Сайыстың мақсаты: Балалардың қимыл қозғалысын жетілдіру, салауатты өмір салтына тәрбиелеу, ептілікке, төзімділікке, достыққа, ұйымшылдыққа,шапшаңдыққа тәрбиелеу. Балалардың белсенділігін дамыту, денелерінің түзу және сымбатты қалыптасуына көңіл бөлу.
Ресурстар:Түрлі-түсті шариктер, доптар, резина аттар, жалаушалар, кеглилар, арқан.
Жүру барысы: Құрметті тәрбиешілер және балалар, Бүгін сіздер ересек тобы арасында өтетін «Кім жылдам?»спорттық сайысын тамашалауға жиналып отырсыздар! Сонымен сайысты бастауға рұқсат етіңіздер!
Жүргізуші:
Келіңіздер, келіңіздер!
Бұл жарысты көріңіздер!
Бізде бәрі жүйріктер,
Күш сынасар алыптар.
-Ал енді сайыскерлерімізді ортаға шақырайық
Жүргізуші:
Жалқаулықты тастаймыз,
Шынығамыз жастай біз!
Босқа тұрмай қанекей.
Жаттығуды бастаймыз!
Музыка ырғағымен жаттығу жасау.
Ендігі кезекте бұл сайыстың бағдарламасымен таныс болыңыздар!
1. «Допты шапшаң бер» ойыны
2. «Допты домалатып тез лақтыр» ойыны
3. «Көңілді секіртпелер» ойыны
4. «Картобыңды егіп кел де, жинап ал» ойыны
5. «Мергендер» ойыны
6. «Арқан тартыс» ойыны
7. «Кім жылдам» ойыны
Қазылар алқасымен таныс болайық. Қазылар алқасымен таныстыру.
Енді топтарды ортаға шақырамыз.
1 - ші команда «Сұңқар» тобы
2 - ші команда «Тұлпар» тобы
Сайысымыздың басталуы.
Таныстыру. Топтар өз топтарын таныстырады.
«Сұңкар» тобы:
Қатар өскен құрдасқа,
Жарыс ұнап тұрмаспа,
Қуып жету жақсы ғой.
Озып шығу бір басқа!
«Тұлпар» тобы
Босқа қарап тұрмайық,
Бағымызды сынайық.
Намысты қолдан бермейік,
Жарыста озып шығайық.
Жүргізуші: Балалар, сендерге сәттілік тілей отырып жарысымызды бастаймыз.
1 - ойын «Допты шапшаң бер»
Шарты: Әр топтың алдыңғы жағынан 6 - 8 м қашықтықтан шеңбер сызылады. Шеңберде топ басшысы допты ұстап тұрады. Жүргізушінің берген белгісі бойынша топ басшы өз жағының 1 - ойыншысына лақтырады да, өзі жүгіріп барып саптың соңына тұрады. 1 - ойыншы қолына доп тиісімен шеңберге жүгіріп келіп, допты келесі ойыншыға лақтырады. Ойын осылайша ақырғы ойыншыға дейін жалғасады. Топ басшысы шеңберге қайта келгенде ойын аяқталады. Топ басшы шеңберге бұрын келген топ жеңіске жетеді.
2 - ойын «Допты домалатып тез лақтыр»
Шарты: Сөре сызығынан 5 - 7м жерде параллель сызық сызылады. Белгі бойынша 1 - ойыншылар допты сызыққа дейін домалатып тура сызыққа допты тигізіп, қолына алып 2 - ойыншыға кеуде алдынан лақтырады да өзі саптың артына барып тұрады. Ойын осылай жалғасады. Топ басшы соңғы ойыншыдан допты алған мезгілде ойын аяқталады.
3.«Көңілді секіртпелер»
Шарты: топ мүшелері секіртпемен белгілі межеге дейін жетіп, жалаушаны алып кері жүгіріп келіп, эстафетаны келесі ойыншыға береді.
4. «Картобыңды егіп кел де, жинап ал»
Шарты:Ойыншылардың алдында арасы 1м қашықтыққа түзу бойынша сызылған 10 кішкене шеңбер және топ басшының қолында дорбада 10 картоп болады. Белгі бойынша топ басшылар картопты шеңберге отырғызады да шапшаң жүгіріп барып дорбаны 2 - ойыншыға береді. Ол картопты жинайды, 3 - ойыншы егеді. Ойын осылай жалғасады. Топ басшы дорбаны соңғы ойыншыдан алған мезгілде ойын аяқталады.
5. «Мергендер»
Шарты:Кеглиді құлату.Қай топ қөп құлатса, сол топ жеңімпаз.
6. «Арқан тартыс» ұлттық ойыны
Шарты: екі топ арқан тартысады.
7. «Кім жылдам»
Шарты: Қораптағы шарлардың ішінен әр топ өз түсін тауып, келесі қорапқа жинау керек. Қай топ көп жинаса сол топқа ұпай саны қосылады.
Қазылар алқасына сөз береміз.
Жүргізуші: Көрсетті міне өз өнерін балалар,
Сайыстың да соңы жетіп таянар
Дені сау, мықты, епті, ақылды
Спорт сүйгіш боп өсіңдер, балалар!
Мінеки балалар, бүгінгі сайысымыздың соңына да келдік.
- Сендерге ойындар ұнады ма?
- Алдағы уақытта спортпен шұғылданып, ертеңгісін жаттығулар жасап жүресіңдер ме?
Жарайсыңдар, балалар!