Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI613

Тарих пәнін оқытуда белсенді әдістерді қолдану

     ХХІ ғасыр жаңа технологиялар мен жаңа білім беру ғасыры болғандықтан, ғылыми-техникалық прогрестің шапшаң дамып, қоғам дамуы салаларының мазмұны жаңарып, өзгеше сипат алып, күннен-күнге жаңаруда,дамуда. Осыған орай  педагогтардың да жауапкершіліктері артып, үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Педагогикалық технологияларды игеріп, талдап, өз сабақтарында тиімді қолдану әрбір мұғалімннің алдындағы мақсат-міндеті болуы керек. Сондықтан мен де өз сабақтарымда белсенді оқыту әдістерін мейілінше тиімді қолдануға  тырысамын.

     Жаңа технология – іс-әрекетте, оқыту барысында жүзеге асатын педагогикалық жүйе, дара тұлғаны жетілдіруге, белгілі бір мақсатқа жету жолында арнайы ықпалды ұйғаруға қажетті байланысқан әдіс-тәсілдер.Жаңа технологияларды  яғни оқытудың белсенді әдіс –тәсілдерін қолданудағы басты мақсат – оқытуды ізгілендіруі,  оқу құралдары оқушылардың өздігінен танымдық іс-әрекетін жүргізе алатындай болуы керек.   Мәселен: ойын технологиясы, проблемалы оқыту технологиясы, сын тұрғысынан ойлау , деңгейлік саралау технологиясы, оқытудың компьютерлік технологиясы, дамыта оқыту ,модульдік оқыту,тірек белгілер арқылы оқыту,жас ерекшелігіне қарай оқыту, т.б. Қазіргі уақыт талабы осы әдіс-тәсілдерді мұғалім өзі саралап, оқушы жас және дербес ерекшелігіне қарай, сабақ мақсат міндетіне қарай тиімді қолдануды талап етеді.

     Сонымен өз сабақтарымда қолданып жүрген бірнеше әдіс тәсілдер мен олардың тиімділігі жайлы өз тәжірибеммен әріптестермен бөліскенді жөн көрдім.

1.      «Тақырыптық түйінді сөздер » 

Бұл әдісті сабақты қорытындылау немесе өткен сабақты еске түсіру,бекіту кезеңінде жеке оқушыға   немесе барлық сыныпқа  қолдануға болады. Екі баған беріледі,біріншісіне өткен тақырыпқа  сай(негізгі) және сай емес сөздер жазылады, екінші баған бос, сол бос бағанға тақырыпқа сай ұғымдарды енгізу керек. Олардың мағынасын  ауызша сұрап кетуге болады, не себепті бұл тақырыпқа сай екенін дәлелдеуді сұрауға да болады. Бұл әдіс оқушының  тақырыпты жақсы есте сақтауына, өз ойын дәлелдей алуына, өз білімін, бір-бірінің білімін тексеруіне өте тиімді.

2.      «Ойлан, Бірік, Бөліс» 

Оқушылар ойына келген жауаптарды немесе идеяларды барынша көп жазады (Ойлан). Одан кейін олар өз идеяларын әріптестерімен біріктіреді (Бірік) және соңында мұғалім бүкіл сыныптың идеяларын талқылауды бастайды (Бөліс). 

Тарих сабағы көбінде зерттеу сұрақтарынан тұратындықтан, бұл әдіс өте тиімді.Балаларға ресурсты бере отырып, зерттеу сұрағына назар аударту керек. (қажетті ақпаратты)  Оқушы сол зерттеу сұрағын барынша  ашуы тиіс. Мұнда әр оқушы өз ойымен, пікірімен бөліседі, жұпта,топта талқылайды.Барлық сынып оқушыларына қатысуға мүмкіндік туады, белсенділік артады. Оқу, сұрақты зерттеу сабақтары үшін өте тиімді . Мысалы: Алғашқы адамдар қалай өмір сүрді? Қазақстан жерінде металды өндіру ежелгі адамдардың өмірін қалай өзгертті? Зерттеу сұрағын тақтаға жазып қойған дұрыс. Тиімділігі: оқушы өздігінен сұраққа жауап  іздейді, өзінің пікірімен,оймен бөліседі, бір-бірінің ойын, пікірін толықтырады, соңында ортақ қорытынды жасалады, барлық сынып оқушылары қатысады. 

3.Сұрақтары бар қорап .

Кабинетте қорап қойылып, оған оқушылар сабақтың соңында өз сұрақтарын қалдыра алады. Бұл сұрақтар келесі сабақтың басында талқыланады.  

Бұнда оқушыларға сұрақты барынша тақырыпқа сай, маңызды, сыни құрастыру тапсырылады.   Сабақты бекіту, қайталау кезінде қолданған өте тиімді. Оқушының сыни сұрақ құрастыру дағдыларын арттырады және жауап бергенде де ойлануға, өткен тақырыпты берік есте сақтауына ықпал етеді. Оқушы белсенділігін арттыруға, білімдерін тексеруге  мүмкіндік береді.

4.Кинометафра.

      Қазіргі ақпараттанудың өзіне тән ерекшелігі: білім беру өрісіне белсенді түрде кіру, арнайы оқытатын ортаны құруға бағытталған оқытудың жаңа технологияларын пайдалану және дамыту, ақпараттың өнімнің жаңа тәсілдері мен құралдарын оқу үрдісінің заңдылықтарына сәйкес қолдану.

       Оқушы үшін компьютердің маңызы қоршаған әлемді танудың табиғи құралы болып табылады.   Тарих пәнін оқыту құралы ретінде компьютерді қолдану – оқу үрдісін белсендіруге, оқытуды жекешелендіруге, оқушының өзін-өзі бақылауына мүмкіндік туғызады, оқушыға ой шақырады, тақырыпты терең түсінуіне мүмкіндік береді. Мысалы: Қазақстан тарихы сабағында «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» деген тақырыпты өткенде сабақтың басында компьютерден тақырыпқа сәйкес фильмнен үзінді көрсетуге болады.

      Сондай-ақ бұл әдіс оқушы қызығушылығын арттырады, өзіндігінен ізденуге ықпал етеді. 

5.ТҰЖЫРЫМДАМАЛЫҚ КАРТА 

Қалыптастырылатын дағдылар:  ақпаратты басқару;

•  өзін өзі басқару;

•  ойлау;

•  креативтілік.

• Жалпы сипаттама 

Ағаш тәріздес тармақтарды біріктіре отырып, ми ақпаратты қалай сақтаса, ол ақпараттар арасында байланыс орнатылып, сосын құрылымдалған жағдайда оқыту анағұрлым тиімді болады. Тұжырымдамалық карталар осыны көрсетеді, оны жоспарлау және бақылау құралы ретінде қолдануға болады. Олар визуалды және кинестетикалық сияқты танымдық тәсілдер арқылы оқушыларды оқу үдерісіндегі байланыс туралы ойлануға итермелейді. Бұл тәсіл оқушыларға мидың екі жартышарын да пайдалануға көмектеседі. Тұжырымдамалық картаны жоспарлау үшін пайдаланған кезде тақырыптың талқылануына қарай, оларды толықтыруға және кеңейтуге болады. Бұнымен қатар оқушыларды себебі мен салдары туралы ойлануға жетелейтін  

 Жұмыс алгоритмі 

1. Оқушылар үлкен парақтың ортасына басты тақырыпты немесе сұрақты жазады.

2. Оқушылар басты ұғымға қатысты түйінді идеяларды жазып, оларды орталықпен біріктіру үшін стрелкаларды қолданады. Оқушылар әр түйінді идея үшін әртүрлі түстерді және маңызды сөздер мен ұғымдарды сызып көрсету үшін мәтін белгілегішті (маркерді) пайдалана алады. Сонымен қатар оқушылар өз картасын көрнекі ету үшін суреттерді қолдана алады. 

3. Оқушылар негізгі идеялардан туындайтын идеяларды көрсету үшін оларды стрелкамен байланыстырады. 4. Тексеру құралы ретінде пайдаланған кезде, оқушылар тұжырымдамалық картаны мұқият тексеруге арналған трамплин түрінде қолданады. Олар, мысалы, кезекті түрлендіру кезінде әрбір туынды буын үшін өзгерістерді пошталық ашықхатта белгілеп отырады. Бұл ашықхатта тиісті туынды буындағыдай түстер мен суреттер қолданылуы мүмкін. 5. Тұжырымдамалық картамен жұмыс істеуді аяқтағаннан кейін жүргізілген жауап алу оқушыларды белгілі бір идеяларды неге олай топтастырғаны, сондай-ақ карта олардың ойларын қалай ашқандығы туралы ойлануға мәжбүрлейді.

 Бұл әдісті топпен,жұппен және жеке оқушымен де жұмыс барысында қолдануға болады. 

6.Қар кесегі.

      Оқушылар параққа берілген тақырыпқа сай сұрақтар жазып,домалақтап қар жасайды.Содан кейін оны белгіленген жерге лақтырады. Кейін әр оқушы өзіне бір-бір қар кесегін алып,ондағы сұрақтарға жауап береді. Оқушыларға сұрақтардың маңызды болуын,сыни болуын ескертіп отырған жөн. 

      Тиімділігі:

      Оқушының белсенділігін арттырады

      Сыни ойлауға үйретеді

      Сұрақ құрастыру дағдыларын арттырады

      Есте сақтау дағдыларын дамытады

      Өз білімін,бірін-бірі бағалауға үйретеді

7. БББ (Білемін – Білгім келеді – Білдім) 

Қалыптастырылатын дағдылар:  

-ақпаратты басқару;   

-өзін өзі басқару. 

Жалпы сипаттама Бұл әдіс оқушылардың өздерінің қазіргі білім деңгейін, оларда қандай олқылықтар бар екенін анықтауға; өз оқуының табысты болуын қамтамасыз ету мақсатында жоспарлауға және зерттеуден кейін қандай жаңа ақпарат зерделенгенін талдауға арналған стратегия ретінде пайдаланылады. Бұл әдіс игерілген білімге негізделеді және командалық жұмыс пен қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытады. 

Жұмыс алгоритмі 

1. БББ кестесіндегі «Білемін» бағанына оқушылар олардың белгілі бір тақырып немесе сұрақ бойынша нені білетінін жазады. Егер оқушылар топтарда жұмыс істейтін болса, олар өздерінің бірлескен жауаптарын кестеге жазбай тұрып, алдымен «Стикер» тапсырмасын өткізе алады.

 2. Содан кейін оқушылар «Білгім келеді» бағанына не білгілері келетіндігі туралы жаза отырып, өз білімдеріндегі олқылықтар туралы ойланады.

 3. Тақырыпты меңгеру үдерісі аяқталғаннан кейін оқушылар соңғы «Білдім» бағанын толтырады. Бұл жерде олар бірінші екі бағанның дұрыстығын растайды және тақырып бойынша алған білімдерін өздерінің бұған дейін болған, «Білемін» бағанында жазылған білімдерімен салыстырады. 

Мәселен, Шыңғысхан және Моңғол мемлекеті, Ұлы жібек жолы т.б. оқушыларға бұрыннан таныс,бұрынғы білімдері бар тақырыптарды қарастырғанда өте тиімді.Оқушының ізденуіне мүмкіндік береді.

Бұдан басқа да тарих сабағында қолдануға тиімді белсенді оқыту әдіс-тәсілдері өте көп. Синквейн,топтастыру,фишбаун, венн диаграммасы,тиімді-тиімсіз, SWOT талдау, аквриум,ыстық орындық, сен-маған,мен саған, әуе шары,бір минуттық эссе,бес сұрақ, ақылдың алты қалпағы,әткеншек т.б.с.с

        Белсенді оқыту әдістерінің тиімділіігін арттыру үшін мұғалім оларды саралай отырып оқушының жас және дербес ерекшеліктеріне,сабақ мақсаты мен міндетіне қарай шығармашылықпен сабақтың әр кезеңінде тиімді қолдана білуі тиіс. 

    Жас ұрпақтың білімі мен біліктілігін заман үрдісіне қарай бағыттау – оқу орны мен мұғалімнің абыройлы міндеті. Сондықтан да мұғалімнің жүйелі педагогикалық технологияларды сабақтарында пайдалануы тиімді сабақ үрдісін өткізуге, мұғалім мен оқушының тығыз байланысына, оқушының шығармашылықпен жұмыс жасауына, өз ойын еркін жеткізе алуына, сөйлеу мәдениетінің қалыптасуына және білім сапасының артуына ықпалын тигізеді.  

 

2 598 0
Айгул Жумагулова, Абай орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Жамбыл ауылы Ұлы дала Ұстазы № 000340
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: