Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI615

Шығыс Қазақстан өңіріндегі ақын-жыраулар

          Жыраулық өнер – жабырқаған көңілін көтеріп, қазасын астарлы сөз, күңіренген күймен есіттіріп, ас-тойын жырау-жыршысыз өткізбейтін қазақ деген өнер қонған халықтың көнермес ұлы дәстүрі. Халқымыз бодандық бұғауынан құтылып, ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізген тұста, әдеби-музыкалық өнердің жыраулық-жыршылық саласы болашақ ұрпақты ана тілімізде, қазақи ұлттық рухта, өнерпаз ата-бабаларымыз көздің қарашығындай сақтап бізге жеткізген дәстүрлі ұлттық мәдени мұралар негізінде тәрбиелеу бірінші орынға шықты [1, 3б.].

         Шығыс Қазақстан өңіріндегі ақындық және жыраулық үрдіс бағзы замандардан басталып, қоғамның өзгеруіне орай кейде әлсіреп, кейде өзін тұншықтыруға, санадан сылып тастауға тырысқан жойқын тарихи оқиғаларға үнемі төтеп бере отырып, өнерпаз ұл-қыздарының дарындылығы мен табандылығы арқасында, халық тудырған және онымен мыңдаған жылдар біте қайнасқан теңдесі жоқ қастерлі қымбат қазына, бабалардан қалған бағалы асыл мұра ретінде таза бітім-болмысын, рухани-ағартушылық күш-қуатын бойына қайта жинап, бүгінгі күнге дейін жетті. Еліміз егемендік алғалы бері Елбасы Н.Ә.Назарбаев тарихи-мәдени мұраларды жинау, зерттеу, сақтау ісіне айрықша көңіл бөлумен келеді. Тіпті, үш жылды «Мәдени мұра жылы» деп жариялады. Бұрын-соңды қазақ елінің тарихында болмаған мұндай ауқымды бағдарлама әлі де жалғасын табуда. Жыраулық өнерді қай тұрғыдан зерттесек те, қазақ мәдениетінде өз орны бар бұл саланың әдеби-музыкалық шығармашылық екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан, өнердің осы түрін тарихтану, әдебиеттану, музыкатану ғылымдары тұрғысынан және бір-бірінен ажыратпай қарастырған абзал. Жыраулық-жыршылық өнерді бұрын негізінен тарихшы-этнографтар мен халық ауыз әдебиеті саласының ғалымдары көбірек зерттеп, музыкатанумен айналысқан ғалымдардың жыр мәтіндері мен мақамдарын тұтас қарастыра зерттегендері аз екені қынжылтады.

         Эпостық, батырлық жыр-дастандардың, терме-толғаулардың, нақыл-өсиет өлеңдердің таза әдеби туынды екені даусыз болғанымен, бүкіл ішкі әлемін үнемі сиқырлы да сазды әуез тербеп жүретін әрі ділмар, әрі сөз қадірін білетін қазақ халқы кезкелген поэтикалық туындының шытырман оқиғалы әрбір эпизоды тек оның мазмұнын аша түсетін әуенмен үйлесім тапқанда ғана жан-тәнімен қабылдайды. Сондықтан, жырау-жыршылар, термешілер, әншілер мен бақсылар сияқты батырлық жырларды, салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық әдеби-музыкалық туындыларды орындаушылар халқында айтқанда, поэтикалық туындыға әр беретін, оны көркемдеп, ұғынықты ете түсетін әуендік туынды мен оны сүйемелдейтін аспаптар, олардың атқаратын рольдері жайлы айтпау да мүмкін емес.

        Шығыс халқының ғасырлар бойы біте қайнасып келе жатқан жыраулық-жыршылық ұлы өнері, сондай-ақ әдеби-поэтикалық шығармаларды тудырып, орындап, насихаттап келе жатқан жыршы-жыраулардың күрделі де нәзік иірімдерге толы, шабыттана шалқитын жүрек елжіретерлік әуезді мақамдары мен жан-дүниеңді ерекше тебіреніске толтыратын мұңды әуендері ұланғайыр даламызды басып өткен жиҺанкез саяхатшылар мен ғұлама ғалымдарды талай-талай еріксіз тамсандырғаны тарихтан белгілі. Өйткені, бұл өнер – халық даналығының сан саласының басын біріктіріп барып, ерекше де ұлы құбылысқа айналған біртұтас (синкретті) дүние. Жырдың мәтіні мен мақамы бірінсіз бірі болмайтын тұтас шығармаға айналмаған жағдайда, жартыкеш дүние қалпында қалмақ.

        Халқымыздың тарихы мен әдебиетін, өнері мен салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптары мен өзге де құндылықтарын «қолдан қайта жасауға, тіпті түбегейлі өзгертуге» тырысушылыққа қарамастан отбасы, ошақ қасында болса да айтылып, алтын арқауы үзілмей келе жатқан төл өнерінің үлкен бір маңызды саласы, ағартушылық, тәрбиелік және әлеуметтік мәні зор халықтық мектепке айналған жыраулық-жыршылық, термешілік дәстүр өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап қана қайта жанданды.

        Шығыс Қазақстанның ғана емес күллі қазақ халқының мәдени даму тарихында жазушы, драмашы, публицист, зерттеуші, аудармашы әрі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың алатын орны ерекше. М.Әуезов - ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыс көркем сөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгеріп, қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің реалистік сапасын артттыруға, әдеби тілді байытуға ересен еңбек сіңірген ұлы жазушы [4, 10б.]. Жазушы 1897 жылы 28 қыркүйекте бұрынғы Семей облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау деген жерде туды. 1908 жылы Мұхтарды немере ағасы Қасымбек Семейге алып келіп, орыс мектебіне түсіреді. Оның тұңғыш күрделі шығармасы - " Еңлік-Кебек" драмасы 1917 жылы, семинарияда оқып жүргенде жазылды. Жазушының әңгімелеріне тән оқиғалық, тартыстық жүйелер драмалық шығармаларында да кездеседі. Бұл да суреткердің өмір ақиқатын неғұрлым шыншыл әрі толық бейнелеу ниетінен туған көрініс. Творчестволық жолының алғашқы кезеңінің өзінде- ақ М.Әуезов көп қырлы талантын айқын танытты. Ол бұл тұста, әсіресе, көркем прозаның майталман шебері болып қалыптасты. Өмір оқиғаларын қаһарман мінезімен ұштастырып, қайталанбас сом тұлғалар жасау дәстүрін тереңдетті, прозаның әңгіме- повесть түрлерін жетілдірді. Тарихи тақырыпты да, заман шындығын да өзіне ғана тән өрнектеп жырлайтын арнаға түсті.М.Әуезов қазақ әдебиетінде драматургия жанрының негізін салушылардың бірі болды. "Еңлік-Кебек", "Қаракөз", "Түнгі сарын", "Ақ қайың", "Тас түлек", "Тартыс", "Алма бағында" сияқты шығармаларында кеңес адамдарының жаңа өмір қалпын, жасампаз еңбегін бейнелейді. Осы салаға ерекше көңіл бөліп, қаламгерлік жолының әр кезеңінде бас-аяғы жиырмаға жуық пьеса жазды. Шығыс Қазақстанның тағы бір аққан жұлдызы, Абайдың ізін жалғастырушы, кемеңгер ақындық қасиеттің иесі, Шығыс даласының топырағында дүние келген   Шәкәрім Құдайбердіұлы. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанды. Ақынның творчествосы сан-салалылығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. 19ғ. - дың аяғы мен 20ғ.-дың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты. "Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық!" (1877) өлеңінде талапты жастарды ұлы Абайдан үлгі-өнеге алуға, содан үйренуге шақырса, "Жастық туралы", "Кәрілік туралы" (1879) өлеңдері Абай үлгісінде жазылып, адамның өмір жасын жыр етеді. "Өмір", "Сәнқойлар", "Ызақорлар", "Құмарлық", сияқты дидактикалық өлең-жырларында боямалы ажарды, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады.

       Шәкәрім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына ,мазмұнының етене жақындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды. Абайдың кеңесі бойынша "Қалқаман - Мамыр" дастанын жазды. (1888). Мұнда кіршіксіз махаббат дәріптеліп, ел билеушілер орнатқан қатыгез тіршілікке қарсылық, оны айыптау бар.

"Еңлік - Кебек" дастанында (1891) бірін-бірі сүйген екі жастың қасіретін ескілікті салт-сананың қатып қалған уағыздарымен байланыстырады. "Айсұлу - Нартайдың" поэмасы жамандықты жазаласа, "Әділ - Мария" романында шынжыр балақ, шұбар төс алпауыттардың зорлық-зомбылығына қарсылық білдіріп, революцияның жеңісін хабарлаумен аяқтайды. Шәкәрім Құдайбердиев - "Қодардың өлімі", "Крез патша" дастандарының авторы.

       Жалпы Шығыс Қазақстан өңірінің  өзіндік мәдени-тарихи  ерекшелігі мен көзге түсіп, өнерімен байытқан ұлы дала - Шығыс даласы ақын-жырауларының еңбектерімен ойып орнын алады. Атай кетсек, өз заманының осы саладағы алып тұлғалары Абай Құнанбаев бастаған Шәкәрім, Мұхтар қостаған Алтынбаев Қалихан, Арғынбек Алашбайұлы, Шәкір Әбенов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Ғабидуллин Серік, Ибраев Мерғали, Қасым Қайсенов, Ғазиз Сапаев, Қалихан Ысқақов Төлеужан Ысмаилов т.б. кейінгі буын ақын-жырауларымен ізін жалғастыруды шығыс даласын  мекендеген қазақ халқының даналық шығармашылық дәстүрінің, оның ішінде жыраулық - жыршылық өнерінің құпиясы соңғы ширек ғасырдан бері алыс-жақын шетел ғалымдарының бірден-бір зерттеу объектісіне айнала бастады [2,81б]. Бұған дәлел – Ленинградта, Алматыда, Парижде, т.б. қалаларда халықаралық деңгейлердегі фольклорлық фестивальдардың неше дүркін өткізілуі. Осы фестивальдарда, тіпті «музыка өнері саласында ешбір халық алдымызға шығып көрмеген» деп жүрген батыс білгірлерінің өздерін таңдай қақтырған қазақтың ежелгі әдеби - музыкалық даналық туындылары, әсіресе, өзіміз зерттеп жүрген Сыр, Арал өңірі жыраулық - жыршылық, термешілік дәстүрінің көптеген өркениетті елдер өнерінен кем түспейтіні, кей жанрларда, тіпті озық екені еріксіз мойындалып, соңғы 15–20 жылда әлемдік сахнадан өзінің тиісті орнын алып, өнер сүйер қауымды тәнті етіп келеді.

      Қазіргі заманғы жыраулық дәстүр – күрделі құбылыс. Олай болуының өзіндік алғышарттары мен себептері бар. Сондықтан да, бұл дәстүр Шығыс Қазақстанның өнерінің жеке саласы ретінде зерттеуге тұрарлық. Бұл жөнінде осы дәстүрді көп жылдан зерттеп жүрген белгілі музыкатанушы ғалым А.Б.Құнанбаева «қазіргі кезде, әдетте батырлық жырлар деп саналатын классикалық жырлар мен жыраулық дәстүрдің таралуы, өзгеруі және заман талаптарына бейімделуі, өміршең болу себептері сияқты өзекті мәселелерінің өте маңызды, сондай-ақ жеке дара зерттелуге лайықты нысан» екенін айтады..

      Бізге жеткен жыраулық - жыршылық дәстүрлі өнер батырлық жырлармен ғана шектелмей, әртүрлі өзгерістерге ұшырай келе және әр заманның қатаң талабына бейімделе отырып, өз ауқымына сол жырдың бір бөлшегіне және уақыт өте келе жеке-жеке шығармаларға айналған әңгіме, хикая, нақыл-өсиет термелер түріндегі шығармаларды да енгізіп отырған. Өз кезегінде, олар да заман мен халық талабына сай және авторлар мен орындаушылардың қарым — қабілетіне қарай қайта жаңғырып, жаңа мазмұн мен сапаға ие болып, өзіндік құрылымы мен баяндау әдістері бар мазмұыны бай және күрделі де көлемді шығармаларға айнала берді.

      Жыраулық өнер – жабырқаған көңілін көтеріп, қазасын астарлы сөз, күңіренген күймен есіттіріп, ас-тойын жырау — жыршысыз өткізбейтін қазақ деген өнер қонған халықтың көнермес ұлы дәстүрі. Халқымыз бодандық бұғауынан құтылып, ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізген тұста, әдеби-музыкалық өнердің жыраулық-жыршылық саласы болашақ ұрпақты ана тілімізде, қазақи ұлттық рухта, өнерпаз ата-бабаларымыз көздің қарашығындай сақтап бізге жеткізген дәстүрлі ұлттық мәдени мұралар негізінде тәрбиелеу бірінші орынға шықты.

 

 

 

350 0
Күміскүл Сәлібекова, Абай орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Жамбыл ауылы Ұлы дала Ұстазы № 000341
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: