Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI687

Рухани-адамгершілік тәрбиесі (Эссе)

Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие керек,
тәрбиесіз білім адамзаттың қас жауы.
Әбу Насыр Әл – Фараби

Қазіргі таңда осы мәселе, яғни келешек ұрпақтың адамгершілік рухани құндылықтарын дамыту арқылы білім беру мәселесі алға қойылып отыр. Рухани - адамгершілік тәрбие баланы мейірімділікке, әдептілікке, отаншылдыққа, өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзін - өзі жетілдіруге, табиғатты сүюге, рухани өмірде және қоршаған өмір жағдайларында өзінің бағыт - бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге үйретеді. 

Оқушыларды рухани - адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі қажетті, кезек күттірмес мәселе. Әсірсе, мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің мазмұны осы жастағы балалардың ерекшеліктеріне сай келуі тиіс. Негізгі міндет – балалардың жақсы әдет, мінез - құлқын қалыптастыру.  Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани - адамгершілік қасиеттері қалыптасады.
               Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа - адамгершілік - рухани тәрбие беру. «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата - ана үлгісі» - деп, Ы. Алтынсарин атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру баланың туылған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз - өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани - адамгершілік тәрбие - екі жақты процесс. Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу күнделікті өмірде, үлкендердің қолдан келетін жұмысты ұйымдастыру барысында, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде іске асады.

Халқымыз «баланы ойын өсіреді» деген сөзі тегін айтылмаса керек. Бала ойнап жүріп, ойланады, жүйкесі тынығады, ойы сергиді, денесі шымырланады. Өздерінің құрбы-құрдастарымен жақсы араласуды үйренеді. Сан алуан ойындар баланың дене тәрбиесін дамытып, жас жеткіншектің бойына адамгершілік, сүйіспеншілік, кішіге көмек, үлкенге құрмет көрсете білуге, қиыншылықтан қорықпауға, мақсатқа жетуде төзімділікті ұлғайтуға тәрбиелеуде ерекше мәні бар. Ең бастысы, ойын баланы жан-жақты, тез ойланып шешім қабылдауға, ойын шыншыл ойнауға кешірімді, жанашырлыққа тәрбиелейтіні анық.

Адамгершілік тәрбиенің, адам бойында осы жақсы қасиеттердің болуы, жанұяға, өскен ортасына байланысты. Бала ісінің дұрыс екенін қоштап, оң бағыт беріп, теріс жерін дереу жөндеп, демеп жіберу ата-ана мен оқытушыға жүктелер міндет. «Адам бойында жақсы қасиеттер көп болса, оған бақ та, бақыт та қонады» деген сөзге сүйенсек, жағымсыз қылықтар болса одан арылту қажет. Болашақта ел тұтқасын ұстар азаматтардың өнегелі тәрбиесі – бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. Олардың отансүйгіштік сезімін, білім мен біліктілігін, дағдысы мен шеберлігін, асқақ адамшылық және адамгершілік қадір-қасиеттерін, жаңа дүниетанымдық көзқарастарын, салауаттылық дағдыларын, ұнамды мінез-құлық нормаларын рухани-адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру – үлкен қажеттілік екендігін ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев үнемі еске салады.

Келешегіміздің діңгегі білімді де тәрбиелі жастар. Сондықтан тәрбие мәселесін білім беру жолында нақтылап өз деңгейінде қоя біліп, басты назарда ұстайық!

1 103 0
Нұршат Баянғали «Нұн Жұбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе кенті Ұлы дала ұстазы № 000604
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: