Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI695

Спортқа баулу –еркін өмірге бағыт

Маңғыстау техникалық колледжінде «Дене шынықтыру» пәнінің мұғалімдерінің оқыту-педагогикалық қызметі еліміздің физикалық және рухани тұрғыдан мықтап бекіген жастарын тәрбиелеу арқылы адами қуат пен ұлт саулығын арттыруға бағытталған саясатымен үйлесім тапқан. Бұл –кең жоспарлы, үлкен шыдам мен қажырлы қайратты талап ететін ірі миссия. Артында әр студенттің денсаулығына тікелей әсер етіп, мінезі мен мәдениетін, болашақ маманның өмір салтын тәрбиелеу жатыр.

         Дене шынықтыру пәні – оқу-тәрбиелеу процесінің бөлінбейтін бөлшегі. Ол өскелең ұрпақтың денсаулығын мықтап, физикалық дайындығын арттырып, жоғары еңбек қабілеттігіне жетуге, шығармашылық белсенді болуға – бүтіндей айтқанда, ұзақ та бақытты өмір сүруіне бағытталған. 

         Адам өміріндегі спорттың мәнін дұрыс бағалау керек. Ол өте маңызды. Спорт адам өміріне сән береді, қуаныш береді. Спорт адамның мінезін көркейтеді. Адамның ерік-жігері мен тәртібін шыңдау үшін де спорт керек. Жалқау адам күніге ерте тұрып, жүгіруге шықпайды, мұздай суды құйынбайды. Тек ішкі қуаты бекем жандар ғана спортты серік етпек. Онда да әр адамның спортқа қарым-қатынасы әртүрлі: бірі оған экраннан қарағанын місе тұтса; екіншісі спорттың қандай да бір түрімен немесе жалпы дене шынықтырумен айналысады; үшіншісі үшін спорт – өмірдің нағыз өзі. Әйтпесе, «Қозғалыс – бұл өмір» деген ұстаным бекер шықпаса керек. 

         Белсенді емес өмір салты белең алып, гаджет жайлап, адамдардың қозғалысы азайып, салдарлары көріне бастаған қоғамда спорттың маңызы одан сайын арта түсті. Ауру түрлері жасарып кеткендіктен, олармен ерте бастан табиғи түрде күресу керек. Бірқалыпты үздіксіз спортпен айналысатын адамның қаны ыстық, белсенді айналады, барлық пайдалы компоненттер ағзасының әр жасушасына еркін жетіп, қоректендіреді. Анау-мынау сырқат жақындап, жұғыса алмақ емес. 

         Колледжде спорт және дене шынықтыруға, студенттердің салауатты өмір салтын ұстануына баса назар аударылады. Өздерінің ниеті басым, ерекше ынта-ықыласпен айналысатын тәрбиеленушілердің өзге жалпы білім беретін пәндерді де, кәсіби пәндерді де жеңіл меңгеретінін анық байқап жүрміз. Өйткені бүтін ағза, ми бөлшектері шаршамай, үнемі оттегі толық жетіп тұрғандықтан, саналары жарық, білімді қабылдауға әбден қабілетті. 

         Студенттердің денсаулық ерекшеліктеріне, сұраныстары мен тілектеріне, колледждің материалдық-техникалық базасына, сондай-ақ климаттық жағдайларға сәйкес, колледждің бүтін спорттық жүйесі құрылады. Сабақтар колледждің ішкі залында да, спорттық алаңдарда да оқу-жаттығу процесіне қажетті инвентарь, құрал-жабдықтармен ұйымдастырылады. Осы орайда оқу орны әкімшілігі материалдық-техникалық базаны заманауи сұраныстарға сайын қамсыздандыруға тырысатыны – ортақ іске үлкен медет. Тұрақты оқу сабақтарынан бөлек жарыстар, экскурсиялар, спорттық саяхаттар мен спортшылармен кездесулер өткізіліп тұрады. Мақсат – студенттердің спортқа қызығушылығын тудырып, өзін-өзі жан-жақты дамытуға бейімдеу, салалық білімдер мен машық-дағдылармен қанықтыру, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, өмірге шығармашылық көзқараспен қарап, алған білімдерін, тәжірибесін практикада қолдануды үйрету. 

         Ел басшылығы салауатты өмір салтын үндеп, колледж әкімшілігі оған бар жағдайды ұйымдастырғанда, оқытушының жұмысқа талабы қандай болмақ? Әрине, жоғары. Бұл жерде оқытушының бойынан табылуға тиісті барлық жақсы қасиеттерді тізіп жазу қажет емес. Бастысы, екі талап: біріншісі – оқытушының өзінің салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен сауатты машықтанып, әркез салалық білімі мен тәжірибесін дамытып отыруы болса, екінші, спорттың мәнін студентке түсіндіруден жалықпауы. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға».

         Сондықтан спорт сабақтары тек жаттығулардан ғана емес, жүйелі білімге қаныққан дәрістерден де тұрады. Еркін, ыңғайлы спорттық формадағы студенттер мен оқытушының арасындағы әңгіме, дискуссия, сұрақ-жауап, талқылау, түсіндіру форматындағы сабақтар күшпен, қатаң тәртіппен тек жаттығулар орындатқанға қарағанда әлдеқайда жемісті. Өйткені спорт турасындағы сөздер қандай мәнді, мағыналы болса да, санаға әбден бекімей, жүрекке қонбай, миға сіңбей, оны оқушының денесіне жапсыру әсте мүмкін емес. Осы орайда, оқытушының бойынан шебер менторға сай сабырлық, терең түсінік, өз мамандығына зор махаббат пен айналысып жүрген ісіне үлкен мотивациясы табылуы керек. Сонда ғана жасөспірімнің көкейіне асқар арман құйып, арқасына биікке шығаратын қанат бітірмек, жанарында шабыт ойнатпақ. Студенттік шақ тым қысқа, студент тез-ақ келесі өмір сатысына өтіп кетеді, бірақ бұл ұстаным шәкірттіңжүрегінде мәңгі қозғаушы күш боп қалады. Біздің күтетін жемісіміз – осы ғана. 

 

263 0
Асылбек Кемелханов Маңғыстау Техникалық Колледжінің Дене шынықтыру пәні мұғалімі Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе кенті Ұлы дала ұстазы № 000611
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: