Тәуелсіздік – біздің ата-бабаларымыздың жылдар бойғы аңсаған арманы. Тарих беттерін артқа қарай парақтасақ, біз осының дәлелін көреміз. Қазақтың ұлан-ғайыр кең жерін «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай», жерімізге көз тіккен талай жаулардан бабаларымыз «білектің күшімен, найзаның ұшымен» қорғап, ұрпағына аманат етіп қалдырған ғой! Елі мен жері үшін ұрысқа аттанғанда, батыр бабаларымыз елдің туын көтеріп шыққан. Соғыс даласында қиян-кескі ұрыста жүріп, жаны алқымға келсе де, батыр бабаларымыз туды жығуға бермеген. Өйткені ту құласа, ол – жаудың жеңгені, жер мен елдің жау қолына кеткені. Сондықтан кескілескен шайқаста жүрсе де, қазақтың туы жығылмаған. Елдің туын сол жаугершілік заманында биік ұстап, елдігіміздің басты белгісі ретінде құрметтеген екен.
Небір зұлматтарды бастан кешірген қазақ елі талай ғасыр өткен соң, бабалар аңсаған тәуелсіздікке ХХ ғасырдың соңында қол жеткізді. Тарих беттеріне терең үңілсек, осы еркіндіктің жолында құрбан болған зиялы бабаларымыздың ауыр тағдырларына куә болып, еліміз еркіндікке қол жеткізгеннен кейін ғана аттарын атауға, әдеби мұрасын оқуға мүмкіндік берілгеніне көз жеткіземіз. Айта берсек, тарихтағы еркіндік жолындағы күрестің ұшы-қиыры жоқ, кете береді.
Бабалар ғасырлар бойы аңсаған еркіндікке қол жеткізген күніміз – біз үшін тарихта алтын әріппен жазылатын күн. Елдігімізді алған соң, әрине, қиындықтар болды, бірақ тұңғыш Президентіміз көрегендігімен елімізді сол қыл көпірден алып шыққанын кітап беттеріндегі жазбалардан білеміз. Ал, бүгінгі таңда еліміздің дәрежесі қандай?! Еркіндіктің тұғырын биікке орнатқан Тәуелсіз Қазақстан Республикасын бүгінде әлем таниды. Әнұранымыз асқақтаған, көк Туымыз желбіреген, Елтаңбамызбен еңсемізді тік ұстаған, жарқын болашақты ел болдық десек, артық айтпаған болар едім. Білім, ғылым, мәдениет, өнер, спорт, т.б салалардан қаншама Қазақстандықтар әлемдік аренада өзге елдегі замандастарымен бәсекеге түсіп, ел абыройын асқақтатуда. Шетелде түрлі халықаралық додаларда біздің елдің дарындары еліміздің көк туын желбіретіп, әнұранын асқақтатып, Қазақстанның мәртебесін әлем алдында көтеруде. Әлемнің әр түкпіріндегі жарыстарда ел туының биікке көтеріліп, әнұранымыздың асқақтай шырқалуы – біз үшін зор мақтаныш. Теледидардан көріп отырып, еліміздің Әнұраны сонау мұхиттың арғы жағындағы елде шырқалып жатқанын көргенде, көзіңе еріксіз қуаныштан жас келеді. Өйткені, бұл – біздің бабаларымыз аңсап кеткен бақыт еді ғой! Осындай жерде, елде өмір сүру – бүгінгі ұрпақтар, біздер үшін теңдессіз бақыт емес пе?! Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, біз бүгін мақтана алатындай дәрежеге жеткеніміз үшін бақыттымыз. Себебі біз бүгінгі таңда барлық жағынан бәсекеге түсе алатын мемлекетке айналудамыз. Жуырда баспа бетінен өзіміздің Отандық өнімдеріміз туралы бір мақаланы оқыдым. «Қазақстандық бренд» деген бұрын түсімізге де кірген емес шығар? Ал, бүгін, міне, біздің экспортқа шығарылатын тауарларымыздың болуы үлкен жетістік деп ойлаймын. Жер бетіндегі қаншама ел, қанша халық әлемде «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін біліп, біздің бәсекеге қабілетті екенімізге көз жеткізуде. Өйткені біз, болашаққа нық қадам басқан, көк Туымыз көк аспанда, талай додаларда биікте желбіреген, әнұрамыз талай жерде асқақтаған және асқақтай беретін, еңсесі биік «Қазақстан» деген мемлекетпіз! Иә, айта берсең, толастамайды! Бұл – менің Қазақстаным! Болашағына нық сеніммен қарайтын Тәуелсіз Қазақстан! Мен Тәуелсіздігімді мақтан етемін, қадірлеймін! Елімнің дамуына барынша үлесімді қосамын! Өйткені мен Қазақстанымды сүйемін! Өз ойымды жүректен шыққан жырыммен аяқтаймын:
Жаса мәңгі еркіндігі елімнің,
Болашаққа жетелейді сенімім.
Желбіресін көк аспанда көк Туым,
Әнұраным – менің асқақ айбыным!
Елтаңбаммен биік тұрар көңілім,
Биік болсын «Тәуелсіздік» тұғырым!