Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI621

Тіл үйрену – діл үйрену емес

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» – деп Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әли айтқандай, тіл үйрену маңызды,бірақ өз тіліңе деген құрмет болмаса барлығы зая кетеді. Ұлттық тәрбие берудің бірден-бір құралы – тіл. Тіл – тек адам баласының ғана емес, ұлттың, халықтың, қоғамның болмысын көрсететін құбылыс. Адамзаттық құндылықтар қатарынан тіл ғылымынан да, мәдениет пен өнерден де бұрын тұрады. Ғылым да, мәдениет те, өнер де, материалдық игіліктер де, саясат та тілдің қатысуымен жасалады. Сондықтан да тіл үйрену керек, өз тіліңді жетік білгеннен кейін. 

Өзге тілдерді үйрену бізге, әсіресе дамушы мемлекетке өте қажет. Тіл үйрену нәтижесінде бізге әлем есігі ашылады. Нақтылай түссек, өзге тілдерді білсек, біз олардың әдебиетін, даму үшін қолданған тактикаларын, техникаларын пайдалана аламыз, солармен қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасамыз. Тілді үйрету мектеп кезден басталады. Мектепте оқуға міндетті орыс тілін, ағылшын тілін үйретеді. Басқа тілдерді адам өз қалауымен қосымша курстарға қатысу нәтижесінде немесе өз бетінше үйренеді. Дегенмен, тіл үйрену – діл үйрену еместігін естен шығармаған жөн.

Діл (менталитет) – ойлаудың үлгісі, этностық әлеуметтік топтың, индивидтің жалпы рухани мінез-құлқы. Сондай-ақ діл халықтың этникалық бірлігі мен оның басқа ұлттық құрылымдардан ерекшелігін тану болып табылады. Сол арқылы адамдардың жалпылама және нақты баға беруі, әлеуметтік ұстанымы өзгенің әлеуметтік бірлігіне және басқа да қауымдастықтарға белсенді қарым-қатынасы пайда болуы. Жалпылама айтқанда, діл – өзге әлеуметтік топтың өмір сүру салтына еліктеу. 

Тіл үйрену – дұрыс, діл – үйрену дұрыс емес. Ғалымдардың зерттеуінше діл үйренудің басты факторы – өзге ұлттың тілін үйренуден басталады екен. Тілін үйрену арқылы сол мемлекеттің менталитетімен танысып, еліктеп кететіндер көп кездесіп жатыр. Оның көріністерін Қазақстаннан да көруге болады:

Тәрбиенің өзгеруі. Адам психологиясы өте әлсіз келеді, көп жағдайда көргенін қайталайды. Жасөспірімдердің тәрбиесінің бұзылуына да шетел кітаптары мен шетел фильмдері, әндері, бейне баяндары әсер етіп жатқандығы белгілі. Егер олардан жақсы жағын алса көз жұма қарап, қолдар едік, бірақ үйренген осы екен деп, әке мен шешеге, ата мен әжеге, ұстаздарға, бауырларға деген құрметтен айырылып барамыз. Көргені көп қазақтың кекірей деген келінді, бедірей деген қызды, тілазар ұлды көргені қалып па еді? Қымыз бен шұбат ішіп, арқада тату өмір кешіп жатқан қазаққа спиртті өнімдер келіп, бір-біріне қарсы шығып, қырқысып жатқанын көреміз. Тәрбиеміз бұзылып, тәңірден қорқудан да қалдық. Қарты бар үй қазыналы деуші едік, қазыналы үйіміз азайып, қарттар үйі көбейді. Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар деуші едік, базар үйлеріміз азайып, балалар үйі мен мазар үйлеріміз көбейді. 

Киім кию үлгісі өзгерді. Қазақ халқы еліктегіш халық деген сайын шектен шығып барамыз. Қарап отырсақ, үкілі кәмшат пен бүрмелі көйлектерді тек теледидардан, мерекелік іс-шаралардан, ұлттық киім сататын дүкендерден көретін болдық. Мейлі, киім үлгісі өзгерсін, заман талабына сай. Бірақ етек пен жеңге, жағаға назар салып, ұят деп тыю салтымызды естен шығармайық. Жоғары да айтып кеткендей, адам психологиясы көргенді жасайды. Мұнда көгілдір экранның беттеріне жүрген эстрада жұлдыздарына құлақ қағыс болса екен деймін, олар құдай берген сыйы – танымалдықты жақсы жолда пайдаланса игі еді. Көп жағдайда эстрада жұлдыздарың киім кию үлгісі шектен шығатындығы баршамызға аян. 

Ұлттық менталитетімізге, дінімізге қарсы мерекелерді тойлауы. Тіл үйрену мен қатар сол мемелекеттің, ұлттың өміріне үңілетіндігіміз бар. Олардың дәстүрлі мерекелерімен де танысып, білісіп жатамыз. Бірақ олардың мерекесін біздің тойлауымыз дұрыс емес. Мысалы шетелдік «Хэллоуин» мерекесі соңғы жылдары Қазақстанда да тойланып жатқандығын білеміз. Ал мұның біздің дінімізге қайшы екендігін ескеріп жатқан жоқпыз. Тек қана біздің емес христиан дініне де қайшы. Дінге қайшылығынан бөлек бұл мереке өсіп келе жатқан бүлдіршіндердің психологиясына да кері әсерін тигізеді. Бұл туралы белгілі журналист-блогер Марфуға Шапиян бірнеше себебін санамалап береді:

  1. Хэллоуин – мұсылмандардың емес, пұтқа табынушылардың аруақтарды шақыратын мерекесі.
  2. Мұсылмандар өлгендеріне құрмет көрсетеді, артынан жаман сөз айтпайды, Құран оқиды. Ал бұл мереке өлі аруақтарды қорлап, оларды шақырып, мазаққа айналдырады.
  3. Дінімізде ақыл-есі дұрыс адамдардың өзін «жындыдай» ұстауы дұрыс емес. Хэллоуин болса, жын-шайтандардың, мыстандардың мерекесі іспетті.
  4. Сансыз асқабақ пен костюмдерге ақша жұмсау  ысырапшылдық.
  5. Бұл мерекеден мұсылмандар тұрмақ, «дінімізге қайшы келеді» деп көптеген христиандар да бас тартқан. Тіпті Ресей мемлекеті заң жүзінде тиым салған болатын.

Қорыта келгенде, діл үйренудің көптеген қайшы тұстарын атауға болады. Діл үйренудің басты факторы – тіл үйрену екенін ескере отырып, әр бір тұлғаға тіл үйретпес бұрын оның тек тілді үйреніп басқасын өзімізге алмауымыз керек екендігін бірінші үйреткен жөн. Өзге тілді үйретпес бұрын өз тіліміздің маңызын жете түсіндірген абзал. Тіл үйрену – діл үйрену емес!

208 1
Айымжан Сатыбалдиева , КГУ №5 им.М.Ломоносова , учитель русского языка и литературы, Жамбылская область, Жуалынский район, село Нурлыкент Ұлы Дала Ұстазы № 000312
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *:

Нурсулу
Нурсулу
2 ноября 2021 14:55
Жарайсын! Жақсы мақала!!