Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы
Азбайтұғын адамның алтындығы.
Ғ.Қайырбеков
Ұстаз жайлы талай сырлы сөз айтылып, жырлы дастан жазылды да. Біріне ардақты, екіншісі құрметтейтін, үшіншісі түсініспей, төртіншісі сыйлай алмайтын осынау мамандықтың өзіндік күрделі болмысы бар. Қанша әрлі сөзбен әдіптегенмен, ар жағында жапсаң да жасыра алмайтын адамның шынайы бейнесі бар, маманның қоғамдағы шын орны бар. Осынау сөзбен талай маржанды төбесінен үйіп-төгетін мамандарға шын мәнінде еткеніне лайық сый-құрмет көрсетіле ме? Бұл – басы ашық сұрақ. Қазіргі іздейтініміз – ардақты аталған абыройлы атты арқалап жүрудің қандай адал жолы бар?
Біз – бастауыш сынып мұғаліміміз. Жас шәкірт ата-ананың аялы алақанынан алғаш ұзап, біздің алдымызға келеді. Бірінші ұстаз бейнесі бала жадында мәңгілік қалмақ. Әке-шешеден кейінгі тұрақты, әрі ұзақ көретін ересек кісі бастауыш сынып мұғалімі екені анық. Сондықтан біздің мақсат – білім дәнін сеуіп, оқу-білімге құштарлық ояту ғана емес, тәрбие тәлімінің басында жауапкершілікпен тұрып, жас шыбықтай тал өскіннің бойына адамгершілік тұқымын сеуіп те үлгеру.
Ұстаз таланты деп нені ұғамын? Жеке маманның бойындағы ерек қасиеттері, дара болмысы ма? Ұстаздың өзін тауып, тұрақты ізденісте болып, әркез алға ұмтылып, заман талабына сай дамып отыруы ма? Бұның бәрі рас та шығар, дұрыс та шығар. Мен ұстаз таланты деп оның оқушыны тани алуын, оның шырағын жаға білуін түсінемін. Бір ұстаздың алдынан мың шәкірт өтеді. Әрқайсысына жалқы қарап, тұлғалық болмысының қалыптасуына ерте бастан зер салса, «білсем екен, көрсем екен, танысам екен» дерлік адам болуына алғашқы баспалдақ болса, міне, миссияның орындалғаны. Соның үшін, менің ең басты міндетім – кішкене жүректерге үлкен арман орнатып, кішкене кеуделерге үлкен қанат бітіру. Бұл күні бар қарым-қабілетімді әр баланың бойында таудай талап туғанша пайдаланатыным – ақиқат.
Қоғамды ұстаз алдынан өткен шәкірт құрайтынын әсте естен шығаруға болмас, сол себепті ұстаз мәртебесі әр сыныпқа кіріп, сабақ өткен әр минутына байлаулы екенін де біле жүрелік. Шырақтарымыз сөнбесін.