Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI699

Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз

Мұғаліммін.

 Жұмыскер жай адаммын.

 Жас өренге мейірі бай адаммын.

 Космос ашқан жанкешті болмағанмен,

 Ұстаз деген атаққа сай адаммын.

                       

 Iзденісім, еңбегім, тебіренісім,

 Ақыл-ойым, жігерім —  жер жемісім…

 Бәрі-дағы балаға —  оқушыма,

 Ұстаз тұтып соңыма ергені үшін

Естеу Нүсіпбеков

 

Мен – ұстаздық жолды таңдаған бақытты адамдардың бірімін. Өзгеге ғылым үйрететін ұлы жолға аяқ басуыма себепші атам еді. Балалық жүрегіммен еш кедергісіз сеніп, мұғалімдік тұңғиығына еніп кете бердім. Орта мектепті бітіре сап, мойнымды басқа жаққа бұрмастан, көпке арман болған, бірі жетсе, бірі жетпеген Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне түсіп, студенті атандым, үлгілі ұстаздардан тәлім ала жүріп, сәтті аяқтадым. Жаңылмай таңдаған жолымның әдемі жалғасы – бүгінгі бүлдіршіндермен біте қайнасқан ісім.

Осынау керемет мамандықтардың анасы - ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы "Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі   ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты   тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”,- деген. Ендеше, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де,  жолы да бөлек.

ХХI ғасыр - бәсеке ғасыры, бұл бәсеке енжарлықты, керітартпалықты көтермейді. Еліміз егемендігін алып, өзін бүкіл әлемге мойындата бастаған осы кезеңде біздің қоғам дарынды, қабілетті, жан-жақты жетілген адамдарды қажет етеді. Сондықтан да еліміздің білім берудегі ұлттық жүйесі өте қарқынды өзгерістер сатысында тұр. Бүгінгі таңдағы негізгі мақсат - ұлттық құндылықты әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті, өзіндік жеке көзқарасы қалыптасқан тұлға тәрбиелеу. 

Қазіргі уақытта білім алудың ілгері даму мүмкіндігі зор тәсілдерінің бірі – заманауи технологияларды, атап айтқанда, интернет желісін қамтамасыз ететін мүмкіндіктерді қолдана отырып, қашықтан оқыту. Қашықтан оқытудың тиімділігі оған енгізілген педагогикалық мағынамен анықталады, оның түсіндірулерінің ішінде екі түрлі көзқарасты бөліп көрсету керек. Біріншісі, бүгінгі күні кеңінен таралған, қашықтықтан оқыту арқылы мұғалім мен оқушы арасында ақпарат алмасуды білдіреді.Екінші тәсілде қашықтан оқытудың басым бағыты – қазіргі заманғы телекоммуникация құралдарының көмегімен құрылған оқушының жеке танымдылығының қызметі. Бұл тәсіл оқушының өзара іс-қимылының интерактивтілігін және оқу процесінің өнімділігін қамтамасыз ететін ақпараттық және педагогикалық технологияларды біріктіруді көздейді. 

Елімізде орын алып жатқан пандемия толқынында мұғалімдер жаңа серпіліс алып, мектеп-оқушы-ұстаз арасындағы байланысты сақтай білді. Бар ауыртпашылдық дәрігерлер мен мүғалімдерге түскен сын сағатта ұстаздар өзінің жаңашылдығын дәлелдеді. Қашықтан оқыту мұғалімнің біліктілігін көтерді, оқушының өз бетімен білім алуын қалыптастырды, ата-аналардың жаңа технологияға көзқарастарын өзгертті.

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады»,-дейді Абай Құнанбаев. Сондықтан біздердің,  ұстаздардың, басты міндетіміз -  тәрбиелі, саналы ұрпақ тәрбиелеу, парасатты бейнені  үлгі ете білу. 

Сонау әл-Фарабидан басталып, Ыбырай, Ахметтермен жалғасқан ұстаздық сара жол бәрімізге аян. Қазіргі таңда сол әл-Фараби, Ыбырай бейнесін өз орнына алып келу керек. Қазіргі Абай, Мағжандар мектеп қабырғасында отыр. Оны ұлы тұлға ететін – жаз ұстаз, жас маман. 

 Қорыта айтқанда, жаңашыл ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі  жылы, көңілі   дарқан адам.

 

 

 

230 0
Гульсим Кызыкбаева Берекет Жұмалиев атындағы жалпы білім беретін мектеп Бастауыш сынып мұғалімі Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе кенті Ұлы дала ұстазы № 000615
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: