«Ыбырай Алтынсарин –қазақ мәдениетінің зор қайраткері»
М.Әуезов
Қазақ әдебиеті түрлі жанрлардан құралған, тәрбиелік мәні зор, қазақтың ғұлама ақын-жазушыларының шығармаларына бай өшпес асыл қазына. Әдебиетті оқи отырып адам баласы өзіне рухани азық жинап, шабыттанады. Тіл мәдениетін қалыптасырып, ой өрісін арттырады. Әдебиеттің қай жанрын алып қарасақ та, ерекше қызығушылық пайда болады. Әсіресе, ақын-жазушылардың еңбегі, әдеби тілі, алуан түрлі тақырыптары жаныңды баурап алары сөзсіз. Осындай ұлы тұлғалардың бірі, білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, балалар әдебиетіне ерекше зер салған, ұлтымыздың ұлы педагогі Ыбырай Алтынсарин атамызды мақтанышпен айта аламыз. Биыл елімізде Ыбырай атамыздың туғанына 180 жыл толып, мерекелік іс-шаралар да ұйымдастырылып жатыр.
Қазақ халқының дара ұстазы, балалар әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсарин бар ғұмырын ағартушылыққа арнаған ұлы педагог. Қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатын тұлғаның артынан қалған өсиет мұрасы да жетерлік. Әрбір шығармасын еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін оқып өскен десем артық емес. Себебі тәрбиеге толы өлең жолдары, әңгімелері біз үшін асыл қазына.
Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты –Ибрагим. Бала Ыбырай үш жасында әкесінен айрылып, атасы Балқожа бидің тәрбиесінде болған. Орынбордағы мектепте сауатын ашып, білім алған немересі кейін атасының хатшысы болып қызмет еткен. Осыдан бастап Ыбырайдың қызметтік жолы басталады. 1864 жылы Торғайда алғаш мектеп ашады. Бұл жайында ағартушы: "Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды және оған қазақтың тамаша да, сүйкімді де, зерек те 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды да, тіпті жазуды да меңгеріп алды", - деп жазған.
Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларына арнап мектеп ашқаннан кейін, сол жолда бірнеше жыл қызмет етті. Балалардың жақсы білім алуы үшін барын салды. Әсіресе, түрлі әңгіме мен өлең жолдарын жазып, оқулық та шығара бастады. Соның бір дәлелі қазақ мектептеріне арнап басылған «Қазақ хрестоматиясы» оқулығы еді. Бүгінде барлық бала жатқа білетін «Кел, балалар, оқылық» өлеңі осының себепші бастамасы болған екен.
Ыбырай Алтынсарин шығармалырындағы басты тақырып ол – білім, тәрбие және еңбек. Ең басты жылы лебіз –«Адам бол!» деген гуманизм. Яғни, адам болу үшін өнер-білім алу, іздену, талаптану, еңбек ету, дос табу. мейірімді болу, адалдық, дүниетану, жамандықтан басын аулақ ұстау дейді. Ол өзінің «Еңбектің тәрбиелік маңызы жөнінде» деген мақаласында «ерікті еңбек адамның өмірі үшін ерекше маңызды рөл атқарады, еңбексіз адам өзінің барлық адамдық қасиетінен және барлық құнынан айырылады. Еңбек адамның жетілуі үшін керекті жағдайды жасап қана қоймай, сонымен бірге адамның ар-ұятын өз дәрежесінде сақтап тұруға да көмектеседі. Адам өзінің жеке еңбегінсіз бір адым ілгері баса алмайды, қайта кері кетеді» деген.
Расында, Ыбырай Алтынсариннің қай шығармасын алып қарасақ та, тәрбиелік мәні басым. Жастарды білім алуға шақыру арқылы, оларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеп отырады. Атамыздың әрбір еңбегі бүгінгі ұрпаққа баға жетпес асыл қазына. Ал оның ұлылығын ұлықтау біздің парыз. Жоғарыда атап көрсетілгендей, биыл Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы. Қазақ әдебиетінің бастауы, ағартушы-педагогтің туған күнін атап өту елімізде түрлі іс-шаралар арқылы іске асып жатыр. Соның бірі «Ұлағатты ұстаздың 180 жылдығы» атты ашық тәрбие сағаты мектебіміздің жылдық жоспарына бекітіліп отыр. Бұл сабақтың басты мақсаты балаларды аталарының шығармалары арқылы еңбекке баулу, Отансүйгіштікке тәрбиелеу, білімге құштарлығын ояту. Біздерге мұра болып сақталған еңбектерін, жазбаларын келер ұрпаққа таныстырып, құрметтеу. Себебі балалар әдебиетінің атасы атанған Ыбырай Алтынсарин ғасырдың қайталанбас тумасы.