Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI868

Мұқағали Мақатаев шығармаларындағы ана бейнесі


Анаға арнаған өлеңінде ақын Мұқағали Мақатаев: «Тәңірім кеше көрсін кесірімді. Аспанға жазам сенің есіміңді! Шеше, сен бақыттысың, тербете бер, Құба талдан иілген бесігімді...» деп философиялық ой түйіндейді. Ал Төлеген Айбергенов: «Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем? Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен. Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем, Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен» дейді. Иә, Ана – асыл бейне.

Шынымен де өткен заманнан қалған туындыларға, жәдігерлерге, тастарға түскен көне кескіндерге көз салсақ, ескі дүниелерге үңілсек, аңыздарды, мифтерді, ертегілерді жаңғыртып, обалардан табылған заттарға қарасақ, адам адам болып жаратылғалы адамзат үшін Ананың рөлі орасан зор болғанын пайымдаймыз.

Сөзіміз жалаң болмауы үшін көне заман аңыздары не дейді, соны бағамдағанымыз дұрыс. Грек аңызы мынау түпсіз жалған дүниеде пайда болған Жердің аты – Гея атты құдай, ал Гея болса Уранд – Аспанды және Понт – Теңізді жаратады дейді. Римге жақын жер Черветерден табылған аттикалық амфорда бейнеленген – Зевс пен мұхит құдайы Метиданың қызы, Афина Паллада ақылдың көрінісі, белгісі ретінде бағаланады. Ал Олимп биігінде мәңгі өмір кешкен Зевс болса, 9 әуенді сол жерге алып шығып тыңдайды, оларды есте сақтау құдайы Мнемозина жаратқан еді. Ол әуендер: Клио – тарих музасы, Каллиопа – эпикалық өлеңдер музасы, Мельпомена – қайғы музасы, Урания – астрономия музасы, Терпсихора – би музасы, Эрато – махаббат өлеңдері музасы, Эвтерпа – лирикалық поэзия музасы, Полигимния – құдайлар құрметіне арналған рух. Яғни аңыз бойынша мынау алып дүниені, тіпті адам бойындағы бар қасиетті, санамыздағы бар өнерді Ана құдайлар жаратқан.

Қазақ халқының байырғы ата-бабалары үшін де Өзен – Ана, Күн – Ана, Ай – Ана. Халқымыз қасиетті қара жерді – Жер-Ана деп құрметтеп, туған тілін – Ана тілі деп әспеттеген. Иә, Ананы алып Бәйтерекке де теңейміз, оның саясында «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген» ананың аялы алақаны, асқан төзімінің арқасында Жаратқан берген ғажайып ақыл мен мынау шексіз дүниенің иесі – адамзат өмір сүріп, өркендеп, өсіп жатыр. Сондықтан да Анамыздың есімін қауырсын қаламның ұшымен «Аспанға жазамыз», бейнелеу өнерімен тасқа қашап саламыз, ғажайып мифтік бейнелерге айналдырамыз, аңыздар мен ертегілер тудырамыз, кейінгі ұрпаққа үлгі етеміз. Ақын айтқандай: «Екі жыр жазсақ біреуін анаға арнаймыз». Бұл жерде де ақындарымыз ананы Аспанға шығарып, Аймен, Жермен, Күнмен теңестіреді. Ананың Күндей шуақты мейірімділігі, Айдай аяулы әсемдігі, асқар Таудай қайраттылығы, төзімділігі, Дариядай аста-төк ақылдылығы, даналылығы, Дүниедей кеңдігі, Судай таза мөлдірлігі, Жердей жұмсақтығы, жомарттығы, Бәйтеректей саялы болуы, қысқаша айтқанда бар образды бейнесі, көне заманнан-ақ Анаға деген сеніміміздің, махаббатымыздың, құрметіміздің белгісі. Адамзат жаралғалы бері Ананың рөлі ешқашан өмірде де, тіршілікте де төмендемегенін, қайта қасиеті ашылып, құдіреті артып жатқанын, абройының төрден орын алып, өнердегі, өмірдегі бейнесінің қол жетпейтін биікке шарықтағанын көрсетеді.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін Андронов мәдениетіндегі ескерткіштерді зерделесек, Анаға қатысты дүниелер ол жерде өте көп. Мысалы, б.з.д. VIII-VII ғасырда жасалған шаш қыстырғыштар, білезіктер, айналар табылған, б.з.д. XIV-VII ғасырларды қамтитын Қотанемел бейітінен табылған шекелік сақиналар, б.з.д. XII-IX ғасырда жасалынып, Мыңшұқыр зиратынан табылған алтынмен жалатылған қола сырға, Қойшоқы қорымынан табылған моншақтар, Есік бойынан табылған алтын әшекейлер. Бұл жәдігерлер шынымен тамаша бұйымдар. Күнге, Айға, Жерге табынған әжелеріміздің Сақ заманындағы киім үлгілері М.В.Гореликтің реконструкциясы бойынша қалпына келтіріліпті. Айтпағымыз, сол замандардың өзінде әйелге арналған бұйымдардан Анаға деген құрмет пен махаббаттың иісі аңқып тұр.

VI-VII ғасырда Алтайдан табылған балбал тастар, қола дәуіріндегі, сақ дәуіріндегі, түркі тілдес халықтардағы, Еуропа даласындағы кемпіртастар, Баянауыл маңында, Аласу, Қарқаралы, Беғазы, Жылысбай, Жекешат мекендерінде кездесетін кемпіртастар Ана бейнесін тереңдете түседі. Даламызда әлі де қасқайып тұрған Қозы көрпеш – Баян сұлу кесенесі, Айша бибі кесенесі, Бабажы қатын ескерткіші, Жұбан ана ескерткіші, Қарашаш ана, Бегім ана кесенелері де ұлан-ғайыр даланы қоныстанған тайпалардың салт-дәстүрін айшықтап, сол қоғамдағы әйелдің орнын көрсетіп, Ана образын толықтыра түседі.

«Отан-Ана», «Жер-Ана» үшін алып соғыстардың болғаны рас, соғыстардың әлі де үзілмей келе жатқаны да ешкімге жасырын емес. Афина құдайының ең сүйіктісі Одиссей, Итака аралының патшасы, ол құдай ананың арқасында, қиындықтан құтылып, соңында жеңіп шығады. Аморга болса б.з.д. 305-334-жылдардағы сақ патшасы, Кирдің қолына түседі, сонда Аморганың жұбайы, батыр ана Әспеттер ханша көп әскермен барып патшаны босатып алады. Тұмар ханым б.з.б. 570-520-жылдары өмір сүрген сақ патшасы. Ол әйел патшаның ерлігі мен өрлігі, ақылы асқан, айлалы патша болғаны, сол замандағы әйелдердің қоғам дамуындағы ең жоғарғы иерархияда болғанын көрсетеді. Оның асқақ рухы бүкіл адамзатқа әлі де үлгі. Бұл аңыздардан Ананың патшаларға да, батырларға да, бар халыққа, яғни әлемдегі өзгерістерге өз әсерін тигізетінін көреміз. Даналығымен аты шыққан аналарымыз алып соғыстарды да, жеке батырлар арасындағы бітіспес тартысты да екі ортаға тазалық символы – ақ орамалын тастап, әп-сәтте тоқтатқан кездері болған. Ананың қантөгісті қаламайтын, бейбітсүйгіш қасиетінің, бәрінен де биік тұрғанының көрінісі осылай жыр шумақтарында жазылған. Міне, сол кездегі ананың даналығын, ақылын, құдіретін, анаға деген адамзаттың құрметін осы бір сәттен-ақ білеміз. Ел аузындағы аңыздардан қадір-қасиеті ертеден-ақ танылған, айтқан сөзі ақиқатқа айналған, болжампаз, кішіпейіл, төңірегіне нұрын шашқан, VI-VII ғасырларда өмір сүрген Домалақ ана – Нұрила – қазақ халқының осындай абыз аналарының бірі. Мұны бізге жеткізген тағы да көне шығармалар, ескі жазбалар. Тарихи-дерекнамалық еңбектерде қазақ ішіндегі қасиетті Аналардың ел басқару ісіне араласып, кейде олардың есімімен тұтас ру-тайпалардың аталу фактілері де көп кездеседі. Мысалы: Ана (шын аты Бөкей), Домалақ-ана (Албан-Суан, Дулат руларын кейде осылай атайды), Қызай (Найман), Дәулетбике, Алтын, Мәукеш, Айбике, Нұрбике, Ұлдай, Жезбике, Нәнжіл т.б. аналардың есімдері ру атына айналған. Тіпті кейбір қазақ руының ұрандары да Ана есімімен аталған.

Халық болмысының айнасы – фольклорымыздан жағымсыз әйел бейнесін кездестіру қиын. Оның орнына Құртқа, Гүлбаршын, Қаракөз, Қарлыға, Назым, Ақжүніс, Қыз Жібек, Баян сұлу, Айман-Шолпан, Қарашаштың бірі ақылымен, бірі көркімен, енді бірі өжеттік-ерлігімен елге қорған, ұрпаққа пана Ана болғанын көреміз.

Енді әр дәуір суретшілеріне тоқталсақ, Сандро Боттичелли «Венераның тууы» (1482-1483 ж.ж.), Эдгар Дега «Бишілер» (XIX ғасыр), Эдуард Моне «Олимпия» (1863 ж.), Ван Гог «Арлезианка» (1888 ж.), Рембрандт «Саскидің портреті» (1633 ж.), Леонардо да Винчи «Джоконда» (1503 ж.) «Әулие Анна Мариям сәбиімен» т.б. әйгілі суретшілердің нәзіктікке толы туындыларын атап өтуге болады, әлбетте бұл адамзаттың рухани даму кезеңіндегі асқақ туындыларды білмейтін адам кемде-кем.

1734-1737 жылдары қазақ жерінде болған ағылшын суретшісі Джон Кестелдің суретіне қарап, Әбілқайыр ханның жұбайы, ақылды, білімді, ер мінезді Бопай ханымды балаларымен бірге көреміз. Ал тарихқа үңілсек ақылы озған Бопай ханымның орыс патшасы Аннаға, сосын Элизавета Петровнаға хат жазып, күйеуінің саясатын қолдағанын, күрескер ана болғанын байқаймыз.

Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиесі, дәстүр жалғастығы, әдет-ғұрыптардың қалтқысыз орындалуын қадағалап отыруда Ананың қызметі айрықша. Аналар әуелі үй-ішімен, отбасы береке-бірлігінің ұйытқысы болып, одан асса, ауыл-ел ынтымағының жарасуына ықпал жасаған. Адуын би, азулы хандардың өзі ел Аналарының айтқан ақылына құлақ асып отырған. Аналар бейнесі қазақ жазушыларының тарихи-көркем шығармаларында да жан-жақты сомдалған. М.Әуезовтің «Абай жолындағы» Зере, Ұлжан, Ғ.Мүсіреповтің Ұлпаны т.б. көркем бейнелерде бүкіл қазақ әйелдерінің бітім-болмысы жинақталып, шеберлікпен көрсетілген.

Музыка өнерінде Ана тақырыбын қозғамаған күйші, әнші, сазгер жоқ десек те болады. Сазгерлік өнер мен ақындық өнердегі Ана бейнесін «Ана туралы жырынан» тыңдасақ жеткілікті. Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев, Ә.Еспаев сияқты дарынды композиторлар, олардың өкшесін басқан М.Омаров, М.Ілиясов сияқты кейінгі буын композиторлары, аты аталмай кеткен өнер қайраткерлері де қазақ музыкасын биікке шығарды, өз заманындағы «Ана» бейнесін басқаша жырлап, басқа әуен бояуына малындырып, асқақтата түсті. Күй атасы Құрманғазы, күйші Анамыз Дина Нүрпейісова, М.Төлебаев, А.Жұбанов, Ғ.Жұбанова, К.Дүйсекеевтің шығармалары да Анадан бастау алады. Ана бейнесін асқақтатқан әншілер сапының басында К.Байсейітова, Ж.Омарова, Р.Бағланова, Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, Р. Рымбаева, Б.Шүкеев, М.Жүнісова, Н.Есқалиева есімдері ұлтымыздың мақтанышы. Ананың балаға деген махаббатын, әйел махаббатын жырлаған, әспеттеген еліміздің ақындары мен жазушылары да жетерлік.

Театрда бейнеленген Анаға келсек М.Әуезов атындағы «әкемтеатрда» қойылған соғыс жылдарындағы Ана образын көтерген Ш. Мұртазаның «Ай мен Айша», Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-Ана», Ұ.Есдәулеттің Ұлы Абайдың әжесі туралы «Зере», Астана театрында қойылған Р.Мұқанованың Ибраһим Пайғамбардың жұбайы «Сарра» туралы, Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы», Ю.Цайдың «Қоштасу» драмасы, Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қойылған «Гарольд и Мод», Қ.Қожамиярова атындағы Академиялық ұйғыр театрында қойылған «Ана өсиеті», «Тәғдир қисмети», Ұлттық опера театрында сомдалған «Домалақ Ана» бейнесі т.б. аты аталмаған қойылымдар еліміздегі опера және драма театр өнерінің қарыштап дамып, Ана образын барынша биіктетіп көрсетіп келе жатқанын білдіреді.

Ал Қазақ бейнелеу өнеріндегі нағыз қазақ әйел бейнесі Әбілхан Қастеевтің «Қарындасымның портреті», Қанапия Телжановтың «Жамал», Үкі Әжиевтің «Қазақ мадоннасы» сынды туындыларында ұлттық нақыш, ұлттық мінез, ұлттық сұлулық ерекше биіктіктен көрінеді. Бір ғана Ағымсал Дүзелхановтың бейнелеу өнеріндегі «Тұмар патшайым», «Қыз-Жібек», «Қыз ұзату», «Айман-Шолпан» қазақ әйелдерінің мінезін көрсетіп, тарихтың шындығы мен дәстүрлі әдет-ғұрыпымызды, салт-санамызды тереңдете сипаттаған болса, нәзіктік пен хас сұлулықты білдіретін («Сәукеле киген қыз», «Көктем», «Көл жағасында», «Адыраспан», «Көкшетау») қыздар бейнесінен қазақ халқының тылсым болмысын, асқан сұлулығы мен ерлігін, мәңгі махаббаттын көруге болады.

Кеңестік кезеңдегі суретшілердің де ең көп тоқталатын тақырыптарының бірі әйел бейнесі-тұғын. Ол бейнелер Мария Лизогубтың «Ертегі» (1958 ж.), Әли Жүсіповтың «Менің Отанымның әйелдері» (1965 ж.), Сабыр Мәмбеевтің «Киіз үй жанында» (1958 ж.), Үкі Әжиевтің «Қазақ мадоннасы» (1979 ж.), Әбдірашит Сыдыхановтың «Тоғызыншы ықшам ауданы» (1972 ж.) және т.б. суретшілердің туындыларының арқасында көпшілікке жеткен. Осы жылдардағы Қанапия Телжанов, Молдахмет Кенбаев, Сабыр Мәмбеев, Салихитдин Айтбаев, Дулат Әлиев, Зейнегүл Түсіпова, Мағауия Аманжолов, Ғани Баянов атты суретшілерсіз Ана образын елестету мүмкін емес. Осы жерде Қазақ кескіндемешісі әрі кино суретшісі Айша Ғалымбаеваның «Батыр Анасын» айтпай кетуге болмайды.

Қазіргі заман суретшілерінің негізгі идея мен тақырыпты тарқатуы бір болғанымен, әрбір суретші өзіндік көзқарасы, тұжырымы, композициялық құрылымы, дара ерекшеліктері бар. Мысалы, Құралай Үмбетованың «Мұрагер» туындысы осы жолда көп өз ізденіс пен шеберлігін шыңдаудан туындаған. Отандық бейнелеу өнерінде осы пікірімізге мысал боларлық туындылар аз емес.

Ал Тәуелсіз Қазақстандағы қолөнер саласындағы кесте, бізкесте, киіз, сулап басу сияқты техникаларда орындалған өнер туындылары да көрермендерін ерекше мазмұнға толы философиялық ойға жетелейді. Жастар шығармаларының тәсілдерінің алуандылығын, стилистикаларының айқындылығын, бағыттарының барлық жағынан классикалық дәстүрімізге жақындығын көруге болады.

Жалпы, ана тақырыбының арғы бастауында біздің бүгінгі баға жетпес байлығымыз – алтын азаттығымыздың көне жүлгесі жатқандығын аңғарар едік.

Ана бейнесі арқылы біз қазақ жастарының рухын жаңа белеске көтеруіміз керек. Ұлттық құндылықтарымыздың қайта жаңғыруы жолында асыл Аналар өткен жолдан ғибрат ала білгеніміз дұрыс. Ана бейнесі мемлекетіміздің дамуына жол салып, қоғамның ынтымағын, бірлігін нығайтатын ұлы күшке айналуы тиіс.

«Аққулар ұйықтағанда» поэмасындағы әйел - ана мен көл еркесі – аққу бейнесі. 

Поэманың негізгі кейіпкері ана бейнесі арқылы көл еркесі аққуға жасалған қиянаттың қайғылы оқиғаға ұрындыру себебін таныту, қоршаған орта заңдылықтарына қарсы келмеу қажеттігін мәтінге сүйене отырып, нақты дәлелдер арқылы түсіндіру.

XX ғасырдың екінші жартысында қазақ поэзиясының дамуына үлес қосқан ақын Мұқағали - жыр елінде ауыз әдебиетінің мөлдірінен сусындаған, Абайдың тереңіне бойлап, өзіне дейінгі ақындарды пір тұтқан шашасына шаң жұқпас тарлан боз ақын.




295 0
Фариза Абдихаликова, «№37 жалпы білім беретін мектеп»коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алматы қаласы, Бостандық ауданы Ұлы Дала Ұстазы № 000522
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: