеседі. Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін әрі тәрбиелейтін негізгі іс-әрекет ойын. Ойынның міндеті – баланың қызығушылығын оятып, белсенділігін арттыру мақсатында іріктеліп алынатын нақты мазмұнмен анықталады.

        Бағдарлы ойындар – үстел үсті ойындары, заттық-дидактикалық ойындар, логикалық ойлау қабілетін және балалардың шығармашылығын дамытатын ойындар, сюжетті-рөлді ойындар. Ойындардың қай түрінде жеке алып қарастырсақ, бұл ойындар баланың таным қабілетін, логикалық ой-өрісін кеңейтіп, оқу қызметіне ынтасын арттырады. Үстел үстінде қолданатын ойындар балалардың қимыл белсенділігін, ептіліктерін дамытады, өзара бірлесіп ойнау қабілеттерін жетілдіріп, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Дидактикалық ойын ережелері –балаларды ұстамдылыққа, тәртіптілікке баулиды, сонымен қатар ізденімпаздылықтарын арттырып, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі. Ойындар мазмұнына қарай, өзіне тән ерекшелітеріне қарай сюжетті-рөлді, драматизациялық, дидактикалық, құрылыс ойындары, саусақ ойындары, қимылды ойындар, ұлттық ойындар болып бөлінеді. Қимылды ойындар – баланың барлық жас кезеңінде өтеді. Күні бойы балалар жабдықталған ойын орталықтарында ойын алаңы ретінде ойнай алады. Ал, қазақ халық педагогикасында саусақ ойыны ұрпақтан-ұрпаққа қалған мәдени-шығармашылық ойын болып табылады. Осындай мақсатта қоғам дамуының айқындайтын негізгі көрсеткіштерінің бірі – ақпараттандыру болғандықтан, бүгінгі адамзаттың шығармашылық әрекетінің нәтежиесі компьютердің де маңызы зор. Оқу іс-әрекеттерінде интербелсенді тақтаның мүмкіндіктерін пайдаланып, қызықты өткізуге болады. Инновациялық технологиялардың ерекшелігі – білімді жатқа меңгерту емес, балалардың өз бетінше меңгеруіне ұмтылатындығында. Ол есту, көру қабілеттерін арттыруға, сөздік қорын ауызша дамытуға бағытталады. Жаңа технологияларда пайдалана отырып оқыту арқылы балаларды жетістіктерге жеткізуге болады. Ойын таным процесін дамытудың негізі болғандықтан, әрбір ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде үнемі ойын элементтерін қолданып отырған дұрыс.

2 046 0
Гулшат Абаева, Қазыбек би атындағы №67 мектеп ЖОМ бастауыш сынып мұғалімі Түркістан облысы, Жетісай ауданы Ұлы дала ұстазы № 000040
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: