Мақала Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына орай жазылған. Мақалада ағартушы, жазушы, ақын Ыбырайдың қазақ халқы үшін сарп еткен еңбегі жазылған. Оның қазақ даласында алғашқы қазақ мектебін ашқаны баяндалып, қазақтың тұңғыш әліппесін жазғаны туралы айтылады. Оның ақындық қыры туралы да сөз қозғалып, балаларға арналған әңгімелері талданады. Қазақ халқы үшін ұлт ұстазының есімінің маңыздылығы көрсетіледі.
Тірек сөздер: Ыбырай Алтынсарин, ұлт ұстазы, ағартушы, жазушы, ақын, мектеп, әліппе, білім, ғылым, ізгілік педагогикасы;
Қазақ халқынан таудай алып перзенттер дүниеге келді. Өз ұлтының бағына туылған асыл да арда азаматтар қаншама? Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Қазақта үш мұнара бар, олар: Абай, Шоқан, Ыбырай» деп айтыпты. Бүгін осы үш алыптың ішіндегі Ыбырай Алтынсарин хақында айтпақпын. Биыл ұлтымыздың ұлы мақтанышы, қазақ халқының тұңғыш ұстазы, балалар әдебиетінің негізін салушы, жазушы, ақын Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы. Ұлт мақтанышының жүріп өткен жолы көпке үлгі. Оның қазақ қоғамы мен әдебиеті үшін еткен ерен еңбегіне бір шолу жасап өтер болсам, Ыбырай атамызды біз ең әуелі қазақ даласында тұңғыш қазақ мектебін ашқан ағартушы ретінде танимыз. Ол мектеп ашуды көптен армандап жүрді. Және сол ұлы жолда көп еңбектенді. 1864 жылы ағартушы өзінің ұлы мақсатына үлкен қадам жасады. Қазақ даласында қазақ мектебі ашылды. Сол бір алмағайып заманда бұл бір баға жетпес қуаныш болғаны анық. Ол өзінің ашқан мектебінде ұстаз болып қымет атқарды. Ол туралы досы Ильминскийге жазған хатында: «Осы жылы қаңтардың 8 күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай, өте қызу кірістім», - дейді. [1] Ыбырай толық педагог болу үшін үлгі боларлық дара тұлға. Ол ұстаздық қызметтің қаншалықты маңызды екенін көрсете келе: «Халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да мұғалімге тең келе алмайды», - дейді. Міне, Ыбырай қазақ тарихында тұңғыш ағартушы-педагог атанып, саналы ғұмырын осы жолға арнаған өр тұлға. Мектеп ашу - қазақ педагогикасына қосқан айтулы үлесі. Ыбырай ашқан мектептердің жүйесі негізінде көптеген мектептер ашылды. Ағартушының ұсынған педагогикалық идеялары бүгінгі күнге дейін өз мүдесін жойған жоқ.
Ағартушы-педагог мектеп ашумен ғана шектеліп қана қоймай, тұңғыш қазақ мектептерінің ең алғашқы оқу құралдарын жазған тіл маманы. Ол кириллица таңбаларымен жазылған қазақ әліпбиін құрастырушы болып табылады. Ал, оның «Киргизская хрестоматия» еңбегі қазақ әдебиетінің ең құнды қазынасы болмақ.
Дәл осы «Қазақ хрестоматиясында» жарық көрген жазушының көркем әңгімелері туралы сөз қозғар болсақ, тәлім-тәрбиеге толы ғажайып шығармалары бірден ойға оралары анық. Ы.Алтынсаринді әңгіме жанрының беделді мүшесі екенін айта келе, оның жазба әдебиетінің ең алғашқы қарлығашы екенін де айта кеткен жөн. Ол әдебиет әлеміне тың жаңалықтар енгізіп, көркем әңгіме, новелла жазудың ерекше жолын салды. Айталық, «Асан мен Үсен», «Қыпшақ Сейітқұл», «Бақша ағаштары», «Әке мен бала», «Таза бұлақ», «Асыл шөп», «Дүние қалай етсең табылады» және т.б әңгімелері тұнған тәрбие, асқан өнеге десек артық емес. Ол осындай әңгімелері арқылы өзі «желкілдеп өскен жас шөптей» деп атаған жас ұрпаққа жер бетінде бар бар жақсылық атаулыны жар көріп, жамандықтан жиренуге насихаттайды, ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, жомарттық сынды баға жетпейтін қасиеттерді олардың бойына сіңіруге талпынады, еңбек етуге, адал кәсіп істеп, ішкен асының да адал болуы керектігін үйретеді. Қазақ халқы баланы жастан тәрбиелеу керек дегенді дұрыс деп таниды. Ыбырайдың да мүддесі сол болу керек. «Бұл халық өзінің табиғи жаратылыснда әр нәрсені білуге құмар және ұғымпаз зерек халық», - деп жазушының өзі айтқандай, тәрбиелігі мол шағын әңгімелерді оқыту негізінде балалардың бойында жоғарыда айтқан қасиеттер қалыптасары сөзсіз. «Бақша ағаштарындағы» әке де «Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым; мұнан сен де өзіңе әбірет алсаң болады; сен жас ағашсың саған да күтім керек; мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің», - деді емес пе? [2]
Ұлт ұстазының келесі бір айтып өтер қыры - оның ақындығы. Ыбырай қаламынан көркемдігі мен мағыналылығы бірдей сұлу өлеңдер шықты. Ол өлеңдерінде де өнерді, еңбекті, адал кәсіпті, адалдықты, адамгершілікті жырлады («Араз бол, кейдей болсаң ұрлықпенен», «Азған елдің хандары», «Әй, жігіттер», «Жастарға өсиет» және т.б.). Және де ақын қара халықтың қарапайым тұрмысын бейнелейтін өлеңдермен қоса еуропалық мәдениетті қолпаштаған өлеңдер жазып қалдырған болатын («Өнер-білім бар жұрттар»). Тағы айта кетерлігі, қазақ әдебиетіндегі табиғатты асқан шеберлікпен суреттеп, оның ішінде жыл мезгілдерін жеке тақырып етіп шығарған ең алғашқы екі ақынның бірі - Абай болса, тағы бірі де - Ыбырай болды («Өзен», «Жаз»). Ал, ақынның балаларды оқуға шақырған өлеңі бүкіл дүйіп жұртқа таныс:
« Бір Аллаға сиынып,
Кел, балалар, оқылық!» деген өлең жолдары білім-ғылым іздеген әр жанның ұраны іспеттес.
Міне, бұл - Ыбырай атамыздың тек бірнеше ғана бейнесі. Оның басқа да қырларын санар болсақ саусақ жетпейтіні анық. Ол саналы ғұмырын ізгілік педагогикасына арнады. Халқының қараңғы әлеміне жарық күн болып түсіп, білім дәнін сепкен диханшысы болды. Қазақ дейтін халықтың дара да дана, асыл перзенті Ыбырай Алтынсарин қараңғы қазақтың көгіне күн болып шығып, жарыққа жетеледі, ұйқыдағы елді оятып, көздерін ашуға талпынды. Ғасырлар бойы ел санасын жайлаған дерттің емін тап басып, таныды. Халқына жаны ашыды, армандады, мақсат қойды. Соңында ұлы мақсатқа қол жеткізді. Қазіргі таңда тәуелсіз елде ең жақсыны киіп, ең жақсы мектепте білім алып жатқан біздер Ыбырай атамызға да қарыздар екенімізді бір сәтке ұмытпауымыз керек.
Əдебиеттер тізімі
- Дербісәлин Ә. Ыбырай Алтынсарин. 1 том. -2015. - Алматы. Дәуір баспасы. - 104, 105 б.
- Ы.Алтынсарин. Таңдамалы шығармалар