Поиск статей:
ESI
Рейтинг:
ID: ESI596

Мұхтар Әуезовтің Көксерек повесі негізіндегі фильмнің эстетикалық-тәрбиелік тағылымы

Орта мектептің бастауыш, орталау, жоғары сыныптарында қазақ сөз өнерінің туындыларын оқимыз. Оқулықтардағы фольклор мұралары мен көркем әдебиет шығармаларын оқу нәтижесінде біздің дүниетанымымыз кеңейіп, ақыл-ойымыз тереңдей түседі. Оқулықтардағы оқу құралдарындағы фольклор мен әдебиет үлгілерін оқу-меңгеру барысында қазіргі заманғы ғылыми-техникалық, ғаламторлық-ақпараттық технология жүйесіндегі мәліметтер мен сабақтастықты да игереміз. Әсіресе, әлем халықтарының балаларына арналаған фольклор мен әдебиет шығармалары негізінде жасалған кинофильмдердің эстетикалық ықпалдылығы айрықша байқалып отыр. Сөз өнері мұралары сюжеттері негізінде жасалған мультфильмдер мен көркемфильмдер біздің орта мектептегі пәндер бойынша эстетикалық дүниетанымымыздың тереңдеуіне ықпал ететін маңыздылығымен ерекшеленеді. Сондықтан қазақ жазушылары шығармаларының негізіндегі балалар фильмдерін арнайы зерттеу нысанына алып қарастыру өзекті болып саналады. 

Әлем әдебиетінің классигі, суреткер жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Көксерек» атты повесі – ұлттық сөз өнерінің әлемдік деңгейдегі үздік туындысы. Мұхтар Әуезов пен басқа да зерттеушілер қазақ фольклорындағы ертегілердің  мифологиялық, тотемдік сипатына құрылған халық әңгімелерінің («Ақ қасқыр», «Күйеу қасқыр», «Сырттандар», т.б.) адамзат тұрмысымен байланысты жақтарын бағалаған. Ал, суреткер жазушының «Көксерек» атты повесі әлем әдебиетіндегі осы тақырыптағы классикалық көркем туындылардың (Э.Сетон-Томпсонның киелі көкжал, айлакер арлан туралы шығармалары, Л.Толстойдың «Холстомері», «Булькасы», А.Чеховтың «Аққасқасы», «Каштанкасы», Джек Лондонның «Ақ азуы», Г.Треопольскийдің «Қара құлақ ақ Бим» т.б.) дәстүрімен жазылған. Әлем әдебиеті жазушыларының қасқыр, ит туралы шығармалары балаларды да, ересектерді де табиғаттағы аңдар, үйдегі иттер тағдырлары арқылы өмір, тіршілік сырларын ұғындыру мақсатын көздейтінін аңғарамыз.

Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесі ықшам сегіз тараудан тұрады. Повестің тақырыбы – адам мен қасқыр және т.б. тіршілік иелері өмір сүретін жаратылыс ортасының әралуандылығын суреттеу, идеясы – табиғаттағы саналы ақыл-ой иелері адам мен басқа тіршілік иелерінің өзіндік-өзгешелік, даралық психологиясын таныту. Повестің басталуынан аяқталуына дейінгі оқиғалар желісінде қасқыр-кейіпкер Көксеректің күшік кезінен арлан, көкжал болғанына дейінгі кезеңдегі тағдыр жолы баяндалған. Повестің басталуындағы көк шолақ арлан қасқыр мен аналық ақ қасқырдың ініне келген адамдардың әрекеті арқылы адамдар мен қасқырлар арасындағы қақтығыс негізі де реалистікпен суреттелген: «Жып-жылы мықты тұсаулар мойнынан, жотадан ұстап бар күшікті сыртқа алып шықты. Жеті күшіктің бесеуін көздеріне қарап отырып өлтірді де, екі кішкенесін тірі қалдырды. Кетерде бұның біреуінің тірсегін қиып қалдырды да, екінші біреуін ең кенжесін алып жүріп кетті. Қалған жалғыз күшікті тістелеп алып, екі қасқыр жоқ болды. Ін қаңырап қалды...

Осыдан соң бір жұма бойы маңайдағы ел күндіз-түні у-шу болып жатты. Қой жараланды. Қозы алып қашылды. Бұзаулар өлтірілді. Далада құлындаған биелердің бірнеше құлындары желінді» [3, 6-7-бб.].

Адамдардың сол ауылға алып келген ең кенже күшігінің алғаш үйге келгеннен кейінгі тағдыры қазақ тұрмысындағы балалар психологиясын көзімізге елестетеді: «Көзін ауылға келгесін екі күннен соң ашты. Жұрт асырауға көнеді десті. Кішкене Құрмаш Көксерек деп ат қойып алды. Ертеңді-кеш айналасынан шықпайды. Өзіне жеке асқұйғыш-итаяқ әзір болды. Бауырын көтеріп, тырбанып жүруге айналған соң, мойнына жіп тағылды.

Үй ішінен шықпайды. Түн баласында Құрмаш қасына алып жатады. Сол үшін кәрі әжесінің қойнынан да шығып кетті. Бөлек жатады. Қасында не аяқ жағында көрпенің астында Көксерек жатады» [3,7-б.].

 «Көксерек» сөзінің «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» (8-том) бірнеше мағыналары аталған: «Асыл, болат найза», «Ұлттық спорт ойындарының бір түрі» мағыналық түсіндірулермен бірге «Көксерек – жас қасқырлардың ең мықтысы» [3, 243-б.].

Повесть сюжетінің дамуында кейіпкер-қасқыр Көксеректің бала Құрмаштың бауырында өскені, ауыл иттерімен алыса-таласа жүріп, өзінің қасқырлық-көкжалдық қасиетін танытқаны, ақырында, ауылдағы қойға қасқырлар шапқанда соларға ілесе кетіп қалып, бірнеше рет оралмай, кейіннен біржолата далалық қасқырға айналғаны баяндалады. Әуелде өзіне сыңар қаншық ақ қасқырмен, келе-келе  топ қасқырды бастап жортатын, ауылдардағы малға шабатын жыртқыш болады. Повесть сюжетінің шиеленісті сәтінде ауыл шетінде қой бағып жүрген Құрмашты осы Көксерек өлтіреді. Ал повесть сюжетінің шарықтау шегінде Көксерек өлтірген Құрмаштың әкесінің қайғылы жағдайы оқырманды да тебірендіреді: «Қасен Құрмаштың әкесімен ағайындас, жақын болатын. Жалғыз баласы – ерке Құрмаштың өлгені әкесіне ерекше батып еді. 

Бұның үй-ішімен ботадай боздап, бейіт басында да қатты күңіреніп жылағанын көргенде, тірі жанның бәрінің сай-сүйегі сырқыраған. Құрмаштың әкесі Қасенге: - Сол жалғызымызды өлтірген қасқырды қолыма әкеліп беріп, көзін ойғызбасам сен маған туысқан емессің, - деген. Өзге ел де Қасенге: «Бүгін Аққасқа не өлсін, не өлтірсін! Осыдан басқа жерге итіңнің керегі жоқ тіпті!» дескен. Осы сөздердің барлығы Қасенді де асықтырып, ширықтырып еді»[3, 26-б.].

Повесть сюжетінің шарықтау шегінде Қасен өзінің жоталы, қуатты Аққасқа атты итін және он екі кісілік топты ертіп Көксеректі ұстауға аттанады. Көксеректі ұстауға, онымен алысуға лайықты Аққасқа иттің де тұлғасын, мінезін суреткер Мұхтар Әуезов реалистікпен оқырманның көз алдына елестетеді: «Аққасқаның бойы қасқырдан кіші емес. Аяқтарының жуандық сомдығы да содан кем емес. Өзінің барлық тұлғасында қасқырға ұқсайтын бітім бар. Түсі тазылар түсіндей емес, қасқыр түс. Дене жүні ақ-сарылау келген де, маңдайы шаңқиған ақ маңғыл қасқа болатын. Екі көзі шатынап, шарасынан шығып тұрғандай үлкен. Үнемі от шашып тұратын қып-қызыл көз. Ашу да, ерлік те бір өзінде. Екі шекесі «торсықтай»  деп жүретін аңыз қыларлық. Бұның да жотасы күлдіреуіштей. Құйрықтан ауыз омыртқаға шейін дөң сияқтанып, күдірленіп, дүңкиіп тұрады. Оның үстіне шеке мен мойын тұп-тұтас болып келіп, шеңбер төске қосылған. Алдыңғы жағы арыстан бейнесіне ұқсайды. Аққасқа өте қабаған. Сіркесі су көтермейтін долы, ызалы» [9, 26-27-бб.]. Осындай тұлғалы Аққасқа иттіңповесть соңында Көксерекпен жекпе-жек шайқастағы сипатынан табиғаттағы тіршілік иелерінің өзіндік күш-қуатымен қарсыласын қалай да жеңу мұратында болатындығын реалистікпен елестетеміз: «Қоздаған қан толқынып кеп, тағы бір дем басқа шыққанда, Аққасқа қарсы алдында арандай ашылып тұрған ауызға сақ еткізіп тістерін салып жіберді. Бұл қасқырдың төменгі тістері мен тілін қоса шайнағанда, қасқырдың жоғарғы азулары Аққасқаның тұмсығының екі жағынан жоғары ұрттарына келіп, кірш-кірш кірді» [3, 31-б.]. повесть сюжетінің шешімінде тістесіп, жақтары қарысып-жабысып қалған Аққасқаның иесі Қасеннің дауысын естіп күшейіп Көксеректі құлатқаны, қамшының сабымен Көксеректің көмейіне тығып тістесуден ажыратқаны арқылы адамның қолдауымен, көмегімен ғана жүзеге асатын жеңіс мәні айқындалған.

Суреткер Мұхтар Әуезовтің осы повесі негізінде қырғыз режиссері Толомуш Өкеевтің, Андрей Кончаловскийдің, Эдуард Тропининнің режиссерлігімен түсірілген «Көксерек» кинофильмі - «Қазақфильм» киностудиясының үздік туындыларының бірі. Кинофильмдегі кейіпкерлерді сомдаған актерлердің (Қамбар Валиев, Сүйменқұл Чокморов, Әлиман Жангоразова, Қарғамбай Сатаев, Нұржұман Ықтымбаев, т.б.) экрандық туындының шеберлікпен жасалуына лайықты үлес қосты. Кинофильм құрылымының әуездік сарындармен өрнектелуінде композитор Дүнгенбай Ботбаевтың, әр алуан бейнелеу өнері көріністерімен безендірілуінде суретші Виктор Ледневтің шығармашылық үлестері де айқын байқалады. 1974 жылдың 8 сәуірінде Мәскеуде премьерасы қойылған бұл фильмнің жанры – тұспалды-тәмсілді (притча) сюжетті экрандау үлгісі. Фильмдік нұсқада суреткер Мұхтар Әуезовтің повестегі көркемдік тұспалды мағыналық желісі негізге алына отырып, сценарий авторлары мен режиссер экрандық туындының өзіндік көркемдік шешімін жүзеге асырған. 

Фильмнің басты кейіпкері Құрмаш сол повестегі мейірімді бала қалпымен бейнеленген. Ал Құрмаштың ағасы Аханқұл (актер Сүйменқұл Чокморов) Көксерекке бөлтірік кезінде де, үлкейген уақытында да, кинофильмнің соңында да жыртқыш қасқырға аяусыз көзқарастағы адамдардың көркем жинақталған типтік бейнесі тұрғысында дараланған. Повестің көркемдік астары арқылы табиғаттағы барлық жанды тіршілік иелерінің бәріне тән өзіндік құқықтық дербестігінің, Тәуелсіздігінің болу заңдылығы танылады. Ал повестің де, кинофильмнің де басталуындағы қасқыр апанындағы көп бөлтіріктердің өлтірілуі, олардың біреуінің-Көксеректің үйге әкелінуі  - табиғаттағы тіршілік иелеріне адам қолымен жасалып келе жатқан өктемдіктің, зорлық-зомбылықтың нақты көрсеткіші. Повестегі және кинофильмдегі тұспалды ойдың мағыналық түйіні осы. Көксеректің көп уақыт Құрмаштың  үйінде, оның қамқорлығымен өсіп-жетілсе де, өзін-өзі жатсынуы, ауыл иттерінің де, ересек адамдардың да қасқыр бөлтірігін бөтенсінуі арқылы әрқайсысының өзін-өзі еркін сезінуді қалайтын тіршілік мүшелері психологиясының әр алуандығы меңзеледі. Ал повесте де, фильмде де адамдарға олардың бағуындағы төрт түлік малға да үнемі шабуыл жасайтын, сол арқылы өздерінің күнкөрістік азықтануын қанағаттандыратын адамдар ұғымындағы жыртқыш аңдар тағдыры айқындалған. Ал аңдар психологиясымен қарағанда адамдар – олардың емін-еркін өмір сүруінің ең басты кедергілері. Сондықтан, повестегі және фильмдегі қасқыр-кейіпкер Көксерек адамдарға да, малға да тек жемтік жеуші қорқаулық жыртқыштық іс-әрекеттермен бейнеленген. Фильмде әдеби шығарманың логикалық-психологиялық ұстанымын негізге ала отырып, экрандық нұсқаға тән шешімдер жасалған. Фильмдегі повесте жоқ бақташы Аханқұл – Құрмаштың ағасы. Ол – табиғаттағы тек қана басқалардан күш-қуаты артық, зұлым, рақымсыздар ғана жеңіске жететіні туралы жыртқыштық психологияны ұстанушы адам. Фильмдегі осы Аханқұл інісі Құрмаштың бөлтірік Көксеректі мейіріммен аялауын құптамайды, тіпті бірде дала қасқырлары отарындағы көп қойды өлтіргеннен кейін үйдегі Көксеректі ашуланып өлтіре жаздайды. Фильмдегі осы сюжеттік шиеленістен кейін Құрмаш Көксеректі бостандыққа жібереді, ал өзі ағасының үйінен қашып кетеді. Фильмдегі аңшы Қасен патша өкіметінің қуғын-сүргінінен қашып жүрген каторжник болып суреттелген. Ол Құрмашты үйіне апарып күтеді. Бірақ, рухани күйзелістегі ағасы Аханқұлға Құрмаш қайтып келеді. Ал бұл кезде дала қасқырларын бастаған Көксерек өңірдегі малға шабуылын үдетіп, халықты әбігерге, шығынға ұшыратады. Аңшылар оның ізіне түседі, атқылайды, жаралайды, бірақ қолға түсіре алмайды. Бірде оның мал қораға кіріп тұрғанын көрген Құрмаш өзі тәрбиелеген Көксеректің мойнына қарғы бауын кигізгісі келгенде қасқыр балаға атылады, ауыр жаралайды. Қасқырдың осы шабуылынан кейін қашып бара жатқанында ағасы Аханқұл Көксеректі атып өлтіреді. Ауыр жаралы Құрмашты емдеген емші әрекетінің нәтижелі болу-болмауы белгісіз болады. Әдеби шығарма негізіндегі осы «Көксерек» фильмінің көркемдік түйіні – адамдардың мейірімділік пен қатыгездік қасиеттерді иеленеген әр алуан сападағы ортасында табиғаттағы басқа жанды тіршілік иелері тағдырларының да сабақтас болатынын түсіндіру. Балаларға да, ересектерге де осы повесть пен фильм арқылы тіршілік әлемінің қайшылықтарға, қақтығыстарға құрылған болмысы танытылады. Әдеби шығарманың және экрандық өнер туындысының эстетикалық ұстанымы арқылы жаратылыс әлеміндегі адамзат ұрпақтарының тәрбиешілік, күрескерлік ықпалды қызметінің маңыздылығы айқындалған.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

  1. Мәдениеттану терминдерінің түсіндірме сөздігі.- Алматы: «КИЕ» лингвоелтану- инновациялық орталығы, 2009. – 200б.
  2. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия /Бас ред. Б.Аяған. -  Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясы , 2004. – 6- том: Қ-Н.- 696 б.
  3. Әуезов М.О. шығармаларының елу томдық толық жинағы.- 6-том.- Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2001.-368б.
1 690 6
ӘБУБӘКІР ГҮЛНҰР «Байтерек School» жеке мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Қызылорда қаласы Ұлы дала ұстазы № 000653
Оставить комментарий

Подтвердите что вы не робот - [] *:

Раиса
25 октября 2021 15:45
Еңбегіңіз жансын
МАДИНА
25 октября 2021 15:57
Шығарма жақсы талданған, сәттілік
Агжан
25 октября 2021 16:02
Жарайсың!Өте керемет!Жемісін жей бер!
Зауре
25 октября 2021 16:22
Керемет магыналы жазылган! Саттилик тилеймиз
Жулдызай
25 октября 2021 16:27
Өзекті мәселені қозғапсыз, осындай шығармалар бүгінде керек
Айгуля
Айгуля
26 октября 2021 00:37
Сәттілік, қаламыңыз ұштала берсін