Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI64

БІЛІМ БЕРУДЕГІ ОҚУ МЕН ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗІ

Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Сол себепті мектепте білім берумен қатар тәрбие мәселесіне де жете көңіл бөлінуде. Еліміз егемендік алып, өзін дүниежүзіне таныта бастаған кезеңде патриоттық тәрбиенің мәні өте зор. 

Оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруші – мұғалім. Ы.Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» - десе, А.Байтұрсынов «Мектеп керектері» еңбегінде: «Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақ. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақ. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі білімді, педагогика мен методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», - деп жазды.

Бүгінгі күнде тәрбие өткен жылдарда жинақталған тәжірибеге арқа сүйейді. Қазіргі күннің талабы – баланы жан-жақты тәрбиелеу. Жаңашыл мектептерде тәрбиенің сапасына, әдіс-тәсілдерінің мазмұнына, мақсатына зор көңіл бөлуде, жаңаша көзқарас қалыптасуда. Бүгінгі талап – қарқынды өркениет бағыттарынан қалыспай, терең білімді игеру. Осыған орай, қазақ мектептерінің оқыту жүйесінде әлемдік және ұлттық негізде жеке тұлғаны дамыту үшін өте орынды жағдайлар жасалып, нәтижелері көрінуде. Болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі ең басты міндеттердің бірі – оқушылардың іс-әрекетін ізгілендіріп, рухани дамуының дұрыс жолға қойылуы. Ол үшін оқушылардың жеке тұлғалық қасиеттерін гуманистік бағытта тәрбиелеп, олардың шығармашылықпен дамуына жол ашу.

Тәрбие процесінің барлық кезеңінде белгілі бір сапалар қалыптасады, бірақ әр сыныпта тәрбие әдісі өзгеріп отыруы тиіс. Бірінші сыныпқа дәл келетін әдіс-тәсіл үшінші сыныптағыларға сәйкес келмейді, ал бесінші сынып оқушылары ол әдісті қабылдамауы мүмкін. Тәрбиеленушілердің жеке және тұлғалық ерекшеліктері ескерілуі қажет. 

Қазіргі таңда еліміздегі оқу-тәрбие жұмысына байланысты болып жатқан жаңартулар білім мен тәрбие жұмысын қайта қарауды міндеттейді. Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын, білім алу арқылы дамуын қойып отыр. Егеменді еліміздің жарқын болашағы болар жас ұрпаққа терең мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеу – бүгінгі алға қойған басты міндет. Ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Жас ұрпақ тәрбиесі қай заманда болмасын уақыт сынынан түскен емес. Тәрбие мәселесі -  адам баласының ғұмырындағы көнермейтін, қоғам тіршілігінен ажырамайтын баға жетпес құндылық.

Заңғар жазушымыз М.Әуезов «Адам баласы жан жемісін татпай, өмірдің терең мағынасын, шын мақсатын түсіне алмайды» - деген екен. Жан жемісі оқу-білім, тәрбие десек, сол жемісті берер мәуелі ағашымыз – мектеп, ал мектептің жүрегі – мұғалім.

Мектеп – білім ошағы, тәрбие ордасы, тағылым табалдырығы. Мектеп – тұлғаның толық қалыптасуына жағдай жасайтын әлеуметтік орта. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» - деп Абай ғұлама айтқандай, жүректің жылуы, ар-намыс, қайрат-жігер деген сезімдері бар рухтың мекені мектеп екенін ақиқат. Қазіргі қазақ мектептері оқыту мен тәрбиенің сапасына, әдіс-тәсілдерінің мазмұнына, мақсатына көңіл бөлуі қажет.

Оқу-тәрбие үрдісінде әрбір шара ата-аналардың қатысуымен өткізілетінін ерекше атағым келеді. Ата-ананың балаға өнегесі – барлық жағдайда ең күшті бағдар екені сөзсіз. Отбасындағы шынайы ұлттық тәрбие қолға алынбай, бала ұлттық тәрбиенің нәрін татпай, оның ұлттық менталитеті қалыптаспайды. Ондай жағдайда ол өзін де, өзгені де сыйлап құрметтеп, отбасының, елінің намысын ойлап жарытпайды. Мұндай мәселелерде, әсіресе, жанұяның рөлі ерекше. Себебі, тәрбие отбасынан басталады. Балаларды тәрбиелеуде ата-аналарды оқу-тәрбие процесіне қатыстыру, олармен тығыз байланыс жасау мәселесі негізгі орын алуы тиіс. 

Мақсатымыз айқын, міндетіміз түсінікті. Біз үшін өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беретін ұстаз дегеннен асқан құрметті атақ жоқ. Ол үлкен міндеттер жүктейді.    

906 0
Алихан Досмухамбетов, №3 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры, педагог-зерттеуші Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы Ұлы дала ұстазы № 000023
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: