Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға –ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата-ана, қала берді қоғам.
Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Қоғамның алғашқы ұйытқысы отбасында бала үлкендермен араласады.
Баланың қоғамдық әлеуметтік дамуы отбасында өз орнын алуынан басталады. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай, жақсыға да, жаманға да бірдей бейімделгіш. Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» немесе «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөздер тегін айтылмаған.
Ата-ана өзінің мінезі, дағдысы, сөзі, іс-әрекеті арқылы баласына үлгі көрсетеді.
«Сіздер баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз деп ойламаңыздар. Сіздер оны өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлеріңізде жоқ уақыттың өзінде тәрбиелейсіздер, сіздер қалай киінесіздер, басқалармен қалай сөйлесесіздер немесе басқа адамдар туралы қалай қуанасыздар және ренжисіздер, достарыңызбен қандай қарым-қатынаста боласыздар, қалай күлесіздер, газет-журнал оқисыздар – осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар» депті педагог С.Макаренко.
Бүгінгі қоғам алдындағы басты мақсат өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу. Ол үшін бала тәрбиесімен айналысатын отбасы, мектеп, қоғам және жұртшылықтың тәрбие ісі кіріктіріліп, жүзеге асуы тиіс. Өйткені, отбасына мектеп тарапынан білікті көмек қажет. Педагогтар мен ата-аналардың өзара әрекетінің арқасында ғана оқушы тұлғасын дамыту мәселелерін табысты шешуге болады.
Иә, бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі. Қазақтың «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, тәй-тәй басып, есі кіріп, тілі шыға бастағаннан-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған дұрыс.
Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Осы қағиданы нақты ұғынған Елбасы да «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» деп әрдайым айтып келеді.
Дана халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік секілді құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады.
Мектеп, мұғалім және ата-ананың орны бөлек, себебі баланың бір жақты тәрбие алуы мүмкін емес. Үйде ата-ана баулыса, мектепте мұғалімдер тәрбие береді. Тәлім-тәрбиедегі жарасымдылық бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы өзін қоршаған ортасына: мұғалімге, ата-анаға, бірге оқыған құрбы-достарына, олардың күнделікті іс-әрекеттеріне байланысты.
Ата-ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар "Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ" дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздарымен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше,үй ішінің үлкендері әдептілік танытқаны жөн. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, "Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің" демекші, ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау- ата-ананың басты парызы. Отбасында негізгі туыстық қатынас-ерлер жағымен есептелген.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазіргі мұғалімнің қоғамдағы орнын бағалай отырып : « Сіздер мен біздер, тек болашақ буындағы ғана емес, жалпы азаматтық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін, жаны да, тәні де таза, білімді патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз » деген еді. Ұстаздық қызметті ерекше ұлықтаған халқымыз өзінің ең қымбаттысын – балаларын оқытып, тәрбиелеуді бізге – ұстаздарға тапсырған. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Абай атамыздың
« Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегін кетпес далаға .
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға » — деген қасиетті қағидасы әрқашан ұстаздың жүрегінде ұстайтын ұстанымы болса, бойындағы бар білімді, асыл қасиеттерін шәкірттеріне арнап, олардың жүрегіне жол тауып, қазақ халқының әдет-ғұрпын, тарихын танып білуге құрметтеп, Отанды, елін, жерін сүюге тәрбиелесе, сонда ғана ұстаз мақсатына жетіп, еңбегі ақталғаны деуге болады.