«Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушыларын мұғалімдер қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады»
Н. Назарбаев
Қай елдін болсын өсіп-өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа сапалы, мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру-бүгінгі күннің басты талабы.Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп. Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен, ұлы ағартушы Шоқан Уәлиханов: «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген. Азат, тәуелсіз мемлекетпіз, енді жүйелі білім беру міндеті ғана тұр. Бұл міндетті абыроймен атқару үшін күні-түні іздену, әлемдегі озық әдіс-тәсілдерді барынша мектеп өміріне ендіру – ұстаздар үшін парыз.
Қазақтың ХХ ғасырдың белгілі ағартушысы Ж. Аймауытов «Қазіргі қазақ мектебіне қажеттісі – тек білім беруші мұғалім ғана емес, баланы өмір сүруге үйретуші ұстаз!» - деген еді. Бұл сөздердің бүгінгі күні де мәні өте жоғары. ХХІ ғасыр - ғылым мен білімнің қарыштап дамыған ғасыры. Сондықтан бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәліметтер беріп қана қоймай, оны дүнежүзілік білім, ақпарат, эканомика кеңістігіне шығуға, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүріп еңбек етуге дайындайды. Бұл істе нәтижеге қол жеткізу мұғалімнің өзінің жан - жақты білімдарлығымен, тұтас дүниетанымының болуымен, ой - өрісінің кеңдігімен тікелей байланысты.
Елбасымыз Н.А. Назарбаев «Дамыған,бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін, біз жоғары білімді ұлт болуымыз керек» дей келе, өскелең ұрпақтың функционалдық сауаттылығына аса назар аударуды талап етіп отыр.К.Ушинский: «Мұғалім - өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда, оның мұғалімдігі де жойылады», - деген екен. Бүгінгі күн- білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгерістеріне бет бұрып отырған кезең. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын жоғары индустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», - деген еді. Қазақстанның әлемдік үрдістерге кіруі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда.
Қазақстан 2050 стратегиялық бағдарламасы білім берудің ұлттық моделінің қалыптасуымен және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңестігіне кіріктірумен сипатталады. Қазіргі таңда қазақ тілі-мемлекеттік тіл, қарым-қатынас тілі – орыс тілі және ағылшын тілі – әлемдік кеңістікті тану тілін оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану-заман талабы болып отыр.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – оқушыларды сындарлы оқытуға үйрету, әлемдік білім кеңістігіне қол жеткізу, инновациялық білім негіздерін терең меңгерту. Ғылым мен технологияның дамыған заманында білім беру саласы да қарқынды дамуда. Қазіргі таңда мектептер жаңа технология құралдарымен жабдықталып, ұстаздар білім берудің жаңа әдіс-тәсілдері бойынша білімдерін жетілдіру үстінде. Ендеше, заманына қарай амалы демекші бұрыңғы кездегідей қарапайым дәстүрлі сабақтың мәні де сәні де кеткен уақыт. «Білімді ұрпақ – болашақтың кепілі»,-деп дана халқымыз айтқандай, бүгінгідей ел болашағы – жас буынды заманына сай лайықты жеке тұлға ретінде қалыптастыру ісі мемлекетіміз үшін маңызды болса, мұғалімдер қауымына артылар жүк ауыр екені баршаға мәлім. Қоғамның дамуындағы ең маңызды мәселе білім беру жүйесі. Қазіргі таңдағы негізгі мақсат – жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім, ой-тұлғасы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны яғни еліміздің патриотын қалыптастыру. Ойы жүйрік, ақылы жетік, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім жеке тұлғаны тек қана жаңа тұрпатты педагог қалыптастырады. Негізінен жаңартылған білім жүйесі құзыреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Оқушыларды заманауи әдіс –тәсілдермен оқытып, ой –өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Зерттеушілік дағдылар адамға тек ғылыми жұмыспен айналысқанда ғана емес, сонымен бірге оның басқа да қызмет аясында қажет. Баланы зерттеушілік іс-әрекетке дайындау, зерттеушілік ізденістер мен дағдыларына үйрету қазіргі кезде білім берудің маңызды міндеті. Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты-білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді.
Қорыта айтқанда, жаңартылған білім бағдарламасының мәні- баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы — заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама. «Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда , қайырымы қайтпаса» -деген екен А.Байтұрсынов. Сондықтан үнемі кәсіби біліктілігін арттырып, жаңашылдыққа ұмтылған педагог қана шығармашылықпен, зор қуатпен еңбектенеді. Себебі, әлем таныған елде рухани бай және интеллектуалды тұлғалар мекендеу қажет.