Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI878

Ы. Алтынсариннің шығармашылық мұрасының тәрбиелік әлеуеті

"ХІХ ғасырда қазақ даласынан шығып, орыс,

Еуропa мәдениетіне қoлы жеткен oқымысты,

халық ағартушылар дәрежесінe көтерілген әрі педагог,

әрі ақын-жазушы Ыбырaй Алтынсариннің

өз халқының келешегі үшін істеген еңбегі зор"

Қажым Жұмалиев

 

 

 

      «Қазақ деген – жасанды мінезі жоқ, қарапайым халық, бірақ сол қарапайымдығының өзінде оның көп жақсылығы жатыр», «өз елімізге қолдан келгенше кызмет ету – біздің әрқайсымыздың борышымыз»деген ұлы ағартушының сөзі  әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ. Аса көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының  әдебиеті мен тарихында  жаңашыл-педагог, білім ордасының іргетасын қалаушы, этнограф, фольклоршы, ақын прозашы, қазақ тарихының жанашыры ретінде кеңінен мәлім.

      Ы. Алтынсариннің өмір жолы, еңбек еткен ортасы, әлеуметтік істері өзгешелеу. Біріншіден, Ыбырай Абай мен Шоқан аңсаған халқын мәдениетті елдер қатарынан көрінуіне үлес қосты. Екіншіден, өзінің шығармаларын екі тілде бірдей жазды. 

   Қазақ әдебиетінің тарихында Ыбырай балалар әдебиетінің алғашқы жазушысы болды.Қазақтың қарадомалақ балаларының материалдық байлығынан гөрі рухани байлығын азық етуге шақырып, қазақ даласына:

Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық!- деп  жар салды.

-Мал- дәулеттің байлығы

Бір жұтасаң жоқ болар.

Оқымыстың байлығы

     Күннен-күнге көп болар,- деп өсиет айтқан.Ыбырай қазақ балаларының менталдық бейнесін жасаған жазушы, көркем сөз шебері. Оның әр шығармасы- баланың жан сарайына сәуле түсіретін, рухани көкжиегін кеңейтетін, ізгілікке, еңбексүйгіштікке шақыратын рухани мұралар.

       Ыбырайдың инновациялық ой –әрекетін көрсететін шығармасының бірі-«Мұсылманшылықтың тұтқасы» қазіргі уақытта ерекше аталмақ.  Жетпіс жыл бойы кеңестік дәуірдің ықпалымен қазақ мектептері діни білімнен іргесін аулақ салып келген еді. Ыбырайдың «Шариати ислам» кітабынан сол кездің өзінде оқыту ісін дінтанудан, мұсылмандықтан ажыратпағанын көреміз.Кейін бұл кітап «Мұсылманшылықтың тұтқасы» деген атаумен жарық көреді.

     Қазақ балаларының білім алуы үшін Ыбырай 100 адамдық мектеп ашып шығынданғанша, 10 адамдық мектеп ашса, әлдеқайда нәтиже боларына сенімді болған. Бұл қазіргі  алып мектептердегі оқу- тәрбиенің процесін басқарудың қиындығын уақыттың өзі көрсетіп отырғанына дәлел. 

     Сондай - ақ Ыбырайдың : «Мектеп қабілетсіздік пен жалқаулықтың ұясына айналмауы керек, педагогикада ең жақсы оқыту әдістерін таба білу керек»,- деген сөзі қазіргі заманда мәнін жойған жоқ. Ыбырай -өзі іргетасын қалаған мектептеріне санасындағы барын сығып берген, жанкештілік пен іскерлігін сарп еткен жан.

       Мектеп ашу мәселесі көтерілгенде Ыбырай Алтынсарин балалардың түсінігіне ыңғайлы оқулық жазуды көздеді.Міне, сондай тарихи еңбегінің бірі- «Қазақ хрестоматиясы». Бұл кітапқа енген төл туындылар мен аудармаларын жазғанда, алдымен бала ұғымына лайықты, қызықты болуына баса назар аударды. Шығармалар бала қиялын шарықтататындай тағылымды, тілі шұрайлы, шынайы болды. Осы орайда ағартушыны бала жанының зергері десек, артық болмас.

      Ыбырай білімге ғана үндеу жасамай, ол білімнің тек еңбекпен келетіндігін айта отырып, балаларды еңбек етуге шақыратын шығармалар жазды. Сондай шығарманың бірі- «Бай баласы мен жарлы баласы». Бұл шығарма жас баладан еңкейген кәріге де таныс. Мұның негізгі түйіні тұрмыс тауқыметін тартқан бала табандылыққа, қайсарлыққа тәрбиеленеді. Қиындықтан оңай жол табады. Әңгіменің өміршеңдігі сол- қазіргі заманда да еңбексіз жақсы тұрмыс та, терең білім де жоқ екені, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіндігі». Тағы бір «Талаптың пайдасы», «Әке мен бала», «Атымтай Жомарт» әңгімелерінде  еңбектің қажет екенін насихаттайды.

      Мейірімділік, рахымды болу, бір заттың сыртына қарап қызықпау керектігі, сабырлы болу, үлкенді сыйлау, адамгершілігі жоғары болуға шақыратын «Алтын шеттеуік», «Аурудан аяған күштірек», «Асыл шөп», «Шеше мен бала», «Бақша ағаштары»  қазіргі балалар керемет сүйіп оқиды.Уақыт өтсе де, саф алтындай жарқырай беретін Ыбырайдың тәлім- тәрбиеге толы мұрасы қазақ әдебиетінің тарихынан ешқашан жоғалмайды деген сенімдемін.

... «Туған елге пайдалы іске қолдан келгенше үлес қосу- әрқайсымыздың міндетіміз»,- деп кеткен көреген ғұламаның сөзі де, ісі де әрқайсымызды өмірге құлшындырып, жаңа ғасырлардан жалғасын таба берсе керек.

     

197 0
Асем Кокишева, А.Құнанбаев атындағы мектеп гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Қостанай облысы, Арқалық қаласы Ұлы Дала Ұстазы № 000528
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: