Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI60

Ақыл – ойы бұзылған балалардың даму ерекшеліктері және оны түзету жұмыстары

       Ойлау – заттар мен құбылыстардың адам миында жалпы және жанама түрінде бейнеленуі. Ойлау – тек адамға ғана тән психологиялық құбылыс және ең маңызды таным процестерінің бірі. Зерде бұзылысы бар балада барлық  ойлау операциялары бұзылған, ойлау процесстерінің белсенділігі төмен.

      Ойлау – белгілі бір жұмбақ мәселелерді шешуге бағытталады. Бұл мәселелерді шешу анализ, синтез, салыстыру, абстракция, жалпылау, өздігінен ой қорыту сияқты тілмен тығыз байланысты ойлау операциялары арқылы жүзеге асады.

      Ойлаудың дамуы дегеніміз оның мазмұны мен формасының өзгеруі, соған байланысты көрнекі – әрекеттік, көрнекі – бейнелік және сөздік – логикалық ойлау болып бөлінеді. Көрнекі – әрекеттік ойлауға затпен сырттай әрекет ету жатады. Мұнда бала өз мақсатына жету үшін көмекші құралдарды пайдаланады. Көрнекі – бейнелік ойлау - заттың өзіндік белгілерін меңгерген бала осы бейнелер арқылы ойлау әрекетіне көше алады.

      Сөздік – логикалық ойлау – ойлау әрекетінің ерекше бір түрі.  Сөздік – логикалық ойлауда белгілі ұғым – түсініктер түрлі ой – әрекеттері арқылы анықталып,  жүйеге түседі. Сөздік – логикалық ойлау өз функциясын тілдік құралдар негізінде атқарады. 

      Зерттеу нәтижелері көрсеткендей (Петрова В.Г, Пинский Б.И, Соловьев И.М, Стадненко Н.М, Шиф Ж.И) зият қабілеті бұзылған баланың ойлау процестері жеткілікті дамымаған және өзіндік ерекшеліктері бар. 

      Ақыл – ойы кем балалардың ойлауындағы негізгі кемшілік қорыту, жалпылау қабілеттерінің төмендігі, бұл оқу процесінде ережелер мен жалпы ұғымдарды меңгере алмауынан көрінеді. Олар ережені жатқа білгенмен, көп жағдайда мағынасына бойламайды, тәжірибеде пайдалана алмайды. Бұндай оқушылар заттарды салыстыру кезінде олардың ұқсастықтарынан гөрі айырмашылықтарына назар аударады. Ақыл – ойы кем балалардың ойлау қабілетінің тағы бір басты ерекшелігі ойлау түрі нақты екендігінде. Келесі бір кемшілік ойлаудағы реттеушілік рольдің әлсіздігі. Бала ойлау операцияларын қажетті жағдайда тиісінші қолдана алмайды.   Оларда мәселені шешу жолын  алдын – ала ойша қарастыру кезеңі болмайды.   Оқу процесінде оқушылар берілген нұсқауды бір рет қана оқып қанағаттанады,  ешқандай сұрақ қоймастан  іске кіріседі және қателескеннен кейін ғана сұрақ қоя бастайды. Бұл жаңа мәселені шешудің жолы ойша талданбайды  және сыни тұрғыдан ойлай алмауларымен байланысты. Ақыл – ойы кем балалар өздерінің іс – ірекеттеріне сыни көзбен қарамайды, өз қателіктерін көрмейді.

            Ақыл – ойы кем балалардың ойлау қабілетін дамыту түзету жұмысының басты бағыттарының бірі және танымдық қабілеттерін жетілдіруде, оларды әлеуметтендірудегі басты фактор болып есептеледі. Ойлау қабілетін дамытуда түрлі дидактикалық, қозғалмалы, сюжетті – рольдік ойындар, сюжетті сурет бойынша әңгіме желісін құру, құрастыру ойындары және жұмбақ шешу т.б. жұмыстардың маңызы зор. Ойын үстінде баланың сана сезімі, психикалық процестері қалыптасып, сөйлеу тілі дамиды. Түзету сабақтарында төмендегі көрсетілген ойындарды қолдануға болады. 

«Кілтті ал» ойыны

      Керекті құралдар: машина, кілт, отырғыш.

      Ойын барысы: Дефектолог оқушыға ойыншық машинаны көрсетеді, ал кілті биікте ілініп тұр. Бала кілтті алу үшін отырғышты пайдалану керек. Дефектолог кілтті алуын сұрайды және мақсатқа жету үшін секіру, қолын созу сияқты тәсілдерді қолдануға мүмкіндік бере отырып, бұл тәсілдермен кілтті ала алмайтынын түсінуіне көмектеседі. Енді дефектолог балаға ойланып, кілтті алуға көмектесетін құралды іздеуге мүмкіндік береді. Егер бала өзі таба алмаса, мұғалім көмектеседі.

«Поезд» ойыны

      Үстелде суреттер қойылады, дефектолог заттарды ортақ қасиеттеріне қарай қойып, поезд жасау керектігін айтады. «Мен помидорға қиярды жалғаймын, өйткені олар көкөністер», «мен допты күнге жалғаймын, өйткені олардың пішіні дөңгелек» т.б. 

«Ұқсас, ұқсас емес» ойыны

      Екі сурет беріледі. Екі топтың біреуі суреттердің айырмашылығын, екіншісі ұқсастығын табу керек.

«Қайсысы немен қоректенеді?» ойыны

      Жануарлардың суреттері және бөлек олардың азықтары бейнеленген суреттер беріледі. Осы жануарларды тамақтандыру керек.

«Бір сөзбен айт» ойыны

       Заттарды атау және топтастыру.

«Бола ма, болмай ма?» ойыны

       Самолет ұшты, мұғалім сабақ берді, дұрыс сөз айтылса, бала лақтырған допты алады, поезд ұшты, темір алма деген сияқты сөзге допты алмайды.

«Ойлан, тап» ойыны

      Мұғалім бір нәрсені сөзбен сипаттайды. Мысалы, дөңгелек, қызыл, тәтті. (Алма)  Егер бала қиналса, онда алдына керекті суреттер қойылып, бала керек суретті табады.

«Ретімен қой» ойыны

      Бала алдына сюжетті суреттер қойылады, бала ретімен қою керек.

«Қате суреттер» ойыны

       Мағынасы қате суреттер беріледі, бала соның қателігін айтып, түсіндіру керек.

«Қарама – қарсы сөзді ата» ойыны

      Балалар шеңберге тұрады. Жүргізуші доппен балалардың арасында тұрады.  Жүргізуші балаларға кезекпен допты лақтырып, бір сөзді айтады. Балалар сол сөзге қарама – қарсы сөзді айтулары тиіс.

           Қара – 

           Күн – 

           Аласа - 

         Психикалық дамуы қалыпты баланыкі сияқты ақыл – ойы кем баланың да ойлау қабілеті ортақ заңдылықтарға  бағынады.   Л.С Выгодскийдің концепциясы бойынша алғашқы кемшіліктер қандай да бір биологиялық жүйенің органикалық зақымдануы мен жетілмеуінен болады,  осының нәтижесінде баланың  қоршаған ортаны танып білуге деген енжарлығы, білуге ұмтылмауы – ол кемістіктің биологиялық, ядролық белгісі. Екіншілік кемістіктер бірінші кемістіктен туындамайтын,   бірақ солардың негізінде қалыптасатын жоғары психикалық функциялардың дұрыс жетілмеуі (ойлау, есте сақтау, т.б.) және әлеуметтік мінез – құлықтың  бұзылуы.   Л.С Выгодскийдің теориясы бойынша жоғары функциялар анағұрлым тәрбиеге көншіп болады. Сондықтан ерте жастан және жүйелі жүргізілген түзету жұмыстары ақыл –есі кем баланың  психикалық дамуына ықпал етеді.

1 287 0
Дилара Салыхова, БҚО әкімдігі білім басқармасы Казталов ауданының «Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің» меңгерушісі Ұлы дала ұстазы № 000019
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *: