Кілт сөздер: тұңғыш, өрісі, мәдинеті, таным, қағида, қызмет, идея, ұтымды, бастау, игі, тәжірибе Аннотация Мақалада ұлы даланың дара ұстазы Ыбырай Алтынсариннің мұрасы мен ағартушылық қызметінің мәні жөнінде сөз етіледі. Сонымен бірге өскелең ұрпаққа Ы. Алтынсариннің педагогикалық қызметінің өмірлік құндылықтарын ашу. Халқымыздың рухани өмірі аспанында, халықтар достығының қайнар бастауында мәңгілік жарқырап тұрған үш жарық жұлдыз бар. Сол жұлдыздардың бірі-Ыбырай Алтынсарин. Ол – тұңғыш ағартушы-педагог, тамаша тарихшы, қазақтың алғашқы филологы, тұңғыш қазақ алфавитімен хрестоматиясының авторы, фольклор, этнография зерттеушісі, қажымас қайраткер, қысқасы ағарту саласындағы біздің тұңғыш университетіміз. [1,15-19б] Ауыр заманда білім алып, ат жалын тартып мінгесін-ақ Ыбырай Алтынсарин білім ұранын көтерді. Елді қорлықтан құтқаратын, игілікке бастайтын тек білім деп есептеді, Ы. Алтынсарин қазақ қоғамының мәдениет пен экономика жағынан мешеу кезінде өмір сүріп, халқымыздың демократиялық мәдениеті мен өнерінің бірсыпыра саласында жаңадан өсіп өркендеуіне айқын жол ашып, баянды негіз жасады. Ағартушының өнегелі өмірі мен өрісі биік таланты бір кезде қандай жарқын да жанды қасиеттерімен көрініп, қазақ мәдениетінің тарихында айқын іздерін қалдырса, қазір де сол асыл да абзал өнегесін өз бойымызға толық сіңіріп, ұрпақ бойына дарытудамыз. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Ыбырай Алтынсарин туралы былай деп жазды: «Ыбырай орыстың мәдениетін танымаса, Ушинский бастаған педагогикалық жаңалықтарды білмесе, орыстың адамгершіл, прогрессшіл классикалық әдебиетінің нәрінен қорек алмаса, Ыбырай болмас еді. .. .Ыбырай да сол бір бағытта болумен қатар, тарихтың ұзақ өрісі бар, зор келешегі бар істердің үлгісін өз қолымен орнатты. Әрі ол жаңа үлгідегі ақын, әрі сол кездегі Ресейде батыл жаңалық жасап, «бұратана» елдер үшін тың үлгідегі мектеп ашушы. [2,3-9б] 19 ғасырдың 2-ші жартысынан бастап, патша өкіметі қазақ даласын бағындырудың, билеп-төстеудің тағы бір жаңа әдісін қолдана бастады: қазақ балаларына арнап мектептер ашуға кірісті. Сонымен бұл мектеп 1850ж 22 тамыз күні Орынбор қаласында ашылды, оған қазақтың 30 баласы алынды. Солардың бірі тоғыз жасар Ыбырай болды. Ыбырай бұл мектепті жеті жыл оқып, 1857ж бітірді. Сөйтіп небәрі жетіжылдық мектепті бітіріп шыққан Ыбырай өздігінен оқып, ерінбей ізденіп, талмай еңбек етуінің арқасында жанжақты мол білімі бар, ой өрісі өте кең, оқымысты адам болып шығады. Ыбырай 1860 жылдардан бастап жергілікті жерлердегі мектеп ашу ісімен айналысады. Сол өңірдегі қазақ балаларына арналған алғашқы мектеп 1864ж 8 қаңтарында Торғай қаласында ашылып, Ыбырайдың өзі соған мұғалім болады. Сөйтіп Ы. Алтынсарин 1864ж бастап 1869ж дейін жиырма бес жылдық өмірін қазақ балаларына арнап мектеп ашу, оларды оқыту, тәрбиелеу, оларға арнап оқулықтар, оқу құралдары, әдістемелік кітаптар жазу жұмысына сарп етті. Сондықтан да ол: «Мектеп-қазақтарға білім берудің басты тұтқасы. .. .. Үміт мектепте, қазақ халқының келешегі мектеппен байланысты», -деп жазған болатын-ды. Ы. Алтынсарин қазақ балаларына арнаған мектеп ашумен бірге онда қызмет істейтін, балаларды оқытып, тәрбиелейтін кадрларға аса зор мән берген. Ол мектептегі ең басты тұлға- мұғалімдер деп есептеген. Жақсылап салынған мектеп үйі болуы мүмкін, тамаша жазылған оқу құралдарын да табуға болады. Бірақ бұлардың жақсы мұғалімсіз берері шамалы деп есептеген. [3, 5-10 б] «Халық мектептері үшін ең керектісі-оқытушы. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы өкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілген инспекторлар бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды. Сондықтан да мен жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрін де қымбат көремін»-деп жоғары бағалады. [5,18-28б] «Қазақ хрестоматиясымен» жұмыс істеу барысында Ы. Алтынсаринге К. Д. Ушинскийлің педагогикалық көзқарасы мен оның «Балалар әлемі»сонымен қатар Л. Н. Толстойдың, И. И Паульсонның, Н. А. Карфтің оқулықтар жасаудағы тәжірибесінің әсері зор болды. Ы. Алтынсарин оқу жоспарларын және бағдарламаларын жасауда оқыту мен тәрбиенің дидактикалық және әдістемелік тәсілдерді қолдануда олардың пайдалы тәжірибелерін пайдаланды. [6, 88-90б] Ы. Алтынсарин өзінің оқу құралдарын жасауда өзінің идеялық бағыттылығы жағынан халықтық қағидаларға қызмет етуге және балаларды өз Отанына сүйіспеншілік рухта тәрбиелеуге ұмтылды. Сондықтан да орыс педагогтары мен жазушыларының шығармаларымен қатар ол 18 №09 (29) September 2021 хрестоматияға қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін енгізді. Ыбырай Алтынсарин Қазақстанда педагогикалық білім берудің негізін қалауда және қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Сондықтан да біз Ыбырайды «Ұстаздардың ұстазы»ретінде бағалаймыз. [6, 161-167б] Халықты және оның жас өркендерін оқуға, өнер-білімге шақыруда Ыбырайдың ұран салып, ту етіп көтерген, әрқашан жаңарып, түрленіп, құлпырып, оқыған сайын сүйсіндіріп отыратын, ескірмейтін еңбегі «Кел, балалар, оқылық», «Өнер білім бар жұрттар», «Әй, дрстарым», «Әй, жігіттер»деген өлеңдері. Ыбырай бұл өлеңдерінде алдымен сауат ашу, оқыту мәселесін бірінші орынға қояды, баланы оқыту барысында тәрбиелеу керектігін түсіндіреді. Оның еңбектері балаға тәртіпті, үлгілі, өнегелі болуды уағыздайды. Еңбекті сүю және қадірлеу-Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде береді, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреткер арқылы бейнелейді. «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш»әңгімесінде Ыбырай ең кішкентай жәндіктердің өзі де тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүргендігін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа дейді. Ыбырай «Бақша ағаштары» атты әңгімесінде жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеуге, оларды «бағып-қағуға», жақсы мінез-құлыққа үйретуге мән берді. Сөйтіп әңгімелеріндегі тәрбие арқылы жастарды бір жағынан білім алуға, ерінбей ізденуге, екінші жағынан имандылыққа тәрбиелейді. Қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе жастарды рухани дамыту, имандылық тәрбиесін қалыптастыру [6,73-78б] Бүгінгі таңда білім беруді дамыту тұжырымдамасының негізгі мақсаты –білім беру жүйесінің барлық деңгейінде қоғамның талаптарына сәйкес келетін білімді, кәсіби біліктілігі жоғары тұлғаны тәрбиелейтін, бәсекеге қабілетті білім негізін қалыптастыру. Кез келген халықтың заманалардан бері қалыптасқан өзіндік болмыс бітімі, салт – дәстүрі, рухани мұралары болады. Уақыт озған сайын бұл рухани мұраларды зерттеп игеруге деген қажеттілік те арта түседі. Өйткені ата-бабаларымыздың ұрпағына қалдырған баға жетпес інжумаржандарын оқып-үйрену біздің парызымыз. «Ыбырай Алтынсарин шығармаларындағы руханиадамгершілік құндылықтар» тақырыбын таңдаған себебім, аталардан қалған сөздер ешқашан өлмейді, ескермейді, яғни ол өміршең тақырып сондықтан да ақын аталарымыздан қалған сөз маржандарын оқып білуді өзіме міндет санаймын. Мақсатым – ұлттық мәдениетімізді адамгершілік құндылықтарымызды бағалап, қастерлеу, ұлы адамдардың рухани құндылықтарын үйреніп, жаттап, ұлттық сана сезімізді шындау. Бұл тақырып мені қатты қызықтырады және өмірде бұл білімім маған өте қажет болады деп ойлаймын. Рухани адамгершілік құндылықтар қиналғанда медет, әрбір ісәрекетке даңғыл жол ашып, бәле- жаладан қорғайды деп есептеген. Ақын, жазушы Ыбырай Алтынсарин өзінің шығармаларында өзінің көзқарасын айтып, құнды талдаулар беріп отырған. Ыбырай Алтынсарин – бар саналы ғұмырын туған халқын өнер-білімді, жаңа заманның өркениетті, мәдениетті елдерінің қатарына қосу жолына арнаған көрнекті тұлға. Ол өзінің ағартушылық, педагогтік, ақын-жазушылық тарихи қызметі мен зор талантын, жан-жақты терең білімі мен қайратжігерін елдің «желкілдеп өскен көк шөптей» жас ұрпағын оқытып, тәрбиелеуге, қазақ жерінде жаңа үлгідегі мектептер ашып, оқушыларды өз кезінің озық ғылымымен қаруландыруға, кәсіп түрлеріне үйретуге арнаған. [8, 82-90б] Ыбырай бұл жолда сан алуан кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді, сөйтіп, туған халқының мақтан тұтатын ардақтысына айналды. Ыбырай 1841 жылы қазан айының 20-сында қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келеді. Үш-төрт жасында әкесі Алтынсары қайтыс болып, атасы Балғожаның қолында өсіп, тәрбиеленеді. Ыбырай мектепте сабақты ынта қойып оқиды, 1857 жылы оқуын «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығып, 1859 жылдың тамызына дейін өзінің туған елінде тілмаштық қызмет атқарады. Қалада оқып, қазақ даласына беймәлім жаңалықтардан хабардар болып, ой-өрісі кеңейген зерделі бозбаланың екі жылдай елде болуы — қазақ қоғамының жағдайын тереңірек түсініп, жаңаша сезінуіне, өзіндік ойға келуіне мүмкіндік береді. Өз бетімен көп ізденіп, білім қорын молайта келе, Ыбырай өзінің алдына тілмаш болуды емес, туған халқына пайдалырақ басқа бір қызмет істеуді мақсат етіп қояды. Оның ынтасы ағартушылыққа ауады. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады. Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады. «Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Ыбырай мектептегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрады. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, ол балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен білім беруге тырысады. Тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдейді. Ыбырай мәдениет пен білім жолына халқының өте ынталы екенін жақсы ұғады. Бұл оны жігерлендіре түседі. Ыбырай ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздікті де көре білді. Әкімдердің ISSN:2663-2543 • «UDU» 19 зорлықшыл сорақы қылықтарын сынға алды. Олардан қарапайым халықты корғады. [7 54--58] Ыбырайдың ағартушылық, демократтық көзқарастары осылайша қалыптасып, дамыды. Қоғамдық әділетсіздік пен адам бойындағы ұнамсыз мінездерге қарсы күресу үшін, ол ел ішінде білім, өнер тарату ісін кеңейте беру керек деп ұғады. Сол ниетпен бар күш-жігерін мектеп ісіне, бала оқыту жүйесін жақсартуға жұмсайды. 1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барады. Орыстың ағартушылық жүйесін, орыс ағартушыларының еңбектерін зерттейді. Қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды. Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. Бұған ескішіл әдет-салттарға қарсы күрестің бір жолы есебінде қарайды. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – оның ағартушылық аса зор еңбегі. Оқулық жасау жолында оқулыққа Ыбырай мектепте қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің басты құралы деп қарайды. Ол балаларға ана тілін таза және ұқыптылықпен үйретеді, шағын көркем шығармалар арқылы оларды жақсы мінез-құлыққа баулуды көздеді. Ыбырай балаларды мазмұны олардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды… қазақтың өз тілінде… басып шығару керек деп білді. Өзі 1876 жылдан бастап «Қазақ хрестоматиясын» жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. «Қазақ хрестоматиясы» балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді. «Қазақ хрестоматиясы» арқылы жеткен Ыбырайдың бүкіл әдеби мұрасы оның көркем шығарма жазуды ағартушылық идеясына бағындырғанын айқын көрсетеді. Ол әдебиетті бала санасына әсер ететін, оны жақсы, үлгілі істерге үйрететін күшті құрал деп ұқты. Хрестоматияға енгізілген өлең, әңгімелердің балалардың жасына, сана-сезіміне лайықталынып, педагогика ғылымының міндетті түрде тәрбиешілерден талап ететін әдіс мәселесінің берік сақталынуы өз алдына, сонымен қатар жоғарғы аталып өткен оқу, еңбек, талап, мейірімділік, тағы басқа тақырыптарға арнаулы, қолға таяқ ұстатқандай әңгімелерді әдейі, саналы түрде таңдап алғандығын да көрмей кетуге болмайды. [7, . 68- 77б ] Оның«Хрестоматиясының» бірінші беттерінен-ақ балаларды оқуға, өнерге, ұқыптылыққа, тазалыққа, мейірімділікке шақырған әңгімелер мен өлеңдер жиі кездеседі. Мәселен, ол «Кел, балалар, оқылық» деген өлеңінде жастарды білім алуға, өнер үйренуге шақыра келіп, білімді адамның санасезімі жоғары, ілтипатты, өнегелі болатынын, адам білім арқылы ғана мақсатыка жететіндігін, әзінің келешектегі жақсы тұр-мысын қамтамасыз ете алатындығын, сөйтіп оқыған адамның өмір сүруі де, еңбек етуі де анағұрлым жеңіл және көңілді, сергек болатынын сөз етеді. . [8,48-58б] Ыбырайдың әдеби еңбектерінің жинағы «Қазақ хрестоматиясы» (1879) ағартушылық мақсатта жазған әйгілі екі өлеңмен ашылды. Ақын бұл өлеңдерді өз кезінде «Сөз басы» деген атпен алған. Қазір бұл өлеңдер «Кел, балалар, оқылық», «Өнер-білім бар жұртта» деген атаулармен мәлім. Ол халық ағарту ісіне арнаған әдеби туындыларын да оқу- білімді насихаттаудың ұтымды әдісінің қажеттігін көрсетті. Оқу білімнен кенже тұрған халық үшін ғылым мен техниканың жетістіктерін насихаттай алатын қысқа көлемдегі поэтикалық шығармалардың айрықша ұтымды екенін, әсерін терең сезінді, сенді. Қазақ жастарын білім алуға, мәдениеттің жаңа дәстүрлерін игеруге, бойға сіңіруге шақырды. «Кел, балалар, оқылық»өлеңінде ақын қазақ ауыз әдебиетінің дәстүрлерін шебер пайдаланып, білім мен надандықты, жақсылық пен жамандықты қатар алып, салыстырып отырды. «Ыбырай Алтынсарин – қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы»ретінде Ыбырай атамыздың қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы ретінде рухани – адамгершілік құндылықтарын ашу. Ағартушының өнегелі өмірі мен өрісі биік таланты бір кезде қандай – жарқын да жанды қасиеттерімен көрініп, қазақ мәдениетінің тарихында айқын іздерін қалдырса, қазір де сол асыл да абзал ерекшеліктерін ұрпақтар бойында сақталуда. Қазақ халқының тарихында Ыбырай Алтынсарин ерекше роль атқарады. Ол қазақтың тұңғыш педагогы, қазақ даласында бірінші рет мектеп ұйымдастырып, қазақ жастарына білімнің есігін ашты. Ыбырай Алтынсарин өз халқын жан-тәнімен сүйген, халқының мәдени көркейіп өсуі үшін бойындағы бар күшжігерін аянбай жұмсаған нағыз патриот еді. Білімге деген құштарлық, халқына қалтқысыз қызмет ету Ыбырай Алтынсариннің негізгі ұстанымы болды. Ол мәдениет пен білімнен артта қалған ел-жұртын көрші елдің өнер — білімін, техникасын игеруге шақырып қана қоймай, сол игі істі тікелей жүзеге асыруға да өлшеусіз үлес қосты. Қазақ даласында тұңғыш рет орыс үлгісіндегі пәндік білім беретін мектептер ашып, оған орыс алфавиті негізінде оқулықтар жазды, өзі сабақ беріп, жаңа талапка сай келетін мұғалімдер дайындауға күш салды. Қазіргі өркениетті қазақ халқы не бәрі 48 жасында өмірден өткен Ыбырай атамызды ұлы ұстаз, педагог, ғалым, ірі қоғам қайраткері деп бағалап құрмет тұтады. Ыбырай атамыздың шығармаларындағы рухани –адамгершілік құндылықтар туралы танысып біле отырып, басқалар үшін де, аз да болса көпке татыр мәліметтер. . Жас ұландарға айтарым халқымыздың жақсы қасиеттерін, өнегелерін өзімізге үлгі тұтайық себебі ананың ақ сүтін, еңбегін өтеу, ата 20 №09 (29) September 2021 дәстүрлерімізді құрметтеу –ұрпақтық борышымыз. Тұлғаны қалыптастыру, оның шығармашылдық даралығын дамыту, баланың мүмкіншілігін ашып, оны жүзеге асыру-бүгінгі Қостанай жоғары политехникалық колледжінің басты мақсаты Сөзімді қорытындылай келе, айтарым Ыбырай салған сара жол - тәрбиенің қайнар көзі, оны өз сабақтарымда негізге аламын, мақсатым: тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын жаңа қоғамға лайықты етіп тәрбиелеу, оның дүниетанымын, көзқарасын, ақыл-ойын қалыптастыру, бар күш-жігерін туған жері мен елі үшін жұмсауға үйрету, туған тілін, мәдениетін, салтдәстүрі мен дінін қадірлеуге баулуды басты міндетім деп санаймын. Келешегіміздің діңгегі білімді де тәрбиелі жастар. Сондықтан тәрбие мәселесін білім беру жолында нақтылап өз деңгейінде қоя біліп, басты назарда ұстайық ағайын-туыстар![4, 16-20б] Пайдаланылған әдебиеттер 1. Ш. Құдайбердіұлы «Үш анық» Алматы1991ж 2. М. Арын «Бес анық» Алматы Арыс 1996ж 3. Сейтбеков С. «Имандылық негіздері»Алматы, Қаскелен-Б 2008 -376б 4. М. М Бахтин. «Жеке тұлға туралы» 5. Білім журналы 2015ж №2,3,5 6. Ы. Алтынсарин мұрасының әлеуметтік, педагогикалық, өнегелі әлеуеті және қазіргі заман 2011ж 7. «Қазақ тарихы» №2, 2005ж; Қазақстан тарихы пәнінің оқытушысы негізін қалаушы Т. Тарлығұл, 81 б; 8 Ы. Алтынсарин Екі томдық шығармалар жинағы,1 том »Қазығұрт»баспасы