Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI755

Ыбырай Алтынсарин – қазақтан шыққан тұңғыш педагог

Ыбырай Алтынсарин – қазақтың ішінен шыққан тұңғыш педагог, еліміздіңтарихында ерекше орын алған дара тұлға. Әкесінен ерте айырылған Ыбырай – атасы Балғожа бидің тәрбиесінде өсіп, атасының қолдауымен орыс-қазақ мектебінде білім алған тұңғыш қазақ балаларының бірі. Мектепті үздік бітірген Ыбырайдың алғашқы қызметі –  тілмаш. Тілмаштық қызметте жүргенде биліктің әділетсіздігін, ел ішін жайлаған парақорлықты, азғындықты көріп, халқы үшін жаны ауырған.  Өз қызметінен елге тиетін пайданы көрмеген Ыбырай халқына пайдасы бар іспен айналысуға толықтай бел буады. Өзі танысқан орыс ғалымы, профессор Григорьевтің бай кітапханасынан білімін өздігінен жетілдірген ол қазақ балаларының көзін ашып, мектеп ашу ісіне шындап кірісуді көздейді. «Білім –жұтамас байлық» екеніне көз жеткізген Ыбырайдың бар мақсаты – бала оқытып, халықтың көзін ашу болды. 

Осы жолда Ыбырай көп қиындықтарға тап болса да, көздеген мақсатына жетуде ешкімнен тайсалмады. Қараңғы қазақты оңай билеп-төстеген парақор әкімдер үшін Ыбырайдың бұл бастамасы үлкен соққы болды. Бірақ арманына жетуде оған ештеме тосқауыл бола алмады. Көп ізденді, орыстың және дүние жүзі ағартушы педагогтарының еңбектерін зерттеп, күні-түні талмай оқып, ұстаздық еңбегіне өз бетінше дайындық жасады. Ақыры көптен күткен мектебі ашылғанда, ол балаларды оқытуға қызыға кіріскенін өзінің орыс досы шығыстанушы, профессор Ильминскийге жазған хатында:«Бала оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай кірістім» - деп көрсетуі Ыбырайдың ұстаздығының шынайылығын айғақтайды. Осылайша Ыбырай атамыздың көптен күткен арманы орындалып, ол оқытушылық жұмысына белсене кіріседі. Алайда тек оқытумен ғана шектелу оған аздық етті. Ендігі мәселе – оқулық. 

Ыбырай қазақ балаларының жақсы білім алуы үшін оқулықтың қажеттігін түсінді. Қазақ балаларының білімге қызығушылығын ояту мақсатында ол өлеңдер мен қысқа мазмұнды ғибратты әңгімелері, аудармалары жинақталған «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулықты шығарады. Оқулық балаларды білімге шақыру мақсатында бүгінгі таңда барлық бала жатқа білетін «Кел, балалар, оқылық» өлеңімен басталды. Тек білім беріп қоймай, бала тәрбиесіне де аса мән берген Ыбырай оқулыққа тәрбиелік мәні терең әңгімелерді де енгізді. Ондағы мақсаты – балаларды еңбексүйгіштік, адалдық, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттерге тәрбиелеп, керісінше, жалқаулық, еріншектік, екіжүзділік сияқты жаман қасиеттерден бойын аулақ ұстауға тәрбиелеу.Өлеңдерінде білім мен өнері дамыған елдерді үлгі ете отырып, бар байлық білімде, мал да, байлық та жұтап жоқ болатынын, білім алған адамның байлығы жұтамайтын, теңдессіз байлық екенін балалардың санасына сіңіре білді. Алдындағы білім алып отырған балалардың болашағына сеніммен қарады. 

Ыбырай мектептегі білім берумен шектелмеді. Ол әр жерден мектеп ашып, ол мектепте білім беретін мұғалімдерді даярлауды да көздеді. Ол мақсатына да жетті. Нақты айтқанда, мұғалімдер даярлайтын мектеп, қолөнер мектебін, қыздарға арналған мектептер ашты. Қыз балаларға білім беру –  ескіліктің заңымен күресу деп есептеді. Ыбырайдың осы еңбектерін ескеріп отырсаңыз, бір өзіғана қаншама істі арқалаған еңбекқор, халқының нағыз жанашыры екенін білесіз. Санамалап айтсақ, мектеп ашу, балаларға білім беру, оқулық жазу, мұғалімдерді даярлау, өнер мектебін ашу, қызддарды білімге тартылуын ойластыру –бәрінің басында бір өзі. Оның аяғынан шалушылар қаншама болған?! Міне, нағыз ұстаз! 

Бүгінгі таңдағы білімге келер болсақ, біз бақытты ұстаздармыз! Мектебіміз жарқырап тұр, оқулық жеткілікті, әдістемелік құрал, білім жетілдіру орталықтары, айта берсең, мүмкіндіктердің шегі жоқ, жағадан ешкім алып, аяғыңнан ешкім шалмайды. Бір Ыбырайдың атқарған жұмысын жүзіміз жасап жүрміз. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне» тоқталар болсақ, Ыбырай Алтынсарин –күллі педагоггтар қауымына үлгі болар, әр ұстаздың жүрегінен орын алар дара тұлға.

 Ыбырай атамыздың өнегелі шығармалары –елімізбен бірге мәңгі жасайтын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табатын, ұрпақ тәрбиесінде жоғары орны бар асыл қазына.   Сол қазынамызды бағалай білейік!

 

3 260 0
Қанарбек Ақтолқын Асқарқызы Райымбек батыр атындағы № 50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұр-Сұлтан қаласы Ұлы дала ұстазы № 000596
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: