Адамзат баласы жер бетіне жаралғаннан бастап ілім іздеп, оқу оқумен қатар жер жаһанның құпия сырларын ашумен келеді. Талмай еңбек етумен ізденістің арқасында өзіне де, өзгеге де дүниенің құпиясын ашып көрсетпек.
Осы тұрғыда еңбегі өлшеусіз, өз баласынан өзгенің баласын артық көріп, қамқор бола білетін жан ол–ұстаз. Өз бойындағы жақсы қасиеттерді, алған білімін шәкіртінің бойына дарытып аянбай еңбек ететін жандар. «Ұстаз ұлы-тұлға»-дегендей бәріміз де ұстаз алдынан өттік. Ұстаз еңбегінің арқасында әкімде, не бір өнертапқышта, әнші, биші бәріде ұстаздың салған сара жолымен жүрген жандар десем қателеспеймін. Таңнан қара кешке дейін мектеп партасымен бірге барлық өмірін бала тәрбиесіне арнап, сапалы білім берумен қатар өмірге дұрыс бағыт-бағдар бере білетін жан.
Осы тұрғыда өзім жайлы сөз етсем: ата-анамнан алған тәрбиемді ұстаз алдында шыңдай түстім. Алғаш мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, үлкен өмірге қадам басқанша ұстаздың бойыма сіңірген сарқылмас білімі мен білігінің арқасында шынайы өмірге шындалып өзімде сол ұстаздардың үмітін ақтау үшін ұстаздық жолды таңдадым.
Ұстаз болуды армандап, әрі «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қолдай отырып, ұстаздық жолын ауылдан бастаған жас мамандардың бірі едім.
Шын ұстаз - ұстаз болуды балалық шағынан армандайды. Қиындығымен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп киындықтардан өтеді. Қиын дейтінім: әр сабағына жете дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, өмірге икемделу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай шаруа емес. Ал олармен сырласу, мерекелік шаралар ұйымдастыру, табиғат аясына саяхатқа шығу, көңілді кезеңдерін бірге бөлісу, бұл бір сәтке өзіңді бала сезінетін ерекше бір қызықты шақтар. Алайда қиыннан қиыстырып, қиядан жол таба білу – мұғалімнің басты міндеті екенін естен шығармағаным жөн болар деп ойладым.
Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер-тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт.
Жаңа заманға сай жігерлі де намысты ұлдарымызды, инабатты да ибалы қыздарымызды білім нәрімен сусындатып қана қомай, қазақи болмысымызбен тәрбиелеуге атсалысамын.
Білген сайын келеді біле бергім,
Біле беру емес пе тілегі елдің?!
Белден ассаң, алдыңда бел көрінсе,
Қызыққаннан келмей ме, жүре бергің?!
Сондықтан да келеді біле бергім...
«Мектеп кеме, білім теңіз» дегендей сол «Білім» атты теңіздің тұңғиығында жатқан гауһарды алып шығып, оқушы бойындағы көзмоншағына айналдыру ұстаздардың міндеті. Ал бұл міндетті атқару ұстаздың шеберлігін талап етеді. Шеберлікті шыңдау үшін мұғалім өмір бойы ізденіс үстінде болуы керек. Бүгінгі таңда мұғалімдердің біліктілігін арттырып, ізденуіне барынша жағдай жасалуда. Міне, сондай біліктілікті арттыру курстарының бірі – педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстары болып отыр.
Кембридждің бергені жеті модульді білемін,
Солардың бәрін қолдансам жемісімді көремін.
Ізденуді тоқтатпай өмір бойы білім алып,
Саналы ұрпақ тәрбиелеу менің мына қолымда.
Осы заманғы білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер модулінде білім алу-есте сақтау, ақпарат жинақтау, мағынаны ұғыну және анықтау, шынайылықты өзгеше түсіну және түсіндіру ретінде жүзеге асса, білім беру адамның білім алудағы нақты мүмкіндіктерін пайдалану сипатын қалыптастыратын жиынтық болып табылады. Бұл мәжбүрлі түрде емес, керісінше балалардың қажеттілігі мен сұранысы нәтижесінде жүзеге асатын үдерістерге айналдырып келеді. Бұл қуантарлық жағдай.
«Ел ертеңі-білімді ұрпақ», - деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай ел болашағының көркейіп, өркендеуі үшін білімді де талантты, дарынды да алғыр ұрпақ тәрбиелеп шығару ұстаздар алдындағы бүгінгі күннің басты міндеті болып отыр. Жалпы түйгенім, оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді қолдану арқылы оқытудың басты мақсаты оқушыларды дайын, жаттанды біліммен сусындату емес, керісінше, сыни тұрғыдан ойлауға, өз ойларын жүйелі жеткізе білуге, өз біліміне өзі жауап беріп, өзі ізденуге үйрету.
Оқушыларымның жеткен жетістігі менің жетістігім болса, менің жеткен жетістігім менің ұстазымның жетістігі. Ұстаз еңбегі-әрқашан барлығынан жоғары тұрады. Шәкіртім алған білімін өз кәдесіне жаратып, өмірде өз жолын адаспай таба білсе менің мақсатымның орындалғаны деп білемін.