«Тіл тағдыры – ұлт тағдыры екендігі, жас ұрпақты оқыту тілі - ана тілі болуы керектігі» ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында да басты мәселе болып тұр. Жазушы Ә.Кекілбаевтың «Халқымыз – бүгінде өз жерінің қожасы, өз тағдырының иесі. Қайдан үлгі аламыз, кімнен нені үйренеміз десек те, ешкім қолымызды қақпайды. Бірақ, соның бәрі де өз бейнемізді, ұлттық рухани ұстындарымыз бен құндылықтарымызды сақтап, дамытумен ұштасқанда ғана нәтижелі, мағыналы болмақ...» деген еді.
Ұлттың өміршеңдік әлуеті тілінің мемлекеттік-атазаңдық мәртебесі мен өмірлік көрінісіне байланысты. Тілдің әдеби үстемдігі мен ғылыми стилінің өркендеуі қолданушысының өресімен айқындалмақ. Тілдік тәрбие, кісілік қасиет көркем шығарма оқу арқылы келетіні белгілі. Олай болса, тілді сауатты меңгеру үшін көркем шығарма оқу керек. Көркем шығарманы өз ана тілінде оқып, ана тілінің бай мұрасын саналы түрде түсінбейтіндер «төрде» жүргенде қазақ тілінің мәртебелік мәні өзекті болары хақ. «Кітап оқудан тыйылған, тоқмейілденіп тоқыраған тоғышарлар қоғам бейнесін бұзып бүлдіретін мәңгүрттікті қалыптастырушыларға айналатындықтары туралы М.Әуезов «Ана тіл әдебиетін сүйіңдер» (1957) мақаласында үлкен қынжылыспен айтады» -дей келе, «... Мұқаң осы мақаласында қазақ баласы болашақта қай мамандықты иеленсе де, ең алдымен қазақ тілін білуі міндет, сүюі парыз екендігін ерекше ескерткен» - деп жазып еді жазушы туралы өзінің бір мақаласында ұстазым, ғалым Қ.Шаяхметұлы. [ 5, 88]
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қаншама жастар «Болашақ» бағдарламасымен оқыды, сол жылы туғандардың өзі еліміздің болашағын ойлайтын жасқа келді. Бірақ біздің елде шешімі табылмайтын «мәселе» көп. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметтені» ұға алмайтындар қазақ тілінің ана тілдік, мемлекеттік тілдік басымдығына аса назар аудармайтындай.
«Қазақтың әдеби тілі туралы» мақаласында қазақтың әдеби тілін дамыту үшін ғалымдар мен мамандар, әсіресе, дәрігерлер, инженерлер, биологтар мен математиктер өз еңбектерін қазақ тілінде жазуы қажеттігін айрықша атап көрсеткен. ...ғылымдарға байланысты тіл, орам шеберліктерді осы ғылымдардың өз мамандарынан артық қазақ тілінде айтып бере алатын шеберлерді, қайраткерлерді бір жақтан қарызға сұрап аламыз ба? Қазақтан шыққан инженерлер, дәрігерлер, биологтар, математиктер өз еңбектерін өз халқы тілінде жазып таратпауын немен ақтауға болады?» [5, 86]-деп тағы да оқыған жастарға Әуезов сөзімен ой саламыз. Олай болса, өз ана тілінде оқып, өз ана тілінде ғылым жасайтын жастарды, ғылым мен техниканың әр саласында маманданатын жас ұрпақты «бір жақтан қарызға сұрап алмайтындай» етіп оқыту мәселесі туындайды. Біздің оқу орны оқытушыларының болашақ маман санасына құяр сабағы осыдан басталады. Бірінші курсқа қабылданған күннен бастап Мұхтар мұрасын насихаттауды, сол арқылы елдің елдік белгісін, ұлттың ұлттық рухын ұрпақтан-ұраққа жеткізуші – мұғалімдер екендігі түсіндіріледі. «Қазіргі жастардың сөйлеу тілі шорқақ» деген пікірді жиі естиміз. Сол тілі шорқақ жастан болашақта тілі шорқақ ұрпақ тарайтынын ойласаңыз,тіптен, жаныңыз түршігер. Сондықтан көркем шығарма оқытудың оңтайлы әдісін ойластыруға тура келеді. Қазақ тілі пәні грамматикалық білімді тек теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық тапсырмалармен толықтыра оқытуды мақсат ететіні белгілі. Яғни, талдауға алынатын сөз, сөйлемдердің білім алушылардың сөздік қорын байытып, байланыстырып сөйлеу дағдысын жетілдіруге бағытталуы, тіл мәдениеті мен әдебилігін сақтай сөйлеуге үйрететіндей болып таңдалуы абзал. Бір ғана мысал келтірейік, 1. «Адырға кірді. Бірнеше төбелерден өтті. Көксерек кейіндеп қалып еді. Бір ылдида көк шолақ қоянды жұмарлап жатыр екен. Көксерек келе ауызды қойды. Екеуі жұлқыласып тартысқанда қоянның басы мен кеудесі көк шолақтың аузында кетті. Өзінде қалғанды қапаш-құпаш асап, Көксерек қайта тап берді. 2. «Көк шолақ қоянның басын тастай беріп, арс етіп Көксеректі аяқтан ала түсті. Ойда қар борап, аяқтарының асты аткөпір болды. Шапшып келіп гүрілдеседі. Тістері бір-біріне сатыр-сатыр тиісіп, қарш-қарш шайнасады. Тікейіп шапшыған бойда ұстасып тұрғанда, Көксерек басын бұрып жіберіп көк шолақты құлақ шекеден ала түсті. Жасынан ауыл иттерінен үйренген әдісі еді. Аузы тиісімен жұлқылап бұрап жібергенде, көк шолақ майысып барып астына топ ете түсті» [3, 178]. Қарамен берілген сөздер мен тіркестерге назар аударту арқылы тек көріністің мазмұнын ұғынумен шектемей, қалай суреттелгеніне және сол суреттелудегі сөздік қолданысты өзінің сөйлеу тіліне енгізуге үйрету жұмысы қамтылады. Қазақы этнонимдердің географиялық аталым ретінде пайдаланылатындығы да түсіндіріледі. Қимыл-әрекеттік сөз қолданыстың этнолингвистикалық сипаты да талданады. Келесіде «Қазіргі уақытта қараңғы түннің қара желі қатайып, түн түсі суи бастаған сайын, Қасымның жүрегі қалтырап, шошынып, елеңдеп келе жатты. Оның үстіне алыстағы бұлт жиі-жиі күркіреп, күн жарқылдайды. Түнгі тау. Қара жартас алыстан перілер мекеніндей болып- жарқ етіп, қайта қараңғылыққа батып жоғалады. Түн қараңғылығы жалт еткен жарықты тездетіп, жалмауыздан басып қалады. Таудың қараңғы сырлы сайлары жартастың қалың көлеңке басқан қара күйедей тұңғиық қап-қара беттері түндегі таудың қараңғы пәлелерін ішіне бүгіп жиып тұрғандай көрінеді... Тоғайда да қалың жапырақтың арасында қара бірдеме жасырынып әлде ненені күтіп тұрғандай. Әрбір түптің астынан қара түннің тұңғиық, суық, терең қара көздері мың сан болып қадалып қарап тұрғандай...» [3, 111] мәнмәтіні тілдік қолданыстағы түр-түстің семантикалық мәнін және халықтың эмоциялық қалпын, адамгершілік түсініктерін білдірудегі әдеби көркем сөлеуге дағдыландырудың таптырмас мысалдары. Түр-түстің символдық мағынасына байланысты ғалым Ислам Айбарша: «Түр-түсті білдірер символдар жүйесі қандай да болмасын ұлттың дәстүрлі дүниетанымның негізгі танымдық кодтарының бірі болып табылады» - дейді [4,21б].
Түптеп келгенде, көркем шығарманы мазмұн қуып қана оқымай, сөздік қорын байыта оқудың жолын көрсету – тілдің әдеби көркемдігін таныту. Сөздік қоры мол, бейнелі сөз смантикасын түсінетін және қолданыстық орнын, стилін таразылай алатын маман қай салаға болмасын, дәл бүгінгі күні аса қажет-ақ.
Жазушы тілді байытудың тиімді жолдарының қатарына аударма үрдісінің сауатты қалыптасуын да қосқан. «Көркем аударманың теориялық мәселелері» атты мақаласында «... жаңадан сөз байланыстарын жасау, бар сөздер мен ұғымдардың мағыналарын тереңдету, жаңарту, жеке сөздердің ұғымдық ауқымын кеңейту, ұлт тілдерінің сөз негіздерін пайдалана отырып, жаңадан сөз тұлғасын жасау» лингвистикалық қағидасын ұсынған. Мысалы бір мақаласында Әуезов былай деп жазады: « Қай мектептің болмасын жаны – оқу құралдары. Ғылым жолында талай басқышқа мініп кеткен өзге жұрттарды алсақ, бәрі де жылдан-жылға оқу кітаптарын жаңғыртып, бір жақсыдан бір жақсыны таңдап отырады. Қазаққа келсек , мектепке арналған бір кітап жоқ. Себебі, мұны ниет қылған талапкерлердің алдынан көлденең шығатын бір зор кедергі барлығы. Ол - ғылым тілі. Ғылым тіліне қазақ сөзі жетпейтіні, жететін болғаны кезде де, аршылып, арналмағандығы анық. Қандай тілге бай жұрт болсын, ғылым жолына түсе бастағанда тілі кемшілік қылып, қашанғы ескісін алып құрастырып, бөтен жұрттың тілін жамау қылып, неше түрлі болып аламыштанады. Бір халықтың ғылымсыз күніндегі тілін алып, артынан ғылымды болған күніндегі тілін алсақ, соңғы тілі жаңа туғандай болып өзгереді. Бізге осы күннен оқу тілі мәселесін ашып, бір жолға бетті түзеу керек. Осы туралы орысша оқыған өз машығына, мұсылманша оқыған өз машығына тартпай, дәлелімен қай тілдің мағынасы орамдырақ, қай тіл қазақтың өмір жолына қолайлы , осыны салыстырып, біреуін ұстау керек. Сонан соң не мұсылманша оқығандар болып, не орысша оқығандар болып ... белгілі бір жолға түселік» деп кезекті бір мәселені көлденең тартады [4, 86] .
Сондықтан қазақ тілінің байлығын, әдеби және мәдени сөйлеу тілін жас ұрпаққа меңгертудің тиімді әдіснамалық жолын қарастыру, тілдің мемлекеттік-атазаңдық мәртебесін түйсіндіру уақыт озған сайын өзектілене береді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Әуезов М. – ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманисі. – Алматы: Ғылым, 1997ж.
2. Әуезов М. Шығармалар жинағы. – Алматы: Өлке, 2012ж.
3. Әуезов М.. Қорғансызың күні. - Алматы: Атамұра, 2002
4. Ислам Айбарша. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. Алматы, 2004, - 251 б.
5. Шаяхметұлы Қ. Шартарап. Семей-Новосибирск. «Талер-Пресс» 2006ж.